©
2018 жылы 16 мамырда Маңғыстау облысы Ішкі істер департаменті қызметкерлері қазақ тілінен білім деңгейін тексеру мақсатында «ҚАЗТЕСТ» бағдарламасы бойынша диагностикалық тестілеуге қатысты.
ҚР Тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында өткен сынақ қазақ тілінің қолдану аясын кеңейтуге бағытталған шараларға жатады. Тестілеуге қатысар алдында қызметкерлермен дайындық шаралары жүргізілді, өйткені «ҚАЗТЕСТ» сынағын тапсыру үлкен міндеттерді жүктейді. Республиканың ересек тұрғындарының үлесі 2017 жылы - 80%, 2020 жылы 95 пайызды құрауы қажет.
Сынаққа Департаменттің 100-ден астам қызметкері қатысты. Аталған шараны ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» өкілінің қатысуымен Маңғыстау облысының тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырды.
Тапсырма бойынша арнайы бланк толтырумен өткен тестілеуді орындауға екі жарым сағат уақыт берілді.
Деңгейді бағалау жүйесі халықаралық тілдік білімді бағалаудың тәжірибесіне негізделген қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары және жоғары деңгейлерге бөлінеді.
«ҚАЗТЕСТ» жүйесі төрт бөліктен тұрды: тыңдалым, лексика-грамматикалық бөлік, оқылым және жазылым.
«Тестілеуге қатысатындардың жақсы нәтижеге жететініне сенімді болдым, өйткені Департаментте іс жүргізу мемлекеттік тілге толықтай көшірілген. Қазақ тілін оқыту сабақтарында іс-қағаздарын орындау, құжаттар толтыру ережелеріне қатты көңіл бөлінеді», - деді мемлекеттік тілге жауапты қызметкер А.Нәубет.
Тестілеу нәтижесінде қатысқан қызметкерлердің ешқайсысы да төмен көрсеткіш көрсеткен жоқ.
Бір қуанарлығы, мемлекеттік тіл үшін жасалып жатқан жұмыстар өз нәтижиесін беруде. Оған кішкене ғана дәлел, мемлекеттік тілге көптеген өзге ұлт өкілдерінің де қызығушылық танытқандарының жылдан жылға санының өсуінде.
Көрнекі сурет сайттың архивінен