©
Қазақта «баланың өскен бесігі – кең дүниенің есігі» деген әдемі сөз бар. Адамның бір бақыты бала болса, әр елде баланың бақыты үшін барлық жағдай жасалуы керек. Барлық өркениетті мемлекетте экономика, саясат, заң мәселелерінен бұрын, баланың өмірі мен денсаулығы басты назарда. Бала шаңырақ астында, ерлі-зайыптылардың ортасында өмірге келіп, отбасының жылуына малынып өсуі керек. Өкінішке орай, қоғамда көкек аналар мен безбүйрек әкелер, шаңырағын шайқаған отбасы мен бала зорлығына баратын қаныпезерлер көбейіп кетті.
Мәселені шешу үшін елімізде қызмет жасайтын халықаралық, отандық бала құқықтарын қорғайтын бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдар, арнайы соттар мен департаменттер де, бала өмірін жақсартуға арналған жобалар да аз емес. Кейбір статистикалық мәліметтерге сенсек, елімізде жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны 29 мыңнан асады екен. Халқының басым бөлігі жастар мен балаларды құрайтын, халықтың 43,9 пайызы 19 жасқа дейінгі балалардан тұратын қазақ халқы үшін бұл аз көрсеткіш емес.
Ақпарат беттері мен әлеуметтік желілерден балаға зорлық пен қорлық көрсету, балалардың науқасқа шалдығуы, соғыс болып жатқан елдердегі балалардың тағдыры туралы аянышты, жүрек жылатар бейнелерді жиі кездестіреміз. Сондай жағдайда өз елімізде, яғни бейбітшілік пен тұрақтылық салтанат құрған заманда, тоқшылықта өмір сүріп жатқан балалардың өмірі үшін шүкіршілік етеміз. Десе де, біреу тойып секіреді, біреу тоңып секіреді дегендей, айналамызда барға мастанып, қадірін білмей талай баланың тағдырын бұра тартып отырған жандар аз емес екен. Десе де, балаға қатысты мәселені үлкендер, яғни көбіне ата-аналардың өздері туындататыны да шындық. Сот істерін парақтайтын болсаңыз, жан түршігерлік жайттардың талай мысалын кездестіруге болады.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотына Сәрсен есімді азамат балалардың тұрғылықты жерін және қарым-қатынас тәртібін анықтау туралы талап арызбен жүгінді. Алдын ала дайындық жүргізу барысына Сәрсеннің соңғы жылдары әйелімен жиі кикілжіңге келіп, отбасының шырқы бұзылып, бұрынғы әйелі Жамалмен 5-6 ай бұрын некесі бұзылғаны анықталды. Демек, отбасында дау басталғалы бері арадағы алды 14, арты 2 жасар алты бала ата-анасының мейірімінсіз, қарауынсыз қалған екен.
Сот арқылы 2017 жылы наурыз айында ажырасқан ерлі-зайыптылардың арасындағы байланыс одан әлдеқайда бұрын үзілген еді. Себебі 45 жастан асқан соң қылық шығарған күйеуі жиі ішіп, отбасының берекесін қашырған. Онсыз да нарық заманы жанын қысқан әйелі күнде таяқ жеуге төзбей, ажырасуға бел буады. Күйеуінен ажырасқан соң, өз ата-анасының қолына алты баламен барған келіншек он рет ойланып, жүз рет толғанып, есейіп қалған қыздарына жағдайын түсіндіреді. Ауылдан шалғай болса да, басқа аудандағы мектеп-интернатқа төрт қызын тапсырған келіншекке балаларды бөлу оңайға соққан жоқ. Балалармен бірге жүрегі қарс айрылған ол тағдырдың тауқыметін еңсеру үшін кішкентай қос құлыншағын күндіз ата-анасының қарауына қалдырып, бар көңілін жұмысқа аударады. Алайда, есейіп келе жатқан қыздарының интернатта жатқанын көрген әке бойын тез жиып, бала алдындағы жауапкершілігін өз мойнынан алғысы келеді.
Сот күйеуі мен әйелінің бір-біріне деген ашуының басылғанын, көңіл жарастыруға әлі де болатынын байқап, істі медиация рәсімімен қарауды ұсынады. Медиацияның ережелерімен танысқан олар алғашында үзілді-кесілді бас тартады. Анасы өз балаларын әкесінің қарауына бермейтінін, ол басқа адамға үйленіп кетсе, қыздары «күң» болып кетуден қорқатынын айтты. Ал, әкесі көзі тірісінде қыздарын интернатта оқытпайтынын, жанында болса олардың тәрбиесі мен тағдырына алаңдамайтынын, балалары үшін енді ішкілік ішпейтінін жеткізді. Тараптардың әрбірінің уәжі орынды, бірақ екеуі де балалардың мүддесін, олардың бірге болуын ойлайды. Сондықтан іс медиация арқылы шешуге әбден болатын еді. Бірнеше күннен соң бұрынғы ерлі зайыптылар медиатордың алдына барды.
Үлкендердің арасындағы келіспеушілік, ащы судың залалының арқасында бір емес, алты бірдей баланың тағдыры тәлкекке түсті. Психологиялық соққы алған 14, 10, 8, 6 жастағы төрт қыз көздері жәудіреп, күндіз-түні оқуды емес, әкесі мен шешесін ойлайтын болды. Нағашыларының қолында қалған, айына екі-үш рет қана көретін қылығы тәп-тәтті екі інілерін ойлайды. Төртеуі теңіз жағалауына барып, құмнан сарай салып, бір-біріне су шашып, асыр салып ойнайтын тәтті күндерін аңсайды. Балаларды сол бақытынан айырған бір бөтелке қу арақ. Ішкен адамның құлқыны тоймайтын сол арақтың кесірі 6 баланың бақытына кісен салды. Әйелді жылатып, еркекті қаңғытып жіберді. Білікті медиатор Сәрсен мен оның бұрынғы әйеліне осы жайдың барлығын жетесіне жеткізе айтты. Бір-біріне деген суыған сезім бала тұрғанда, үйге бақыт қонғанда қайта лауламасына кім кепіл?! Бір мүмкіндікті пайдаланып, жаңа өмір бастап, балаларды бір шаңырақ астына жинауға кеңес берді. Екеуі де көздеріне жас алып, күрсіне отырып, келісті, қол алысты, кешірді. Ана өз ошағының отын қайта жағуға, әке ащы судан бір жола бас тартуға сөз берді. Бұл медиатордың жеңісі еді. Бұзылған шаңырақты қайта көтере алды, екі жаққа қарай кеткен екі тағдырды бір бағытқа бұрды, өз үйлерінен шеттетіліп кеткен балалардың басын қосты. Осы сәт медиация кабинетінде көзіне жас алмаған жан қалмады.
Арада екі ай өткенде әлгі жұптың заңды некеге тұрып, шариғат жолымен қайта некелерін қидырғанын естідім. Көз алдыма медиация кабинетіндегі сол күнгі оқиға қайта келді. Әр шаңырақта тек қана бақыт күлкісі сыңғырласа екен.
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Кеңесінің 1994 жылғы 08 маусымдағы қаулысымен ратификацияланған Нью-Йоркте 1994 жылғы 16 ақпанда қол қойылған 1989 жылғы 20 қарашадағы Бала құқықтары туралы Конвенцияның 3-бабында балаларға қатысты барлық әрекеттерде бала мүдделерін барынша жақсы қамтамасыз етуге басты назар аударылады деп көрсетілген. Демек, бала толыққанды әрі үйлесімді дамуы үшін отбасында бақыт, махаббат пен түсіністік ахуалында өсуі қажет.
Еліміздің сот жүйесі балалар құқығын қорғауға ерекше назар аударып, арнайы мамандандырылған соттарды құрды. Алдағы уақытта отбасылық соттарды құрып, балалар құқығын қорғау, отбасы мен шаңырақ құндылығын сақтау, ағайын-туыс арасындағы дауларды ымырамен шешу жолдарын күшейтпек. Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында балаларға қатысты барлық санаттағы істер қаралады. Басты мақсат сот алдына келген азаматтардың құқығы қорғалып, дауласып, емес, қол алысып шығуына барынша жағдай жасау.
Лариса ШАМҒОНОВА,
Маңғыстау облысының кәмелетке
толмағандардың істері жөніндегі
мамандандырылған ауданаралық сотының төрағасы