Ревизорлардың сынына жиі ілігетін кемшіліктерге, жалпы түбек темір жолындағы кемшін тұстарға талдау жасаған Маңғыстау өңірі бойынша ревизорлық аппараты шешімі кезек күттірмейтін мәселелердің тізімін жасап, қажет жұмыстардың қарекетіне кіріскен.
Қозғалыс қауіпсіздігі департаментінің Маңғыстау учаскесі бойынша аймақтық бас ревизоры Болат Дүйсәлиевтің айтуынша, жоспар теміржол шаруашылығының әр бағытын жеке-жеке қамтиды.
- Тексерістердің нәтижесінде өз алдымызға "Не істеу керек? Қай бағыттарға басымдық беру қажет? Қателіктерден қалай арылуға болады?" деген міндеттерді қойып отырмыз. Мәселен жол шаруашылығы бойынша ең "ауру" тұс - өткел. Сол үшін өткелдердің нормативтік-құқықтық құжаттарын ретке келтіру, өткел кезекшілерінің кездейсоқ жағдайларға дайындығы жөніндегі білімін жетілдіру, бақылау құрылғысын орнату қажеттігі туындауда. Бұл жөнінде жекеменшік өткелдердің иелерімен де кездесіп, қозғалысы көп, қауіп төну мүмкіндігі жоғары жекеменшік өтпелерге күзет, шлагбаум қойдыру жөнінде сөйлестік. Өйткені ол өткелдерден біздің құрама вагондар да жүреді. Вагон құрастырушылар өткелдің тұсында түсіп, өтпенің автоматикалық құрылғысын қолмен қосып, пойызды жолдан өткізеді. Сондай сәттердің бірінде жол ережесіне бағынбаған автомобиль жүргізушісі вагон құрастырушының өмірін жазым қыла жаздады. Сондықтан жекеменшік өткел мәселесінде шешу керек. Мекеме өкілдерімен жиналыста осы мәселені көтердік. Сондай-ақ айта кететін тағы бір нәрсе, енді бұдан былай малға қарсы қоршау жоқ жерлерді ревизорлық актіге енгізіп, қаржы бөлгізуге немесе сол жердегі шаруашылық иелерінің күшімен салғызуға жұмыстанбақпыз. Вагон шаруашылығы бойынша КТСМ құрылғысын жетіспеушілігін реттеуді де алға қойып отырмыз. Құрылғылардың арақашықтығы техникалық талап бойынша 35 шақырымнан аспауы тиіс. Сонда ғана өткен пойыздың аяғын бақылап, келесі нүктеге жеткенге дейін кепілдік беруге болады. Ал ол қазір Жетібай, СайӨтес станцияларының тұсында жоқ. КТСМ жоқ аралық 110 шақырымды құрайды. №6 бекетте болса, №7 бекетте жоқ. №9 бекетте жоқ, №10-да бар. Аталған түйткіл айтылудай-ақ айтылып келеді, мұны үнемі вагон қараушылар қозғайтын. Бұған енді біз де араласпақпыз, - дейді бас ревизор. Сонымен қатар ол байланыс және белгі беру дистанциясындағы өзекті мәселе - кіші бекеттерде қосалқы тоқ беретін дизель генераторының ескіргенін атап, "Егер оқыс жағдай туындап, негізгі тоқ айырылып, негізгі жүйе істен шықса аккумулятор ұстай алмай, тез отырады. Дизель генераторы өзінің қолданылу мерзімін 2-3 реттен өтеген" дегенді алға тартады. Локоматив шаруашылығында тепловоз жөндеу жұмысында ескірген, сынған, бүлінген бөлшектердің орнына қолданылатын қосалқы бөлшектердің сапасының да сын көтермейтінін айтады. Өңделіп, жөндеуден шыққан отарбаларға қойылған жаңа бөлшектер көпке жетпей тағы да істен шығып жататын көрінеді.
- Техникалық талап бойынша тепловоз белгіленген шақырым жүргеннен кейін жөндеуге жіберілуі керек. Бірақ кейде жөндеуге кетуі керек тепловозды жөндеуге жібермей, пайдалану фактілері болды. Себеп - тепловоз жетіспейді. Ондай отарба жүріп тұрғанмен қауіп жоқ дегенді білдірмейді, кез келген уақытта істен шығуы мүмкін. 2017 жылы уақытылы жөндеуге жіберілмеген тепловоздарды пайдаланған жағдайлар көп кездесті. Дегенмен жаңа жылдың басынан бәрі орнына келіп қалды. Оған қоса өткен жылы анықталған әттеген-ай дегізетін тағы бір нәрсе көп жерде станса кезекшілерінің тосын жағдайларға дайындығының нашарлығы. Олар штаттық кестеге сай жұмысын ойдағыдай атқарса да, тоқ болмай, аккумулятор отырып, стрелка бұрылмай немесе бағдаршам ашылмай, бір жол жабылып қалатындай кездейсоқтық туындаса абдырап, қателіктерге бой алдырады. Пойызды жібере алмай, уақытынан кідіртіп, ұстап тұратын сәттері де кездесті. Соны болдырмау мақсатында Бейнеу, Маңғыстау және Болашақ станцияларына шалғай бекеттердегі станса кезекшілерін шақыртып, техникалық сабақ өткіздік. Тренинг басқа телімдерде де жалғаспақ, - деген Болат Аманжолұлы былтырғы тексеру жұмыстары барысында ревизорлардың сын көзіне іліккен жайттар туралы да жеткізді. Айтуынша, 2017 жылы 494 ревизорлық тексеріс болып, 3278 ескерту берілген. Соның 41-і түнгі мезгілде. Ревизорлық ескерту кітабына 173 ескертпе жазылған (2016 жылы - 161). Жол қауіпсіздігіне қауіп төндіретіндіктен 59 локомотив, 37 жүк вагонының жүруіне тыйым салынған. Дегенмен бұл одан алдыңғы жылғыдан 4 санға төмен. Станциялық жолдардың 2-уі (2016 жылы - 5), бұрмалардың 12-сі (2016 жылы - 16) жабылған. Жылдамдықты азайтып жүру жөнінде жолдар мен бұрмаларға қатысты 41 шектеу қойылған.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Арамызда он сегізінде от кешкендер жүр- Алдыңғы жылғыға қарағанда жол қауіпсіздігінің бұзылуы 24-ке азайды, яғни 4 жағдай. Әйткенмен оның 2-де адам қайтыс болған. Біріншісі пойыз аз ғана аялдайтын стансада екі пойызды біріктіріп жатқанда уақыт аз болғандықтан бір вагонға вахталық жұмыстан шыққан жұмысшылардың барлығы асығып мінген кезі болды. Құлаққаппен музыка тыңдап, артына рюкзак асынған жігіттің сөмкесінің бір бұрышы артындағы жолға келген вагонға іліп кетеді. Екіншісінде Бейнеу станциясында вагонның астына адам өзі келіп түседі. Қалған екеуінде бөгде біреулер жолға шетте тұрған пикетті, бұтақтарды тастап кетеді. Ал 2016 жылғы жағдайдың 22-сі мал басумен байланысты еді. Сондықтан жағдайды саралап, берген ескертпелерімізді ескере келе биыл біраз жұмыстарды өзімізге мақсат қылып отырмыз. Тексерістерде нормативтік құжаттар жұмыс орнында болмау жағдайларын да көреміз. 3278-дің 125-і сондай болса, 301-і істелген жұмысты құжатқа түсіру кезі кеткен қателіктер. Тағы көп кездесетін кемшілік кейбір жұмысшылар біліктілігінің төмендігінен технологиялық тәртіптен ауытқып жатады. Мұндай 1166 факт болды. Дегенмен қазір ескертпелердің дерлік барлығы ретке келтірілді. 12-сі белгілі себептермен орындалған жоқ. Солай болса да "ауырып ем іздегенше..." демекші, қазір сол қателіктердің шығу салдарымен күресудеміз, - дейді Б.Дүйсәлиев.
Шахида ЖҰМАН