Кеше, яғни 2 қаңтар күні Маңғыстау облысының кейбір тас жолдарында көліктердің жолда жүруіне қауіп туындады. Ауа райының күрт салқындап, жел мен жаңбырдың соғуынан жолға мұз қатып, көлік жүргізушілері абдырап қалды. Әлеуметтік желілерді шулатқан BMW автөкөлігі апаты, сондай-ақ "Ақтау-Қаламқас" тас жолындағы автобустың жолдан шығып кетуі болды. Мұның себептері туралы кеңірек Маңғыстау облыстық көлік басқармасының басшысы міндетін атқарушы Дәурен Табжанов брифингте айтты.
"Маңғыстау көліктері тақыр шинамен жүре береді"
Сонымен "Ақтау-Қаламқас" тас жолында ауа-райына байланысты мұз қатып, көліктердің жылдамдығы бәсеңдеген.
- 2 қаңтар күні қауіпті тас жолдарында қатты жел, жауын-шашын болып, ауа-райы күрт салқындап кеткендіктен, аяз күшейіп, 1-1,5 см мұз қатты. Бұл күн «Қаражанбасмұнай» сияқты мекемелердің вахталық ауысымына тап келген болатын. Бізге "Қаламқас" кен орнына жұмысшыларды тасымалдайтын 16 автобус жолға шықты деген хабар келді. Біз автобустармен жергілік полиция қызметімен бірге арнайы ілесіп жүрдік. "Қаламқасқа" аман-есен жеткен соң, Ақтауға қайта жол жүретін автобустарды 2 колоннамен жүргізіп отырдық. Біз қызметкерлердің аман-есен отбасына жетуі үшін барлық тиісті органдарды бұл іске тарттық. Нәтижесінде, еш автобусқа зақым келмей, уақытынан кешеуілдеп болса да, қауіпсіз жетті, - дейді Дәурен Табжанов.
Оның айтуынша, жоғарыда айтылған апаттық оқиғалар жүргізушілердің кінәсінен болып отыр.
https://www.youtube.com/watch?v=jJEVyD0qPkQ- BMW автокөлігі сәл жылдамдық арттырса, кез келген жерде тайып кетеді. Ол белгіленген жылдамдықтан асырып, жыраға түсіп кеткен. Көліктің шиналары теп-тегіс, шиналардың тікені жоқ. Нақты айтсақ, көлік қысқы қауіпті ауа-райына дайын емес. Бұдан бөлек, жеке камаз аударылды, шиналары жалаң. Тегіс трассада жүксіз келе жатып, айналып кеткен. Зардап шеккен адам жоқ, жүргізушілер дін аман, - дейді Дәурен Табжанов.
Маңғыстау облыстық көлік басқармасы 2 қаңтар күні көліктердің шиналарын тексеруге ұсыныс тастап, жергілікті полиция қызметкерлері тұрақты түрде бақылауға көшкен. Өкініштісі, Маңғыстаудағы көліктер қыстағы көк тайғаққа дайын емес деп қынжылады Дәурен Табжанов.
- Тікені жоқ тап-тақыр шиналар әлбетте жол апатына әкеледі. Оның үстіне жүргізушілер қорықпайды, жылдамдық бәсеңдетудің орнына қалыпты жағдайдағыдай күшейте береді, - дейді ол.
"Тас жолдағы мұз еріді деп қуанбауымыз керек"
"Қаражанбастағы" автобустар мен жолаушыларды тасымалдайтын көліктерінің бірде-бірі мұз тайғаққа дайын емес.
Сонымен қатар, «Ақтау – Қаламқас» сияқты 207 шақырымдық теп-тегіс жолға құм төсеу – рәсуа дейді мамандар. Қар болса ғана, тегіс жолды тазалап, құм төсеуге жұмыстанамыз. Құм мен тұз төсеу тегіс емес жолдарға, асуларға, бұрылыстарға, қауіпті жоларға арналған деген пікір айтты «Ақжол» құрылыс мекемесінің директоры Батанияз Елешов.
- Бүгін таңертеңнен бастап «Ақтау – Қаламқасқа» вахта жұмысшыларын тасымалдайтын көліктер аман-есен жетті. Қазір 4 экипаж, 2 жүк тиеуші машина қауіпті апаттардан сақтану үшін тәулік бойы жұмыс істеп жатыр. Сағат түскі 12-лер шамасында 104-114 шақырым шамасында мұз бар, қалған жол еріді деген хабар келді. Бірақ еріді деп біз қуанбауымыз керек. Кешке бұл жолдың мұзы қайта қатады. Төтенше жағдай қызметкерлері сол себепті босаңсымай, тиісті жұмыстарды атқарып жатыр, - дейді Елешов Батанияз.
Дәурен Табжанов облыс әкімшілігінен трасса үшін қыруар қаражат бөлгенше, жолаушыларды тасымалдайтын автокөліктерге дұрыс шина сатып алып берген тиімдірек деп есептейді.
Айгүл ДӘДЕН Сурет, бейнежазбаны түсірген Талант ҚҰСАЙЫН