диктант студент

14 қараша күні «Қазақ тілі әліпбиін латын графикасына 2025 жылға дейін кезең-кезеңімен көшіру жөніндегі іс-шаралар жоспарына» сәйкес республика бойынша жалпыхалықтық диктант өткізіледі.

Мұндағы мақсат – латыннегізді қазақ тілі әліпбиін, емле ережелерін меңгеру, нақтылау, оған бейімделу және тілді меңгеруге деген қызығушылықты арттыру.

Республикалық диктант жазу шарасына кімдер қатысатынын, қалай жүргізілетінін білмекке Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасына хабарластық.

Диктант республика бойынша бір күнде, бір мезетте жазылады. Бекітілген диктант мәтіні (80-90 сөз) аудиожазбалар арқылы таратылады. Ұзақтығы 30 минут. Маңғыстау облысынан 80 мың адам бір уақытта диктант жазады деп жоспарланған.

— Диктантты Маңғыстаудың əр саладағы кəсіпорындары мен мемлекеттік органның қызметкерлері жазады. Қала, аудандар қазір өтетін орындарды белгілеп жатыр. Облыстық басқармалар өз кабинеттерінде, қалғандары өз ұжымында өткізеді. Диктант аудиожазба түрінде дыбыстағыш арқылы қосылады. Қолдарында әліпби мен жазу парағы болады. Сондай-ақ ұялы телефон арқылы әліпбиді қолдануға рұқсат беріледі, — дейді тілдерді дамыту және ономастика бөлімінің басшысы Айгүл Ықыласқызы.

Диктант жазудың алдында 15 минут бұрын тыңдаушыларға латыннегізді қазақ əліпбиі мен оның емлесі таныстырылады және жаңа әліпби, арнайы жазу парақтары таратылады. Басқарма мәліметінше, диктант мәтіні аудиоқұрылғыдан үш рет дыбысталады. Дыбысталу жылдамдығы тіл меңгеру деңгейінің талабына сай. Қатысушылар мәтінді бірінші рет оқығанда мұқият тыңдап, екінші рет оқығанда жазады. Орындаған жұмыстың орфографиялық дұрыстығын тексеру үшін мәтін тағы бір рет оқылады. Әрбір дыбысталу аралығында үзіліс болады.

Қатысушылар өздерімен қаламсаптарын алып келуі тиіс. Диктант арнайы әзірленген парақта жазылады.

Диктант жазуға 15 жастан асқан азаматтар, мемлекеттік қызметшілер, мемлекеттік қызмет ұсынатын ұйымдардың қызметкерлері, студенттер, оқушылар, тағы басқалар қатыса алады.

Арнайы белгіленген орындарға келіп қатыса алмайтын тұлғалар диктантты emle.kztilalemi.kz сайттарының басты бетінде орналасқан сілтемемен  компьютер немесе ұялы телефон (смартфон) арқылы кіріп, белгіленген уақытта диктант аудиосын тыңдай отырып жаза алады.

Диктантты жазып болған соң сканерлеу немесе фотоға түсіру арқылы tilalemi.kz@gmail.com электрондық поштаға жолдауы қажет. Сондай-ақ диктант аяқталған соң аталған сайтта диктанттың дұрыс нұсқасы мен диктантты бағалау өлшемшарттары шығады. Әрбір пайдаланушы жұмысын дұрыс нұсқамен салыстыра отырып, өлшемшарттарға сәйкес өзін-өзі бағалай алады.

Тілдерді дамыту басқармалары жанынан арнайы құрылған жұмыс топтары диктант қорытындысын шығарып, 5 күнтізбелік күн ішінде статикасын айтпақ.

Теңге БЕКМҰРЗАЕВА

ПІКІР ҚАЛДЫРУ

Пікір жолын бос қалдырмаңыз!
Аты жөніңізді жазыңыз