Сексен. Бұл жасты еңсергендер өмірдің талай белестерінен өтіп, талай асуларын артқа тастаған жандар. Бұл жасты еңсергендер кезінде көрген бейнетінің зейнетіне жетіп, жас ұрпаққа еңбек жолымен, абырой, беделімен үлгі болатын жандар. Сексеннің сеңгіріне шыққан тағы бір ардагеріміздің мерейтойын аудандық мәдениет үйіне жиналған қалың көпшілікпен атап өттік.
Заң саласының ардагері, батыл ісімен, өткір сөзімен талай істің ақ, қарасын ажыратып, 40 жылға жуық аудандық соттың төрағасы болған, аудандық ардагерлер кеңесінің белді мүшесі, ауданның Құрметті азаматы Итемген Орынбаевтың 80 жас мерейтойына аудан әкімі Ж.Айтуаров, тумаластары, замандастары, қызметтес жолдастары, шәкірттері қатысты.
Сахна төріне жайғасқан ардагер И.Орынбаевқа көпшіліктің қошеметі тым ерекше болды. Бұл қошемет оның талай жылғы еңбегіне берген халықтың бағасы іспеттес. Өйткені замандастарының айтуынша ол қызмет кезінде өте талапшыл, бір сөзді, жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайтын, заң бойынша жауапқа тартылған әр азаматтың енді қайтып қылмысқа бармауын өте қатты қадағалайтын кісі болған.
Итемген Орынбаев 1938 жылы Жыңғылды ауылында дүниеге келген. 1959-1962 жылы әскер қатарында болып, 1962-1967 жылдары ҚазГУ-дің заң факультетінде білім алған. 1965-1970 жылдары прокуратура тергеушісі, 1970-2005 жылдары Маңғыстау, Бейнеу аудандық, Жаңаөзен қалалық сотының төрағасы қызметтерін атқарған. Ұзақ жылдар бойғы қалтқысыз қызметі үшін Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің Алғыс хатымен, «Еңбек ардагері» медалімен, 10 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл», «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 25 жыл», «Маңғыстау ауданына 35 жыл»,«Маңғыстау ауданына 40 жыл» мерейтойлық медальдарымен, Қазақстан Республикасы Жоғағы сотының «Үш би» және «Әйтеке би», «Маңғыстау мұнайына 50 жыл» төсбелгісімен марапатталған.
Жиналған көпшілік алдымен И.Орынбаевтың еңбек жолынан бейнеүзік тамашалаған соң, мерейтой иесін құттықтауға мінберге көтерілген аудан әкімі Ж.Айтуаров «Құрметті Итемген Орынбайұлы сізді бүгінгі мерей тойыңызбен шын жүректен құттықтаймын! Ауданның 90 жылдығы, Астанамыздың 20 жылдығымен тұспа тұс келіп қалған мерейтойыңызда ортамызда мәуелі бәйтеректей болып жайқалып отырғаныңыздың өзі неге жетеді?! Сіздің еңбек жолыңыз жастарға үлгі. Еліміздің дамуы үшін, жастарымыздың жат әдеттен аулақ болып, жақсы жаққа ұмтылуына, қоғамда келеңсіз оқиғалар орын алмауына заң саласының тигізер пайдасы көп десек, аудандық соттың төрағасы болып қызмет еткен көп жылғы уақытыңыз осы мақсатта еткен еңбегіңіз деп білеміз. Осы залда отырған заң саласының қызметкерлерінің жартысынан көбі сіздің шәкірттеріңіз. Олар бүгінгі ұстазының қуанышына ортақтасуға келді. Лайым да еліңіз үшін жасаған еңбегіңіз ақталып, сізді іздейтін халқыңыз аман болсын. Сізге зор денсаулық, отбасыңызға амандық тілеймін», - деп иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Арманына жеткен жанАуданның қай ардагерінің болсын мерейтойларын өз дәрежесінде өтуіне атсалысатын аудан әкімінің осындай үлгі ісіне риза болған Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Алматы мемлекеттік консерваториясының профессоры Амандық Көмекұлы алғыс айтып, әннен шашу шашты.
Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы С.Төлетов, Ақтау қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Қартбаев, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы А.Ертілеуов, облыстық соттың судьясы Г.Бақытжанова, Ақтау қалалық сотының төрағасы М.Кенжеалиев құттықтау сөз сөйлеп, мерейтой иесіне жылы лебіздерін арнады, әріптес болған жылдардағы естеліктерімен бөлісті. Зейнеткер судьяға арналған танымдық кеш аудан өнерпаздарының жыр шашуына ұласты. Өнегелі өмір кешкен қарияны құрметтеген халықтың ыстық ілтипатына сүйсініп тарасқан көпшілік мерейтой құрметіне жайылған «Ақбөкен» мейрам ханасындағы мерекелік дастарханға қарай бет алды.
Айгүл РАХМЕТОВА