©
"2017 жылы Қазақстанда адам басына шаққанда номиналды ақшалай кіріс 978,3 мың теңгеге жетіп, 2016 жылмен салыстырғанда 6,5%-ға артқан. Алайда тұтынушы бағасын ескерсек – сатып алу қабілеті 0,9%-ға төмендеген",- деп хабарлады Finprom ҚР ҰЭМ Статистика комитетінің дерегіне сүйеніп.
Ең жоғарғы табыс - Атырау облысында: бір тұрғынға есептегенде 1,7 млн теңге. Ал халықтың сатып алу қабілеті 6,4%-ға төмендеген.
Табыс көлемі жөнінен Астана (2017 жылы 1,6 млн теңге) және Алматы (1,5 млн теңге) қалалары үздіктердің қатарында.
«Ал Маңғыстау облысы табыс көлемі жөнінен төртінші орынға тұрақтаған. Мұнда былтыр адам басына шаққанда1,3 млн теңге кіріс кіргенімен, бірақ ол 2016 жылмен салыстырғанда 4,2% аз. Ал халықтың сатып алу қабілеті бірден 10,2%-ға азайған», - деп көрсетті Finprom сайты.
Қазақстандықтардың номаналды кірісі жыл сайын артып отырғанымен, сатып алу қабілеті екі жыл қатарынан төмендеп отыр.
2016 жылы инфляция кіріс өсімінің 13,7%-ын жеп қойып, сатып алу қабілеті 0,7%-ге төмендесе, 2017 жылы қазақстандықтардың 2,4%-ы, яғни 436 мың адам ең төменгі күнкөрістен төмен жалақы алған. Яғни қалада тұратындардың 1,1%-ы, ауылдықтарды 4,1%-ы осындай аз жалақы алған.
2018 жылдың ақпан айында Қазақстан бойынша орташа номиналды жалақы көлемі 151482 теңге болды.