Түпқараған аудандық соты ҚР Жоғарғы Сотының төрағасы Ж.Асановтың «Сот төрелігінің 7 түйіні» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Есот» сот жүйесінде IT технологияларды кеңірек қолдануға бағытталған тапсырмасын орындап, «Виртуалды сот» жобасын іске қосты.
Түпқараған аудандық соттың төрағасы Нұртуған Тұржановқа осы жайында хабарласып, жұмысындағы жаңа "Виртуалды сот" жобасының іске асырылуы туралы сұрағанымызда осындай кезекті сот процесіне қатысуға өзіміз де мүмкіндік алдық. Көзбен көрген сот процесі аудандық соттың ғимараты мен Сайын Шапағатов ауылының арасын сот технологиялары арқылы онлайн жалғады. 22.07.2018 жылы сағат 10.00 шамасында құқық бұзушы М.Б. есімді С.Шапағатов ауылының тұрғыны өзінің жұбайын себепсіз ұрып-соғып, жанұя тыныштығын бұзғаны жайындағы ісіне виртуалды түрде сот болды. Іске қатысты прокуратура қызметкерлерінің арнайы қатысуымен жәбірлеуші мен жәбірленушіге сұрақтар қою арқылы істің мән-жайы шешілді. Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 73-1 бабының 1-бөлігімен М.Б.-ға қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істің өндірісі құқық бұзушының жәбірленушімен бiтiмгершiлiкке келіп, татуласуына байланысты ӘҚБтК-нің 64-бабының негізінде тоқтатылсын, - деген осы күні шешім шықты. Бүгінгідей технология дамыған заманда ауданнан, алыс жатқан ауылдан орталыққа келіп жүрмей-ақ, 5-10 минуттың ішінде азаматтар аудандық соттың шешімін өз ауыздарынан естіді.
- Түпқараған ауданының бұрынғы әкімі Темірбек Асауов, аудандық сот, ауданның прокуроры Бақытжан Жанысбаев және ішкі істер бөлімінің бастығы Ғабиден Тәңірбергенов осы жылдың бірінші тоқсанының соңында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Құжат мақсаты «Виртуалды сот» жобасын жүзеге асыруға, құқықтық сауаттылықты арттыруға, уақыт пен қаражатты үнемдеуге, сондай-ақ сот төрелігінде инновациялық технологияларды қолдануды дамытуға бағытталған. Меморандумды жүзеге асыру мақсатында Түпқараған аудандық сотының ұсынысымен сот істері мен материалдарды виртуалды режимде қарау мақсатында ауданның Сайын, Ақшұқыр, Таушық сияқты алшақ ауылдық округтері әкімдіктерінің ғимараттарына заманауи skype және бейнеконференция байланыс құрылғылары орнатылды. Осылайша «Виртуалды сот» осы аудан тұрғындарына сот процесіне өздерінің тұратын ауылдық округтарында бола тұра онлайн режимде қатысуға мүмкіндік береді. Ағымдағы жылдың сәуір айынан бастап іске қосылған жоба аясында аудандық сотта барлығы 35 іс қаралды, – деп таныстырды аудандық соттың төрағасы Нұртуған Тұржанов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: «Маңғыстаудың көзі тірі энциклопедиясы…»Жұмыстарының барлығында халыққа сот жүйесін жақындастыру мақсатын ұстанатын аудандық сот ұжымы бұл тұрғыдан азаматтар алғысына бөленуде екен. Түпқараған ауданының көптеген азаматынан бөлек сонау Атырау облысының бір тұрғынынан арнайы алғыс хатын алған. ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Ж.Асановқа, Маңғыстау облыстық сотының төрағасы Ж.Алановқа және Түпқараған аудандық сотының төрағасы Н.Тұржановқа арнайы жіберілген хатта Жамиля Ескалиева: «Өзбек азаматы екеуміздің арамыздағы азаматтық істі қарау барысында Түпқараған аудандық соты хатшысы Қадіржан Бөлеев менің шалғай жерден екенімді ескеріп, әрбір телефон шалған сайын дұрыс бағыт-бағдар беріп, сотқа келе алмаған жағдайда соттың онлайн режиммен бейне байланыс арқылы өтуге болатынын және өзімнің тұрғылықты жерімнің сот ғимаратында бейне жазба құралын қолданып, сотқа қатысуға мүмкіндік бар екендігін айтты. Сот төрағасы Нұртуған Тұржанов сот ісін қарауда әділдік, шынайылық, адамгершілік қасиет танытып, шешім шығарды, – деп көрсетіпті және өзінің уақытын, қаражатын үнемдегенін айтып, алғысын білдіріпті.
Республика көлемінде алғашқы болып онлайн режимде істерді қарағандар қатарында Түпқараған аудандық соты ұжымы жеделдік танытып, Жоғары соттың тапсырмасын халыққа тиімді етіп орындап жүргенін баса айтқан жөн.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА