©
Мемлекеттік тіл - Тәуелсіз елдің негізгі рәміздерінің бірі. Кез келген өркениетті елдің өзінің Туы, Елтаңбасы, Әнұраны, шекарасы болатыны секілді мемлекеттік тілі де болады. Демек, мемлекеттік тіл де — мемлекеттігіміздің негізгі атрибуттарының бірі. Біздің Ата Заңымызда «Қазақстан Республикасының мемлекеттік тілі — қазақ тілі» деп жазылған. Ал орыс тілін - ресми тіл және мемлекеттік тілмен бірдей қолданылады деп айтылған. Біз Конституция талаптарын мүлтіксіз орындауға міндеттіміз.
Тәуелсіздіктің негізгі тірегі – ұлттың тілі, діні. Тіл – ұлттың аса игілікті әрі оның өзіне тән ажырағысыз белгісі. Тілдің тағдыры – баршамыздың қолымызда.
Қазақстанда тұратын жүзден астам ұлт өкілдері Қазақстанның халқын, соның ішінде қазақ халқының тұрмыс әдебиетін, әдет ғұрпын, мәдениетін, әдебиетін, тілін білуге міндетті.
Қазақ тілі – халқымыздың рухани байлығы, атадан балаға, ұрпақтан –ұрпаққа мирас болып қалып отырған баға жетпес асыл мұра. Ана тілдің қасиеті туралы қанша айтсақ та таусылмайды. Азаматтың қолындағы барлық асыл заттары тозады, жоғалады, ал тіл тозбайтын ең қымбат мұралардың бірі. Қазақтың біртуар ақыны М.Жұмабаев: “Ұлтқа тілінен қымбат нәрсе болмақ емес, бір ұлттың тілінде сол ұлттың сыры, тарихы, тұрмыс тіршілігі, мінезі айқын көрініп тұрады” - деген. Тіл байлығы - әрбір ұлттың мақтанышы. Әр азамат өзінің ана тілін, көзінің қарашығындай қарауы және ана тілінің орынсыз шұбарлануына қарсы тұруға тиісті.
Қазақстан елу дамыған 50 елдің қатарына енуді жоспарлап отыр. Бұл тұста қазақстан халқына артылатын жүк ауыр екендігі айтпаса да белгілі. Әлемге таныту үшін әр азамат қазақ елінің тарихын, тілін жетік білуі керек. Егер біз қазақ халқы дамыған елу елдің қатарына енуді шын мәнінде мақсат еткен болсақ, қазақ тілінің жұлдызын биіктету жолында бар күш жігерімізді жұмсауымыз қажет.
Елінің болашағын ойлаған әр азамат ана тілінің болашағын да қолынан келген көмегін аямауы тиіс. Өкінішке орай, соңғы кезде көптеген қазақ жастары өз ана тілін бұрмалап сөйлеуді әдетке айналдырған. Өз ана тілімізді қадірлеуді, қастерлеуді, аялауды қолға алайық. Төл тілінде сөйлеуден безу – ана сүтін беріп өсірген анаңды ұмытумен бірдей.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келер болсақ, тілге деген құрмет – халыққа деген құрмет. Тіл мәртебесі – ел мерейі. Тілсіз халықтың, елдің өмір сүруі мүмкін емес. Әлем таныған ел болу үшін тіліміздің жұлдызын биіктетуіміз керек.
Маңғыстау облысының кәмелетке толмағандардың
істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық
сотының судьясы
Ж. Жусупова