Ақтауда «Жаңа емле ережесіндегі дәстүр мен жаңашылдық» тақырыбында ақпараттық-насихаттау шарасы өтті. Маңғыстау облыстық тілдерді дамыту, архивтер мен құжаттама басқармасы ұйымдастырған жиынға ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-тәжірибелік орталығының өкілдері қатысты.
- Біздің мақсатымыз — ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 19 ақпандағы № 637 жарлығында бекітілген латын графикасындағы қазақ тілі әліпбиіне көшу кезеңдерінде жүргізіліп жатқан жұмыстармен таныстыру және әліпбиге қатысты көпшілік көкейінде жүрген мәселелер бойынша ақпарат беру, - деді басқарманың тілдерді дамыту және ономастикалық жұмыстар бөлімінің басшысы Айгүл Ықыласқызы. - Сол жұмыстардың бірі — жалпыхалықтық диктант жазу. 14 қараша күні Астана уақытымен сағат 11-де республика бойынша жаңа әліпбимен жалпыхалықтық диктант жазылады. Оған бір уақытта барлық салалар қатысады. Біздің өңірімізден 80 000 адам жалпыхалықтық диктант жазады деп межелеп отырмыз.
Сондай-ақ ақпараттық-насихаттық шарада Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының жетекші ғылыми қызметкері, филология ғылымдарының кандидаты Бақытгүл Ысқақова жаңа әліпбиге көшудің мәні мен емледегі өзекті мәселелер жөнінде баяндама жасап, ереженің негізгі қағидаттарымен және басты жаңалықтарымен таныстырды.
Шара барысында мұнайшылар арасында ғылыми-танымдық көзқарас қалыптастыру мақсатында жаңа әліпби негізінде әзірленген емле ережелерінің мазмұны мен құрылымы кеңінен түсіндіріліп, емледегі басты жаңалықтар айтылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, ғылыми сараптамадан өткізілген емле ережелерінің жобасы 2018 жылғы 27 қыркүйекте қазақ тілі әліпбиін латын графикасына көшіру жөніндегі ұлттық комиссия қарауына ұсынылды. Ұсынылған жоба мазмұны дөңгелек үстел, семинар және көпшілік талқылау түрінде өткізілетін осындай шаралар барысында көпшілікке ғылыми тұрғыдан түсіндіріліп, емле мәселелері бойынша ұсыныс-пікірлер тыңдалады.
Басқосу соңында қатысушылардан емле ережелеріне қатысты сауалнама алынып, емлені жетілдіруге арналған деректер мен ұсыныстар жинақталды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА