Бүгін Түпқараған ауданы, Форт-Шевченко қаласында «Саламатты ел» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен «Қоғаммен байланыс және әлеуметтік желілердегі дағдарысқа қарсы коммуникациялар» тақырыбында семинар-тренинг өтті, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Жиынға Түпқараған ауданының 30-ға жуық мемлекеттік қызметшісі, ауданның аппарат жетекшісі, ауыл әкімдері және қызметкерлері қатысқан.
Лекторлардың айтуынша, семинар- тренинг екі бөлімнен тұрған. Бірінші бөлім — Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру және жемқорлықтың алдын алу туралы болса, екінші бөлім Саяси коммуникация және қоғаммен байланыс тақырыбына арналған.
Семинар тренингті Астанадан арнайы келген “Хабар-24” арнасындағы “Стоп Жемқорлық” бағдарламасының авторы, әрі жүргізушісі Жәудір Оразхан мен республикалық “Жас Алаш” газетінің астанадағы тілшісі Айжан Қалиева жүргізді.
«Жалпы Маңғыстау өңірінің халқының азаматтық белсенділігі таңғалдырды. Мен қанша өңірде болдым, бірақ үкіметтік емес ұйымдар мен әкімдіктегілердің белсенділігі, ашықтығы ұнады», - деді журналист Айжан Қалиева.