Маңғыстаулық полицейлер латыннегізді әліпбимен диктант жазды. Оған Полиция департаментінің мыңнан астам жеке құрамы, мемлекеттік әкімшілік қызметшілері және еркін жалдамалы қызметкерлері, қала, аудандағы полиция қызметкерлері қатысты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Диктант жазуды ұйымдастыру үшін арнайы жұмыс тобы құрылып, полицейлерге латыннегізді қазақ әліпбиі таратылып, жаңа әліпбидің емлесі түсіндірілді. Шараның өтетін орны белгіленіп, арнайы дыбыс құралдарымен жабдықталып, электронды тақтаға латыннегізді қазақ әліпбиі шығарылды.
"Диктант жазған полицейлер жаңа әліпбиді оқу мен жазудың аса қиын еместігі туралы пікірлерін білдірді. Алдағы уақытта да тәртіп сақшыларымен латын қарпіне көшу бағытында сабақтар мен шаралар өткізу жұмыстары жалғасын табатын болады", - деп мәлімдеді МО Полиция департаментінің мемлекеттік тілге жауапты қызметкер А.Нәубет.
Естеріңізге сала кетейік, республика бойынша бір мезгілде өткен диктант Президенттің 2018 жылғы 19 ақпандағы №637 Жарлығына және ҚР Премьер-Министрінің 2018 жылғы 13 наурыздағы №27 өкімімен бекітілген «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңмен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес ұйымдастырылған.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Суретті МО Полиция департаменті ұсынды