21 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлері күніне орай Ақжігіт ауылында табиғат қорғаушылардың мерекелік, мәдени көпшілік және спорттық шаралары өтті. Оған Бейнеу ауданының әкімі Бейнеубек Әбілов қатысып, орманшылардың мерекелік қуаныштарына ортақтасты.
Еліміздің баға жетпес байлығы мен табиғат көркі – орман мен жануарлар дүниесі, аң- құстардың әлемі. Орман-тоғай — Жер-Ананың адамзатқа берген сыйының бірі. Қысқаша айтқанда он сегіз мың ғаламдағы тіршілік атаулының құт мекені — табиғат, соның ішінде орман десек, асыра сілтеп, артық айтқанымыз емес. Сондықтан табиғатты аялау мен оның қадір-қасиетін сезіну – адамзатқа парыз.
Біздің елімізде табиғатты қорғау және оның жан-жануарлар дүниесіне қамқор болып, жанашырлық танытуға, оларды дала өрттері мен басқа да апаттардан қорғаудың қауіпсіздігін қамтамасыз ету, заңсыз аң аулап, табиғат байлығын орынсыз пайдалануға жол бермеу — басты назарда.
Еліміздегі орман шаруашылық мекемелері жоғарыда айтып өткеніміздей бағытта жұмыс жасап, көгал алқаптарын кеңейту мен жануарлардың, аң-құстардың қорғалуына атсалысып келеді. Осындай шаруашылықтар Бейнеу ауданында да бар. Олар - «Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» және «Бейнеу ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мекемелер. Бұл аталған шаруашылықтардың жұмысшы, қызметкерлері мен орманшылары Сам құмының шығысы мен Үстірт үстіндегі Қаратүлейге дейінгі алқаптағы сексеуіл ормандары мен өсімдік, аң-құстардың әлемін шарлап, жауапкершілікпен табиғатты қорғау жұмыстарын жүргізіп келеді. Жалпы орман қорының жер көлемі 194 510 гектарды құрайды. Оған екпе жерлер мен жайылымдықтар кіреді. Бұл аталған көлемде Қызыләскер, Ноғайты, Тұрыш, Сарша мен Ақшымырау ауылдары орын тепкен. Келісімшарт бойынша шаруа қожалықтары мен жеке шаруалар қыс мезгілінде мал қыстатып шығады. Аудан өңірінің шығыс жағы мен оңтүстік бетінің кең аумағын алып жатқан орман алқабында екі шаруашылықтың қызметкерлерін қосқанда 63 адам қызмет етуде. Олар қажет болған жағдайда аталған орман алқаптарында жұмыстарының ретіне қарай қона-жатып табиғатты қорып, рейд жүргізеді. Сексеуілге күтім жасап, егу жұмыстарымен айналысады. Ұшы-қиырына көз жетпейтін орман алқаптарына алыс сапарларға шығып, жауапты жұмыстарды атқарып жүрген орманшылар қажетті көлік құралдарымен, агротехникалармен, арнаулы киімдермен қамтылған. Сондықтан олар өздеріне тиісті орман алқабының о шеті мен бұ шетіне сақадай сай дайындықпен, күздің ызғырық желі мен қыстың суығына, жаздың ыстығына қарамастан жол тартып жатады. Бұл - өз міндетін терең сезіне білген әрбір орманшының көзі үйренген күнделікті дағдысы. Ендеше «Орманшы - табиғатқа қорғаншы» десек, жаңылмаймыз. Табиғатты қалай болса, солай пайдалану оның тепе-теңдігін бұзып, экологиялық тұрақтылыққа кері әсер етеді. Сол үшін мемлекеттің баға жетпес байлығы – табиғатты қорғап, көгалдандыруда орманшының алар орны бөлек дейтініміз, міне, осы.
Мерекелік салтанат
Өткен жылы Үкімет қаулысымен бекітілген 21 қазан – Орман шаруашылығы қызметкерлерінің күніне орай алғашқы рет Ақжігіт ауылында Сам ормандар мен жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мекеменің ұйымдастыруымен «Табиғатты қорғау -адамзаттың парызы» атты мерекелік мәдени көпшілік шара салтанатты жиынмен басталды.
Жиынға қатысып отырған орманшыларды аудан әкімі Б.Әбілов кәсіби мерекесімен құттықтап, қара ормандарыңның қатары өсе берсін деген ақжарма тілегін арнады. Бейнеу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына ұзақ жылғы еңбегімен үлес қосып келе жатқан Сам және Бейнеу орман шауашылықтарының басшылары І.Бердісүгіров пен М.Қараевқа және орман шаруашылығының қызметкері Ә.Омаровқа «Бейнеу ауданына - 45 жыл» мерекелік медалін тапсырып, марапаттады.
Содан соң Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбеков құттықтау сөз сөйледі. Облыста орман шаруашылығын дамытуға облыс әкімі Е.Тоғжановтың айырықша көңіл бөліп, қолдау көрсетіп отырғанын, сондықтан алдағы уақытта шаруашылықтарды қажетті техникалармен, құрал-жабдықтармен қамту, орманшылардың жалақыларын көбейту жоспарларынан хабардар етті. Шаруашылықтарда еселі еңбек етіп, тер төгіп жүрген бір қатар орманшыларға Құрмет грамотасы мен Алғыс хаттарын табыс етті.
Салтанатты жиында Ақжігіт мәдениет үйінің күміс көмей, жезтаңдай әншілері мерекелік ән-шашуларын арнап, әсем әуендерімен тербетті.
Орманшылар ойынымен тәнті етті
Орманшылардың мерекесіне арналған мәдени көпшілік шаралар спорттық ойындарға жалғасты. Атап айтқанда, қазақша күрес, кір тасын көтеру, арқан тарту және волейболдан жарыстар болды. Бұл жарыстарда орманшылар спорттық өнерлерін де көрсетіп, көрермендерді тамаша ойындарымен тәнті етті.
Мәди Бегенов атындағы орта мектептің спорт залындағы өткен жарыс қазақша күреспен бастау алды. Боз кілемнің үстінде бура сан, нар тұлғалы балуандар аянбай айқасып, әдіс-тәсілдерін көрсетіп, білек күштерін сынасты. Белдескен балуандардың қай-қайсысы да аянған жоқ. Дегенмен «Бақ шаба ма, бап шаба ма» дегендей, шапшаң қимылдап, ұтырлы тәсілін қолдана білген балуандар да, кір тасын көтерген білегі жуан шымырлар да жеңіске жетіп жатты. Арқан тарту және волейбол жарысына «Бейнеу» мен «Сам» орман шаруашылықтарының қызметкерлері, М.Бегенов атындағы орта мектеп пен «Ауыл жастары» командалары өзара сайысқа түсті.
Жарыстарда тамаша ойын өрнегін көрсеткен спортшылардың жеңіске жеткендері Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының алғысымен, әртүрлі дәрежелі дипломымен және алтын, күміс, қола медальдармен марапатталды. Марапаттарды аудан әкімі Б.Әбілов, Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Д.Құсбеков табыстап құттықтады. Жарыстар өте тартымды да қызықты болды.
Сөйтіп жарысты қыздырған орманшылар спорт өнерінде де осал еместіктерін көрсете білді.
«Біздің жұмысымыз күзде қыза түседі», — дейді шаруашылық басшылары
Орман шаруашылықтары күнделікті жұмыс бағыттарында табиғатты қорғау, орман қорын күзету жұмыстарымен қатар орман қорын молайтып, орман өсірумен айналысады. Біздің жеріміздің табиғатына байланысты орман алқаптарымызда негізінен сексеуіл өсіріледі. Сексеуіл - шөл аймақтарға өсетін төзімді, тағы бір табиғи қасиеті - топырақтың ылғалдылығын сақтай отырып, құм көшкінін тоқтатуға да сеп болатын бұталы өсімдік. Ол топырақтың бұзылуына да жол бермейтін қасиетке ие. Сол үшін сексеуіл - біздің өңірдің табиғатының ажырамас бір бөлігі, табиғи байлық қорымыздың бірегей болып бағаланады.
Біздің облысымыздың көлемінде жеріміздің сәні болып тамыры суалмай келе жатқан қара сексеуілдің ормандары бар. Оларды табиғатына қарап Қаратүлей, Есен қазақтың түлейі және Балтакеткен түлейлері деп атайды. Қазіргі кезде орман шаруашылықтары осы түлей ормандарымызды өрттен сақтап және заңсыз пайдалануға жол бермей, қатарын толықтырып, өсіруге ерекше мән беріп келеді.
Қолымыздағы деректерге сүйеніп айтар болсақ, Мұқаш Қараев басшылық ететін Бейнеу орман шаруашылығы 1987 құрылған, алғашқы жылдары Атырау облысының орман шаруашылығының қарамағында болып, 1989 жылдан бастап Маңғыстау облысының қарамағына енген. Мекеменің орман қоры алқабы - 58 789 га. Оның ішінде орманмен көмкерілгені көлемі 19361 гектар жер. Орман алқабының негізін қара сексеуіл құрайды. Шаруашылықтың әкімшілік ғимараты Сыңғырлау ауылында орналасқан. Қарамағындағы жер көлемі Сыңғырлау елді мекенінен оңтүстік бағытқа қарай 70 шақырым қашықтықта Қаратүлей жерінен басталып, 180 шақырымға созылып жатырған аумақ. Осы аумаққа 33 адам қызмет жасайды. Мекеме жұмысшы, қызметкерлері мен орманшылары орман алқабына сексеуіл егіп, молайту тұрғысында жыл сайын дәні піскен күз мезгілінде 1000 ем қара сексеуіл тұқымын жинап, алдын ала дайындалған 200 гектар жерге тұқым сеуіп, егіс алқабын кеңейтуде.
Ал Сам орман шаруашылығы мекемесі 2004 жылдың 12 қаңтарында Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Маңғыстау облысы бойынша жылжымайтын мүлік жөніндегі орталығының берген куәлігі негізінде «Сам ормандар және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі» мемлекеттік мекемесі болып құрылып, әкімшілігі Ақжігіт ауылында. Оның орман қорының көлемі 194510 га. Алқабы Сам құмын түгел алып жатыр. Шаруашылықтың орманды жерлері 105809 га, қолдан егілген орман екпелері 511 гектар. Аталған орман алқаптарын қорғап, әртүрлі іс-шаралар жүргізіп жүрген жалпы саны - 30 қызметкері бар. Құрамындағы жұмысшы, қызметкерлердің қатарында жоғары және орта білімді мамандар еңбек етеді. Ұжымға Ідіріс Бердісүгіров басшылық етіп келеді.
Екі шаруашылықтың да қызметкерлері ауылдағы және аудандағы маңызды іс- шаралардан қалыс қалмай, үлестерін қосып жүр. Мекемелер өз аулаларының және ауылдың тазалығына да мән беріп, сенбіліктерде ұйымшылдық танытады.
Қоғамдық-саяси жұмыстарға белсенді араласуда. Мекемелерде еліміздің әлеуметтік- экономикалық даму бағыттары жөнінде ақпараттық түсінік жұмыстары ұдайы жүргізіледі. Кеңселерде көрнекілік ақпараттық хабарламалар орын алған. Ұжым мүшелері Елбасының жақында жариялаған Жолдауынан толықтай хабардармыз деп, олар бір ауыздан қолдау білдіруде. Жұмысқа деген құлшыныстары да ерекше байқалды.
Қысқаша айтқанда мекемелердің құрылу тарихы мен міндеттері, шаруашылық жұмыстарының әр алуан бағыттары, міне, осындай.
Енді қазіргі күз мезгіліндегі жұмыстарына келетін болсақ, шаруашылықтардың орман алқаптарын молайтып, сексеуіл егу жұмыстарына қайта оралсақ, сексеуілдің тіршілік табиғатына байланысты тұқымын күз маусымында жинап, екпеге дайындалып жыртылған жерлерге себу жұмыстарын осындай күз мезгілінде қолға алып, жүргізіледі екен. Әйтпесе уақыттан ұтылып, тұқым жинау мен екпе жұмыстарынан кешігетін көрінеді. Сексеуілдің тұқымын жинау - ұқыптылық пен жауапкерлікті көп талап ететін жұмыстардың бірі. Оны ыждағатылықпен бұтақтан ажыратып, кептіріп жинамаса, одан сапалы тұқым алынбайды дейді мамандар. Сапасы төмен тұқымнан ертеңгі күні сапалы өскін шығуы екі талай нәрсе. Сондықтан сексеуілдің тұқымын жинауға ерекше мән берілетін себебі, міне, сондықтан. Сексеуіл себілетін алқаптың жер жағдайы да мамандар назарынан тыс қалмайды Алдын ала дайындалған жерге күзде себілген тұқым қыс бойы жауған қар, жаңбырдың ылғалымен топырақта бөртіп, ерте көктемде қылтиып шығатын көрінеді. Себілген тұқымынан көктеп шыққан өскінің алғашқы жылдары тамыры іліп кететіндей ылғал топырақты жерлер таңдалып егіске дайындалады, — деп айтады тәжірибелі орманшылар. «Біздің шаруашылық биыл 100 га жерге сексеуіл тұқымын себуді жоспарлап отыр» деді науқанға байланысты жұмыс жоспарлары жайлы сұрағанымызда І.Бердісүгіров.
Сексеуілді егіп, өсіру жайында осылайша пікірлескен орман шаруашылықтарының басшылары Мұқаш Қараев пен Ідіріс Бердісүгіров табиғатпен тілдесе білетін мамандар. Сексеуіл мен қоянсүйектің, дүзгеннің табиғатына ежелден етене таныс, орман алқабының дені өсетін Сам құмының ыстығы бала күнінен табанына сіңіп, киесі бойына дарыған осы өңірдің төл тумалары. Осы өңірдің өсімдік дүниесі мен аң, құстарының тіршілік-тынысын бес саусағындай білетін де осы азаматтар. Олар көп жылдардан бері орманшылар ұжымына жетекшілік етіп, ұжымен ой-пікірлері бір жерге тоғысып, тіл табысып келе жатқан басшылар. Айтар ой-пікірлері орынды, істері нәтижелі, еңбектері елеулі, аузынан шыққан лебізіне берік жандар.
Біз мерекеге орай жолымыз түсіп барған сапарымызда олар әдеттегідей орманшыларға бас болып, орман алқабын күнделікті күзету жұмыстарымен бір қатарда биылғы күзгі маусымдық сексеуіл тұқымдарын себу жұмыстарын жоспарлап, уақытынан кешіктірмеудің қамына бел буып кірісіп жатқанынан хабардар болып аттандық. «Табиғатымыздың қорғаны - сексеуілдің орманы» демекші, орманымызды қорғап, өсіруге атсалысып жүрген осындай атпал азаматтармен пікірлесіп, ұйытқылы ұжымдардың қызметтерінен хабардар болып, көрген-білгендерімізді жазып аяқтай келе, табиғат қорғаушыларына «Сапалы егіп егісті, еңбектерің болсын жемісті» деген тілегімізді айтамыз.
Кәрісбай ӘДІЛ Бейнеу-Сыңғырлау-Ақжігіт-Бейнеу