©
Ақтау қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған соты ақтаулық мемлекеттік қызметшіге қатысты істі әкімшілік жауапкершілік құрамының болмауына байланысты тоқтатты. Бұл туралы mangystaumedia.kz сайтына Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі хабарлады.
«2018 жылғы 24 қыркүйекте Ақтау қаласының әкімшілік істер жөніндегі мамандандырылған сотында мемлекеттік қызметкер Е.Әнесовке қатысты ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 434 бабының 1 бөлігімен (ұсақ бұзақылық) түскен әкімшілік іс құжаты қаралып, іс құрамында құқықбұзушылықтың болмауына байланысты өндірістен қысқартылды», - деп хабарлады Маңғыстау облысы сотының баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, 22 қыркүйек күні фейсбук əлеуметтік желісінде қаладағы кафелердің бірінде тәртіп бұзған азаматтар жайлы бейнежазба жарияланған болатын. Олардың бірі – ақтаулық мемлекеттік қызметші болып шықты.
Сол кезде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Маңғыстау облысы бойынша департаменті Е.Анесовке қатысты Әдеп кодексінің 7 тармағы 3 тармақшасын, 5 тармағы 2 тармақшасы бойынша Ақтау қаласы әкімінің атына тиісті шешім қабылдау жөнінде ұсыныс енгізген еді.
Ал Ақтау қаласы әкімінің баспасөз қызметі қызметтік тексерістің тағайындалғанын хабарлаған болатын.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен