©
Өзен жерінде
Анау 1960 жылдары үкіметіміз елдің даму кепілі - өндірістік күштерді тиімді орналастыруда деп біліп, бар күш-жігерін соған жұмылдырды. Одақтас республикалар индустриалды даму жолына түсті. СОКП ХХІҮ съезінің Директиваларында отанның бай табиғи ресурстарын жеделдетіп дамытуды алдыңғы кезекке қойды. Соның ішінде Қазақстанда Маңғыстаудың табиғи байлығын игеріп, Маңғыстауда жаңа ірі өнеркәсіпті аудан құру міндеті де тұрды. Маңғыстауда одақтық маңызы бар жаңа кешенді өнеркәсіп құрылыстарын шоғырландырылып жатты. Мамандар Маңғыстауға төрт тараптан ағылып жатты. Енді оларға жағдай туғызу керек. Өйткені Өзен кенорнын тездетіп игеріп, мұнай, газ байлығын ел қызметіне қою үшін алдымен кадрлармен қамтамасыз ету міндеті тұрды. Мұнда алдымен тұрғын үй құрылысын, мәдени-тұрмыстық нысандарды көптеп салу көзделді.
Маңғыстау байлығын игеру жолында орасан зор жұмыстар атқарылып жатты. Мемлекет ол үшін қаржы, күш аямады. Тек бір Өзен геологиялық барлау экспедициясында 1964 жылы 40 миллион сом қаржы жұмсалды. Ал, 1965 жылы оған қаралған қаржы одан да асып түсті. Өзен мұнай, газ кенорнын пайдалануға беріп, мұнай, газ өндіруді бастап кету үшін қарбалас қызу жүріп жатты. Осындай шақта 1965 жылдың сәуір айының орта тұсында Гурьев (қазіргі Атырау) облыстық партия комитетінің Пленумы болып, онда Маңғыстау мұнай, газ байлығын игерудің жоспарлы мерзімінен артта қалып келе жатқаны, мұнда өндірістік те, мәдени құрылыстардың кешеуілдеп қалып отырғаны қатты сынға алынды. Пленумнан кейін келесі күні Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінің бас редакторы Түсіп Бисекенов мені кабинетіне шақырып алды.
- Жағдайды түсіндің ғой, - деді ол байсалды кейіпте. Оның кеше Пленумдағы әңгімені айтып отырғанын түсіндім.
- Пленумда үзіліс кезінде мені облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Мұқанбет Исенов шақырып алды, - деді ол. - Маңғыстау байлығын игерудің жоспарлы мерзімінен артта қалып отырғаны - мұнда өндірістік құрылыстар, мәдени-әлеуметтік, тұрмыстық нысандардың белгіленген уақытында салынбай кешеуілдеп қалғанында. Ал, осындай кезде газеттерің өмірге ілесе алмай қалып қойып отырсыңдар. Жан жақтан мамандарды шақырып, халықты жинап алдық. Енді олар үй-күйсіз, жағдайсыз жүрген көрінеді. Мәдени қызмет нашар. Ертеңі олар кері қайтып кетер болса қайтпекпіз. Өзенде қала құрылысы әлі басталған жоқ. Ал, газеттерің ол жөнінде ауыз ашпайды. Сонда, сендер не үшін отырсыңдар осындай шақта облыстық партия комитетіне көмекші бола алмасаңдар, - деп мені біраз жерге апарып тастады. Мен ауыз аша алмай қалдым. Өйткені шындығы солай. Енді сені шақырғаным - осы мәселеге байланысты сен жедел Маңғыстауға іссапарға жүресің. Ал нені жазу керектігі, қалай жазу керектігін кешегі Пленумнан түсінген боларсың, - деді.
Жалпы ахуал түсінікті еді. Бірақ ол жылдары «Коммунистік еңбек» газетінің Маңғыстау бетте екі меншікті тілшісі бар еді. Оразаухан Ізбасаров Маңғыстау ауданы бойынша тілшісі еді де, ал Өзен, Жетібай, Ералы, Шевченко, Форт-Шевченко, Ақсу бетінде Мұқтасын Суханбердиев тілші болатын.
- Суханбердиев бір өзі бірнеше жерге үлгере алмай жүр. Және өзі Почта жәшігінде тұрады да, аудандарды кезекпен айналады. Одан кейін біраз уақыт өндірісі қайнап жатқан Өзеннен хабарсыз қалып жатамыз. Ал, сен сол Өзеннің өзінде тұрақты хабар беріп тұрасың, - деді.
Ендігі мәселе - менің қаламымның жүгіруіне байланысты. Әлі жазуға толық машықтана қоймаған, журналистика жолына енді түскен жас кезім. Бұл тапсырманы ойдағыдай орындай алар ма екенмін деген іштей қобалжу да жоқ емес. Сонымен жедел жолға жиналдым.
- Мәселеге мұқият қарап, батыл кіріс, - деп ақыл-кеңесін айтып жатты бастығым.
Аэропортта бүгін үшіншгі күні ауа райының қолайсыздығынан Өзенге самолет ұшпай тұр. Қатты жел тұрып Өзен қабылдамай тұрғанын айтты. Сонымен самолет келесі күні азанда ғана ұшты. Аспанда бір сағаттай қалықтаған ұшақ Өзен жеріне келіп қонғанда үш күннен бері ауа райы бұзылып қатты жел тұрып, алай-дүлей ысқырып бүгін азанда ғана ішін тартқан. Самолеттің аяғы жерге тиісімен жел қайта көтеріліп кетті. Нысаналы жерге жеткенімізге қуанып тысқа ытқып шығумен болдық.
Өткен 1964 жылдың сәуір айында құрылған «Өзенмұнай» кәсіпшіліктері басқармасы - барлаушылар мекені Қызылсай жерінен он сегіз километр оңтүстігінде тақтайдай тегіс дөңде орналасқан. Бұл жерді әзірге «Газгородок» деп атайды. Әлі құрылыстар салынып үлгере қоймаған өндірістік мекеме ашық дала төсінде орналасқан. Әр жерде шашыраңқы бес-алты тұрқы қысқа вагондар ғана көрінеді. Үш-төрт жерде қабырғалары енді көтеріле бастаған құрғақ сылақты үйлердің бастапқы сұлбалары бар. Айдалаға енді ғана қос тіккен мекеннің төңірегі тыс жұпыны, жалаңаш көрінді. Бұл маңда төбесіне шатырдан қамсау жасалған көзге қораштау екі-үш ғана үй тұр. Олар жаңадан ашылған барлау-бұрғылау, мұнай мекемелері. Сол екі-үш бәкене үйлердің ілгері бетіндегі ұзын үйге «Өзенмұнай» басқармасы орналасыпты. Басқарма бастығы Рахмет Өтесінов жұмыс үстінде болып шықты.
Рахмет бидай өңді, ат жақты, әр сөзін тасқа басқандай қадап айтатын, асығып-аптықпай сөйлейтін байсалды кісі көрінді.
Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы кешегі Пленумда Маңғыстау мұнай байлығын игеру барысын қатты сынға алған.
- Жаңадан құрылып жатырмыз ғой, - деді ол, - жетпей жатқан тұстарымыз аз емес. Он екі де бір нұсқасы жоқ жерге бірден бәйтерек мәуелеп шықпады дейтініміз бар ғой. Бірақ бұл - ақталу емес. Кемшіліктеріміз де көп.
Мұнан кейін ол біздерді өндіріс жайымен таныстырды. Мемлекеттің Өзен кенорнын игеруге ерекше көңіл бөліп отырғанын, Маңғыстау байлығының даму болашағын әңгімелей келіп, осы маңда Өзен геологиялық барлау экспедициясында 12 скважина бұрғыланып жатқанын, бірақ бұрғылау жұмыстарына қажетті құрал-жабдықтардың жеткізіліп үлгермей, мұнай Өзенді игеру ісіне тікелей кері әсері тиіп отырғанын дәлелдермен жеткізді. Оның айтуына қарағанда тек осы соңғы себептің өзінен № 230, 248, 249 скважиналары қажетті тереңге жетіп, бірнеше айдан бері қозғалыссыз тұр. Ал, № 248 скважина адам және техника күшінің жеткіліксіздігінен сынақтан өткізілмей тұр.
Оған қоса мердігерлік кәсіпорындардың мұнай өндіруге аса қажітті өндірістік нысандарды, тұрғын үй құрылыстары, өзге де мәдени объектілерді жоспарлы мерзімде бітірмей, мұның да айтарлықтай бөгет болғанын айтты.
Ал, мұның бәрі сайып келгенде біздердің жұмысымызға қолбайлау болды. Бірақ оны есепке алып жатқан кім бар? Сын бізге тиіп жатыр. Ал, одан айталар жай жоқ. Мұның бәрін зерттеп көз жеткізерсіз. Тек мәселенің байыбына жетіп жазғандарың дұрыс. Мұнан кейін Рахмет аға біздерге өндірісті, болашақ қала аймағын аралап көріп, жақын танысуға кеңес беріп және оған жағдай туғызды.
Жаңа кен орнын игеру бір «Өзенмұнай» басқармасына байланысты емес. Мұнда бір уақытта мұнай алаңын жете барлау да, бұрғылау да, барлау бұрғылауы мен пайдалану бұрғылауы - екеуі екі бөлек жүргізіледі. Одан кейін бұрғыланған скважиналарды зерттеп, пайдалануға тапсыратын да, мұнараларды құрастырып, сөгіп, орын алмастыратын және оның әрқайсысын екі басқа кәсіпорын жүзеге асырады. Бір уақытта мұнай өндіретін, өндірілген мұнайды тасымалдайтын құбырлар тарту, өндіңрілген мұнайды арнаулы резервуарларға (қазандықтарға) құйып жинақтайтын, содан кейін оны Ресейдегі, Куйбышевтегі зауыттарға өңдеуге жеткізу үшін құбыр салынбақ. Өздігінен құбыр бойымен айдауға келмейтін коп парафинді қоймалжың, Маңғыстау мұнайын қыздырып сұйылтып айдау үшін Ресейдегі Куйбышевке дейін құбыр бойынан бірнеше жерден арнаулы қыздырғыш пештер, мұнай айдау станцияларын орнату, олардың бойына Опорный, Бейнеу, Сайөтес, Шетпе елді мекендерін, қала типтес поселкелерін, Өзен-Гурьев-Куйбышев мұнай құбырының құрылысы біткенше мұнайды Гурьев мұнай өңдеу зауытына теміржолмен тасымалдау үшін Өзен-Бейнеу-Гурьев теміржолын, Шевченко, Жаңаөзен қалалары құрылысын жүргізу, Өзен, Жетібай кен орындарында мұнай, газ өндіру үшін талай өндірістік нысандар-топтық қондырғылар, тораптық, сораптық станциялар, электр қондырғылары мұнайлы қабатқа су қыздырып айдайтын тәжірибелік станциялар құрылыстары жүргізіліп, өндірістік орындар мен азаматтық құрылыстарды қажетті Ресейдің зауыттарынан құрал-жабдықтар тасымалдап жеткізетін қалалар мен елді мекендерді ауыз сумен және технологиялық сумен жабдықтайтын кәсіпорындар талай ондаған құрылыс құрастыру, дәнекерлеу, тағысын тағы - ондаған кәсіпорындар құрылыстары жүргізіліп жатты.
Алғашқыда кен орнында өндірілген мұнаймен бірге ілесіп шыққан газды бірден игеру мүмкін болмай, оны амалсыздан жағып жіберетін. Оның құрамында метан, этан, пропан, бутан, изобутан, отындық құрғақ газ алуға болатын 12 түрлі аса қымбат өнімдер бар еді. Бұл халық байлығын өртеу болатын. Болашақта оны өңдеп халық игілігіне пайдалану үшін арнаулы Қазақ газ өңдеу зауыты құрылысы қолға алынуда. Міне, осы жұмыстардың барлығы бір уақытта жүргізілуі қажет болды. Өзен кен орнын игеру тікелей осы кәсіпорындардың жұмысына байланысты. Олардың бірінің жұмысы тежелсе өзге кәсіпорындардың жұмыстары түгел тежеліп, ақыр аяғында Өзен мұнайын игеру кешеуілдеп, не кідіріске ұшырайтын.
Өзен мұнай, газ кенорнын игеруде орасан зор шаралар жүзеге асырылып, ауқымды жұмыстардың атқарылып жатқандығы көрінеді. Теңге, Жетібай кенорындары мұнай, газ өндіруге дайындалуда. Өзен геологиялық барлау экспедициясынаң мұнай, газ іздестіруде тек 1964 жылдың өзінде 40 миллион сом қаржы жұмсалған. Ал осы 1965 жылғы көзделіп отырған қаржы одан да артық. Бұл мемлекеттің өлке байлығын игеруге қаншалықты көңіл бөліп отырғанын көрсетсе керек. Енді осынша мол қаржы тиісті мерзімінде игеріліп жатыр ма? Өзен геологиялық барлау экспедициясында 12 скважина бұрғыланып жатыр. Бұлар жоспар бойынша осы жылдың екінші тоқсанында пайдалануға тапсырылмақ. Бұрғылау жұмыстарын Ғазиз Әбдіразақовтың, Төреғали Қадыровтың, Тынымбай Опиевтың, Ага Салим Дарконның, Р.Муртазиннің, Дамир Нурисламовтың бригадалары жүргізіп жатты. Өзен геологиялық барлау экспедициясының басшысы Шахраманов пен Саркисов өздерінің жоспарды әрдайын асыра орындап келе жатқанын айтты. Ал, Өзен бұрғылау басқармасында және бұрғыланған скважиналарды пайдалану кәсіпорнында жағдай бұған кереғар болып шықты. Бұл екі кәсіпорын жылдың алғашқы тоқсанында 100 мың сом қаржыны игере алмай, 3 скважина жоспарда белгіленгеннен кем тапсырылған. Нәтижеде тоқсандық жоспар орындалмай қалды. Бұл мұнай өндіру қарқынына кері әсер етіп, мұнай өндіру кеміп кетті. Мұның сырына үңілгенімізде бұрғылауға қажетті құрал-жабдықтар жетіспей, жұмыс тоқтап қалған. Адам күші де жетіспейді. № 230, 248, 249 скважиналарды белгіленген тереңдікке жетіп, тұрғанына біраз уақыт болған. Енді ол скважиналар сынақтан өткізілмей, техника күшінің, адам күшінің, жетіспегенінен тұрып қалған.
Мұнайды тоқтаусыз өндіру үшін тәжірибе участогы мұнай құбыры салынуға тиіс. Бұл екі нысан құрылысын салу № 1 құрылыс басқармасына міндеттелген. Бірақ құрылыс басшыларының оралымсыздығынан бұл құрылыстар жоспарлы мерзімде бітпей, мұнай өндіру басқармасы 12 скважинаны тоқтата тұруға мәжбүр болды. Жылдың екінші тоқсанында тағы да 5 скважина бұрғыланып, пайдалануға тапсырылуға тиіс екен. Сонымен біздер мұнда 77 скважинаның өнім бермей қаңтарылып тұрғанын көрдік.
Қаржы мен материалдық-техникалық ресурстардың жеткілікті екеніне қарамастан қайсыбір мердігерлік кәсіпорындар мен өндірістік нысандар салатын № 1 құрылыс басқармасы тарапынан салғырттық болған. №3 және мұнай өндіру №4 қондырғыларының құрылысы да тым баяу жүргізіліп, ұзаққа созылуда. № 1 құрылыс басқармасының бастығы Меркулов өз ісіне жауап бере алмады. Ал, Өзенде мұнай алаңындағы барша құрылыстардың иесі - «Маңғыстау мұнай, газ құрылысы» тресінің бастығы П.И.Аваков әрі-беріден соң ашу шақырып, өзінің бұл орынға жоғарыдан тағайындалып келгенін алға тартып, бізбен қысқа әңгімелесті.
Жергілікті жердегі мұндай ахуалды Маңғыстау мұнай бірлестігінің басшылары да түзете алмаған. Өзен мұнай басқармасының бастығы Рахмет Өтесінов алдында мұндай нақты жағдайды есепке алып жатқан кім бар. Сын бізге тиіп жатыр дегені осындай ахуалдан кейін болса керек.
Жапанда өмір жаңғырды
Маңғыстау байлығын жеделдетіп игеру - мұнайшылардың ерлікке толы ерік-жігерімен бірге, оларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсетуге де байланысты болатын. Бұл ретте алдымен жан-жақтан толассыз ағылып жатқан жұмысшыларды баспанамен қамтамасыз ету кезек күттірмейтін мәселе еді. Мұнда тұрғын үйлер құрылысын № 12 құрылыс басқармасы жүргізуде. Басқарма бастығы Г.И.Трилисов орта бойлы, қапсағай, ақ сары кісі. Ол мұнда Ресейден өткен қыста ақпанның алай-дүлейімен араласып келген. Алдымен, «Почтовый ящикке» (қазіргі Ақтау қаласының сол кездегі алғашқы атауы) келдіп түскен ол мұнда орталық базадан құрылыс басқармасынан құрылыс жабдықтарын тиеп, автомашиналар керуенін бастап қайтқан. Біреше күн бет қаратпай боран ұлып тұр. Жаймашуақ күнді күтіп уақыт ұттыруға болмайтын. Мұның алдында ол Мосвкада болып, қаңтар айынан бастап Жаңаөзенде қала құрылысын бастап кетуге тапсырыс алып, асығыс қайтқан беті. Соның өзінде талай күні жолда өтіп кетті. «Почтовый ящикте» де құрал-жабдықтарға тапсырыстар беріп, біраз күн аялдап қалды. Енді болса міне, асыққанымен қақ маңдайдан соққан қарлы боранға тап болып, ілгері бастырмай келеді. Төңірек алай-дүлей. Асудан асқан ызғырық жел тізеден күртік қарды айдап жатыр. Машиналар керуені үздік-создық жолмен шұбап келеді. Қарақия ойпатында жол болмай керуен біраз уақыт тоқтап қалған. Керуен алға екілене ұмтылады. Кабинада отырған қапсағай денелі кісі төңіректі ойша бағдарлайды. Өзен құламасынан он шақырымдай түстік бетінде әр жерден оқшау мұнаралар қылт-қылт көріне бастады. Бұл - Өзен мұнай кенорны маңы. Олар бұрғылау құралдары жинақталған бір тұсқа кеп тоқтады. Бұл - болашақ мұнайшылар қаласының орыны еді.
- Біздер алғаш аптыққан боранмен арпалысып осылай келіп орналастық. Алғашқыда мұнда жатар орын да жоқ. Машиналардың кабинасында жаттық, - дейді Трилисов өткен күндерді еске алып.
Содан бері арадан бес ай өтіпті. Міне, көз алдымызда кішігірім қалашық. Күмбезі көп шиферлі екі қабатты алғашқы тұрғын үйлер қаздай тізіле қалған. Төңірек толассыз еңбек. Ерсілі-қарсылы жосылған машиналар жол бермейді. Бірі құрылыс жабдықтарын әкеп төксе, енді бірі жинақталған бұрғылау тұрбаларын тиеп өндіріс басына кетіп жатыр. Гүрс те гүрс соғылған балға, жарқ-жұрқ көз ұялтар сваркілер. Қалалық ішін аралап келеміз. Қай маңға қарасаң да қызу еңбек, қарқынды құрылыс.
- Мына салынып жатқан 400 орындық асхана, - дейді басқарма бастығы Трилисов үйді нұсқап.
Мұнда құрылысшылар қауырт қимыл үстінде. Бірі қабырғаларға құрғақ сылақ жүргізіп, енді біреулері еден тақтайларын қиындастыра төсеп барады. Лезде терезелер қондырылып жатыр.
- Магомед Акаев, - деп таныстырды өзін орта бойлы, қыр мұрынды, қапсағай жігіт. Ол комплексті құрылыс бригадасының бригадирі екен.
- Жылдың бірінші тоқсанында жұмыс жоспарын 200 пайыз асыра орындап, он үй тұрғыздық, - дейді. Олар қысқа мерзімде 150 орындық екі жатақхана және әрқайсысы 8 пәтерлік 11 тұрғын үй құрылысын пайдалануға тапсырып, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің жиырма жылдығы құрметіндегі еңбек вахтасында тұрып «Коммунистік еңбек бригадасы» атағына жеңіп алып, құрылыс басқармасының Құрмет грамотасымен марапатталған.
Бригада құрамында 11 адам бар. Ағаш шебері С.Будтаев, И.Тимофеев, А.Безшкуров, сыршы Н.Нетрушкин, Ф.Унчурянды бригадир мақтаныш ете сөйледі.
Келесі қабырғалары тастан өріліп жатқан екі қатарлы үйде Алиев Пудайдың бригадасы қызу қимыл үстінде. Олар 20 күндік жұмысты 10 күнде бітіруге міндеттеме алған.
Өткен айда әрқайсысы 8 пәтерлік екі қатарлы 3 тұрғын үйді осы бригада салған.
- Келесі айдан бастап үш, төрт қатарлы тұрғын үйлер құрылысын бастаймыз. Ол арнайы карьерде кесілген ақ тастардан қаланады, - дейді ол.
Мына бір тұста келесі тұрғын үйлердің негізі орнатылуда. Өрімдей жас жігіттер денелері күнге шағылысып маңдайынан шып-шып аққан терді білегімен сүйкеп тастап қызу жұмыс үстінде.
Одан әрі тағы бір топ құрылысшылар келесі құрылыстардың орнын өлшеп, жобасын белгілеуде.
Осы 1965 жылы мұнда жоспарда белгіленген 7 миллион 980 мың сом орнына 10 миллион сомның жұмысын игеріп, 400 пәтерлік тұрғын үй және 1000 орындық үш қатарлы мектеп үйінің құрылысы басталып, келесі оқу жылына дейін пайдалануға тапсыру көзделуде. (Автордан: бұл - қазіргі № 1 «Шаңырақ» шағынауданындағы № 3 орта мектебі).
Бұл – болашақ Өзен қаласының алғашқы қадамы.
- Келесі келгеніңізде қаланы танымай қалатын боласыз. Қаланың алғашқы көшесі «Мұнайшы» деп аталатын болады, - деп үстемеледі әңгімесін Трилисов бізбен қоштасарда.
Міне, осылай бұрын жан баспаған Өзен жерінде ұшқанда құс қанаты талатын құла түз - жапанда өмір жаңғырып келе жатты.
Бұрғылау басында
Өзен кен орынын игеру мұнда қала құрылысымен қатар жүріп жатты. Теңге газ кенорнын барлау 1964 жылдың мамыр айынан басталған. Өткен бір жыл ішінде бір жарым жылдық жұмыс орындалған. Мұнда бұрғылауға берілетін скважиналарды құрастыру жұмыстары жүргізілуде. Міне, біздер енді құрастырылғалы жатқан кезекті бір мұнараның жанында тұрмыз.
- Өткен жылы міндеттемелерін 110 пайыз орындаған құрастыру цехы биыл бірінші тоқсанда 4 мұнара құрастырып, жоспарды 133 пайыз орындаған. Бригада № 4 скважинаның мұнарасын 18 күнде құрастырған. Сондай-ақ, №4, 12, 64 скважиналарының мұнаралары да жоспарда белгіленгеннен бұрын бұрғылауға тапсырылды. Мұның алдында осы бригада құрастырған № 5 скважинада бұрғылау кезінде жер астынан оқыс газ атылып кетіп үлкен әбігерге салған. Мұнда жоспар бойынша геологтар белгіленген 3000 метр тереңдікке дейін бұрғылау керек болатын. Бірақ күтпеген жерден 1800 метр тереңдіктен газ бұрқағы атылып кетіп, одан әрі бұрғылауға мүмкіндік бермей, жіберілген сұйықтықты кері ысырып тастаған. Енді жер астынан атылып жатқан от бұрқақ маңайына жуытпай өртеп барады. Екі айдан бері бұрқақты басу мүмкін болмай, жер асты газ қысымын жан-жаққа бөліп барып басу үшін оның жанынан осы № 27 скважинаны көлбеу бұрғылап, газ қысымының күшін басып бұрқақ осы әдіспен ауыздықталмақ. Қазір бригада осыған жұмылдырылған. Құүрастырушылар - жөндеуші Григорий Беляков, электр дәнекерлеуші Володя Абилов, трактористер Якуб Керимов, Ұзақбай Исмайлов - мақтаулы жұмысшылар екенін айтты.
- Екінші тоқсанда бір жарым есеге арттыруды міндеттеніп отырмыз, - дейді құрастыру цехының бригадирі Рашид Хафизов.
Міне, олар кезекті мұнараны құрастыру жұмысын бастап кетті. Мотор үні құлақ тұндырарлық. Қатар тізіле қалған бірнеше трактор аспанмен таласқан бұрғылау мұнарасын сүйреп әкеліп тоқтады. Сораптар блогы жалғанып, қаз мойын крандар мұнараны қалықтап көтеріп әкеліп негізгі ұстынның үстіне қондырғылғанда мұнара әуелеп барып тікесінен тұрды. Жедел электр дәнекерлеушілер іске кірісіп кетті. Қара темірлер қақталып, жымдаса жабысып жатыр.
Мұнан кейін Жетібайдағы № 7 скважинаны қазып жатқан Салық Рысқалиевтың бұрғылау бригадасына кеп тоқтадық. 1000 метр тереңдікті бұрғылау барысында тұрба сынып, бес сағаттан бері тоқтап тұр. Қазір бұрғышылар қарбалас үстінде. Жер астында 1000 метр тереңдікте қалған тұрбаның сынығын суырып алу үшін өздері «метчик» деп атайтын арнайы құрал жіберіліп жатқан.
- «Метчик» ілінді, - деп хабарлады аппаратпен бақылап тұрған Сүйеген.
- Ендеше көтеріңдер, - деп дауыстады арыдан бригадир Салық.
... Бес жүз, ... жеті жүз, ... тоғыз жүз метр..., мың...
Сынған тұрба шығарылды. Мұнан кейін әлгінде көтерілген тұрбалар жер астына қайта жіберілді.
- Моторды іске қосыңдар, - деді арыдан Салық.
Бұрғылау моторы гүр ете қалды. Скважина қалпына келтіріліп, тереңдік одан әрі бұрғылана бастады.
Әдетте мұндай тоқталыс кезінде оған екі күндей уақыт жұмсалатын. Бұл жолы олар жеті сағат ішінде-ақ қалпына келтірді. (Автордан: кейін бұл екі бұрғышы Сүйеген Салманов «Социалистік Еңбек Ері» атағын алып, Кеңестер Одағы Коммунистік Партиясының ХХШ съезінің делегаты, КСРО Жоғарғы Кеңесінің депутаты болып сайланды. «Еңбек Даңқы», «Құрмет белгісі» ордендерімен марапатталып, есімі Алтын кітапқа енді. Ал, Салық Рысқалиев «Социалистік Еңбек Ері» атағына ие болды).
Бригада бұрғылау жоспарын ай сайын 130-135 пайызға артығымен орындап келеді. 1965 жылдың жоспары 5170 метр тереңдік бұрғылау болса, өткен алғашқы төрт айда 2400 метр қазып, Жетібай мұнай барлау экспедциясының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Коммунистік еңбек бригадасы» атағына ие болған.
Алайда мұнан да жоғары көрсеткіштерге жетуге техника күшінің жетіспей қолбайлау болып отырғанын айтады бригадир Салық Рысқалиев.
- 900 аттың күші бар үш станокты мотордың орнына 600 аттың күші бар үш станокты мотор жұмыс жасап тұр. Бұл - бұрғылау өнімділігіне айтарлықтай кері әсер етіп отыр, - дейді ол.
Мұнда жан-жақтан келіп жатқан мамандардың дені жастар. 20-30 жас арасындағылар Өзен халқының 85-90 пайызын құрайды. Комсомол жастар еңбекте алда, өмірде жақсы істердің ұйытқысы болып жүрді.
Төреғали Қадыровтың бригадасында
Маңғыстауға жан-жақтан келген кадрлардың бірі Төреғали Қадыров. Ол 1956 жылға дейін туысқан Түркменстан Республикасында мұнай өндірісінде жұмыс жасаған. Мұнан кейін біраз жыл Ембімұнай жүйесінде еңбек етіп, Маңғыстау мұнай, газ байлығын іздестіруге алғаш аяқ басқандардың бірі. Ол 1961 жылы алғашқы барлау алаңдары Түбіжік, Қызан жерін бұрғылауға қатысты. Сол жылы Өзен барлау алаңына барлаушылар тұңғыш аяқ басқанында солардың ішінде Төреғали да бар еді. Ол мұнда Түбіжік, Қызанда еңбек еткен бригадасының толық құрамымен келген. Міне, содан бері олар Өзен жерінде 14 скважина қазып тапсырды. Тың жерде бригада алғаш бұрғы салған № 1 және № 22 скважиналары болатын. Тың жерден іздегеніңнің табылуы - іздеген жоғыңның аяқ астынан табылуымен бірдей. Бұл екі скважинаның екеуінен де мұнай атылғанда олардың қуанышында шек болмаған. Геологтардың өздері № 22 скважина контурлық скважина, мұнан мұнай шықпауы мүмкін деп күдіктенген. Әйтсе де, солай екен деп босаңдық көрсетпей Төреғали скважинаны барлық талаптарға сай аса сақтықпен бұрғылаған. Соның нәтижесінде күтпеген жерден бұл скважинадан мұнай атылды.
Біздер келгенде бригада № 44 скважинаны бұрғылау үстінде екен. Бұл биыл Төреғали жетекшілік ететін бригада бұрғылап жатқан үшінші скважина болатын. 27 адамнан тұратын бригада төрт вахтамен жұмыс жасайды. Бригада құрамы негізінен жастар. Олар «Коммунистік еңбек бригадасы» атағын жеңіп алу үшін күресіп жатқан. Бұрғышы Ермұқанбетов, мотористер Күмісбаев, Омаровты қиындықтан қашпайтын жігіттер деп әріптестерін мақтан ете сөйледі.
- Маңғыстау жерінің қиындығы мол, өзен-көлі, ағын суы жоқ, жазы ыстық, қысы суық. Үй-жай, мәдени қызмет, өзге де қиындықтар өз алдына. Сондықтан да бұл жерге екінің бірі келе бермейді. Отан байлығы, ел игілігі үшін еңбек етуді борышым деп санайтын адамдар ғана төзеді бұл жерге. Біздің бригада мүшелері осындай адал да еңбекқор жандар. Ұжымда он ұлттың өкілі бар. Орыс Юрий Мещеряков, украин Денисенко, белорус Осадчий, лезгин Аграфендиев, татар Набиуллин, ингуш Хабердиев, құмық Гастретов, әзірбайжан Ибатов, тағы басқалары - бір кісінің баласындай болып ұйымшылдықпен еңбек етіп жатыр, - дейді Төреғали ұжым ұйымшылдығын мақтаныш етіп.
Бүгін № 44 скважинада бұрғы 1000 метр тереңдіктен асып барады. Бригада бұл айдың жоспарын да асыра орындау үшін жұмылып жатқаны көрінді.
- Осындай жауапты шақта уақытымыздың әрбір сәті қымбат, - деді Төреғали бүгін жанар май, су жетіспей қалу қаупі болып, соны жетістіру үшін кетіп жата жатқанын айтып асығыс қозғалды.
(Автордан: Сол Төреғали кейін «Социалистік Еңбек Ері», «Ленин», «Құрмет» ордендерімен марапатталып, Қазақ ССР Жоғарғы Кееңсінің депутаты болып сайланды).
Жұлдызды жылдар алдында
Ғазиз Әбдіразақов та Маңғыстауға алғаш келгендердің бірі. 1951 жылы Маңғыстау түбегінде бірінші болып Түбіжікте қондырылған «К-2» қондырғысы бұрғылана бастады.
Ғазиздың ата-бабасы осы Маңғыстау жерінде өскен. Заманалардың құбылуына байланысты Жем бойына беріде көшкен. Ғазиз өзі бұрғылаудың құлағында тұрып, тұңғыш ата-баба жеріне Түбіжікке баұғы қадағанда сол ата-бабалар әруағына, әулиелерге жалбарынып тұрып алғашқы бұрғыны өзі қадаған. Бұрғының арынды үні ғасылар бойы бұйығы жатқан маң даланы бөрліктіріп, төңіректі жаңғырықтырып жіберді. Бұйығы жатқан қыр басы мәңгі ұйқысынан оянып, қалтырап кетті. 1951 жылдың күзінде басталған бұрғылау келер 1952 жылдың наурыз айында 1000 метр тереңдікке жетіп тоқтады да, сосын сынақ жасады. Скважина аузынан қара қошқыл қоймалжың сұйықтық аға бастады.
- Мұнай..., мұнай..., ура. – деп бұрғышылар іліп әкетті.
Бұл оқиға Маңғыстау жерінің құр еместігін, мұнда талай мұнай, газ көмбесінің бар екенін байқатқан.
Мұнан кейін Ғазиз Қызан жерін бұрғылауға қатысты. Бұл маңды 1959 жылға дейін бұрғылаған Ғазиз сол жылдың 24 желтоқсан күні бригадасымен Өзен жеріне келіп бұрғы салды. «К-7» бұрғылауы жобалы тереңдік 950 метрден ештеме шықпады. Бүгін мұнда скважинаны зерттеуге келгендер - көзін осы бұрғылауда ашқан, осы бұрғыдан көзі ағарғандар. Олардың ішінде қолмен қазып алғандар, Татария мұнайын түбінен қопарғандар, Грозный, Баку мұнайын қасықтап ішіп, бұрғысын қолдан қаққандар. Олар қандай сәтте бұрғылауда нендей өзгерістер болатынын білетіндер, бір сөзбен айтқанда бұрғылаудың майын шағып, ішкендер сөйте тұрып Маңғыстаудың құпиясына түсінбей ақ тақырға отырып қалды.
Абыройды келесі «К-18» бұрғылауы жапты. Бұл бұрғылау да айдан кідіріп барып келесі күні ойда-жоқта мұнай өз-өзінен ақтарылды. Содан бастап Ғазиз бұрғылаған скважиналар түгел мұнай бұрқағын берді. Ғазиз бұрғылаған осы скважина Маңғыстауда мұнай мен газдың мол қоры бар екендігін паш етті. Мұнан кейінгі Ғазиздың қолынан шыққан скважиналар түгел мұнай берді. Ғазиз терең бұрғылауды меңгеріп, пермотриас қабатынан да мұнай алды. Бұл тарихта тұңғыш жаңалық еді. Бұған дейін ғалым-геологтар пермиотриас қабатының сырын аша алмай, оны мұнайсыз қабат болуы мүмкін делініп келген. Бұл жаңалықты ашу да Ғазизға бұйырды.
Бұрғылау барысында су, материалдар жетпесшілігі, жұмыс барысындағы кемшіліктер - мұның бәрі үйреншікті жәйттер. Осы «Г-116» скважинасы да осы жаттанды айқаймен бұрғыланып жатқан. Кенет 3000 метр тереңдікке келгенде бұрғы мұқалып қалғандай одан ары жылжымай қойды. Ал, жоба бойынша әлі 500 метр тереңдік қазу керек. Әдетте бұрғының ұшы тасқа кезіксе оны тесіп өте алмай, осылай болатын. Бұл ұңғы қабырғаларының, жарының құлаған белгісі. Екі күннен бері бригада осындай қарбалас үстінде екен. Құлаған жердің орны толтырылып, бекітіліп, сосын қосымша шеген құбыры жіберіліп, содан кейін ғана бұрғы қозғалды. Ал, осы скважинадан сынақ кезінде бензин белгілері байқалып, сұйық мұнай шықты. Бұған дейін Өзеннің барлық жерінде де қоймалжың мұнай шығып тұрған. Табиғаттың бұл құпиясын ешқайсысы түсіндіре алмады. (Автордан: Мұнан кейін Ғазиз Асар жерін терең бұрғылап, «Г-2» скважинасы арқылы 1968 жылы бұл жерден де тұңғыш мұнай фонтанын атқызып, Асар кен орнын Ғазиз өз қолымен ашты.) 1973 жылы № 3 бұрғысы арқылы ол Бұрмаша алаңынан да тұңғыш мұнай фонтанын алды. Ай сайын бұрғылау жоспарын 130-140 пайыздан түсірмей келген бригада мына көлденең жағдайдан кейін тұңғыш рет 105 пайыз етіп орындады. Бұл Ғазиздың ең төмен көрсеткіші болды. Әйтсе де бұл қиындықтар Ғазизды алдағы жұлдызды жылдарға дайындады. Сөйтіп ол үнемі жоғарғы көрсеткіштерге жетіп, жаңа табыстарға бастады.
Бұрғышылар арасында бұрғылаудың ең қиын да тың әдістерін, бұрын-соңды қолданылмаған технологияларды қолданып, тәжірибеге өмірге енгізу жаңалығы Ғазиздың үлесіне тиді. Оның тәжірибелері Бүкілодақтық деңгейде қолданыла бастаған. (Автордан: Осы табыстары үшін Ғазиз 1966 жылы «Ленин» орденімен, 1999 жылы «Құрмет» орденімен, 1971 жылы «Октябрь революциясы» орденімен марапатталды.)
Газет және өмір
Өткен жылы Өзен геологиялық барлау экспедициясында жастар ұйымы құрылып, оның тұңғыш жетекшілері Оразғали Оңғарбаев, кейін Кенған Табылдиев қоғамдық өмірге белсене араласып, әрдайым жақсы істердің ұйытқысы бола білді. Жастар коммунистік сенбілік өткізіп, көшелерге, клубтың төңірегіне тал-шыбықтар отырғызып, ауыл ішін көгалдандырды. Комсомол жастар тәртіп сақтап, ішкілікке жол бермеу үшін күресті. Жатақхана кеңесі құрылып, олар апта сайын жатақхана тұрғындарымен кездесіп, түрлі тақырыптарда кеңес беріп, лекция, әңгіме өткізіп тұратын. Айбибі Оразмағамбетова бастаған қыздар тобы жасаулы сахнада ән шырқап, төңіректегі ауылдарға, Теңге ауылына барып концерт қойып тұрды. Жұмыстан кейін поселке ішінде радиодан жастардың асқақтата салған әні мен көңіл желпінтер күйін тыңдағанда мұнайшылар қанаттанып қалады.
Жастар поселкеден волейбол, футбол алаңдарын салып, жұмыстан кейінгі уақыттарын мазмұнды өткізеді. Экспедицияның комсомол комитеті жастардың жақсы бастамаларына әрдайым мұрындық болуда.
Сондай-ақ халықтық бақылау топтарының жұмысы, барлаушы, мұнайшыларға мәдени-тұрмыстық қызмет көрсету жайы, балалар бақшасы, тігін шеберханасы, дүкен-сауда, асхана қызметі, ондағы кемшіліктер, қатынас жағдайы, мұның бәрі қаламнан тыс қалмай газет бетінен көрініп тұрды.
Осы бір ай іссапарымды мұнай алаңдары мен бұрғылау басында өткіздік. Жүрген жолдарым Гурьев облыстық «Коммунистік еңбек» газетінде «Маңғыстауда бай қазына» атты айдарымен үзбей жарияланып тұрды. Газеттің 1965 жылдың 2 маусымы күнгі санында жарияланған «Байлық бұлағын байлап отыр» атты мақалам облыстық партия комитетінің сәуір Пленумының шешімдерін жүзеге асырып, Өзен мұнай, газ байлығын жеделдетіп игеруді жолға қоюда қоғамдық пікір - үлкен қозғалыс туғызып, жұмысқа серпін берді.
Мақалам «Өзенмұнай» басқармасының барлық төменгі буын цехтарында, мердігерлік ұйымдар арасында, Өзен байлығын игеруге қатысты өзге де кәсіпорындарда талқыланып, орын алған кемшіліктер дер кезінде түзетіліп, Өзен мұнайын игеруді жеделдетудің тиімді шаралары алынды. Газет бетінде өз адрестеріне сын айтырғандардың қарсылық әрекеттері де болмай қалмады. Бірақ, қалай болғанда да сайып келгенде мақала мемлекет пайдасына шықты.
«Өзенмұнай» жүйесінде комсомол жастар ұйымдарының жұмысы, мұнайшылардың мәдени өмірі, тұрмыстық қызмет көрсету, Өзен мұнайшылары өмірінің өзге де мәселелері, кедергі болған проблемалары газет бетінде көрініп, шешімін тауып отырды.
1967 жылы Өзен ауданы құрылып, оған Өзен, Жетібай, Ералиев өндірістік елді мекендері мен Ақсу, Қансу барлау алаңдарындағы елді мекендер қарады. Аудан орталығы Жаңаөзенде орналасты. 1968 жылы 21 қазанда Жаңаөзенге қала атағы берілді. 1970 жылы Өзен аудандық «Жаңарған Маңғыстау» газеті ашылып, газет Маңғыстау мұнай, газ байлығын игерушілер өміріне арналды. Маған осы «Жаңарған Маңғыстау» газетін ашып, оның алғашқы санын шығару үлесі бұйырды. 1973 жылы Маңғыстаудың өндірістік экономикасының шарықтап өсуіне байланысты Маңғыстау өз алдына дербес облыс болып, құрылып, осы жылы 13 сәуір күні мұнда Маңғыстау облыстық «Коммунистік жол» газеті ашылып, бұл газеттің де алғашқы санын шығару үлесіне ие болдым.
Өзен байлығын Отан игілігіне жаратуда «Жаңарған Маңғыстау» газетінің атқарған қызметі орасан. Газет сол кездегі коммунистік партия мен мемлекетіміздің тарихи шешімдерін жүзеге асырып, Жаңаөзен қаласы құрылысын салып, мұнайшыларға ерен еңбек ету үшін лайықты мәдени, тұрмыстық қызмет көрсетіп, экономикалық дамуы үшін газет партия мен үкіметіміздің ең қуатты шешуші органы болып, жан аямай күресті. Осы ретте мына бір жайды айтпай кетуге болмас. 1970 жылдары Жаңаөзен қаласы құрылысы қызу қарқынмен жүргізіліп жатқан. Қала күн санап өсіп, қанат жайып келеді. Бұрынғы Одақтас Республикалардың түкпір-түкпірінен жан-жақтан ағылған қисапсыз маман кадрлар легі әлі толастамаған. Жылына 16,7 миллион тонна мұнай өндіріліп, үш-төрт қатарлы тұрғын үйлер ізді-ізіне тапсырылып, жыл сайын 34 мың шаршы метр тұрғын үй салынып, теңіз суын мұнайлы қабатқа қайтанатып айдап, анау жердің түбіне пермотриас қабатына төрт мың метр тереңдікті бұрғылап, тұңғыш Қазақ газ өңдеу зауытын, мұнайды жинақтап айдайтын Өзен-Гурьев-Куйбышев ыстық жол құрылысы, тағы басқа да көптеген өндірістік алып нысандар құрылысы жүргізіліп, Маңғыстау Бүкілодақтық екпінді құрылыс деп жарияланған. Мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен романтика қуғандар жастар ағылып келіп, аянбай еңбек етіп, төрткүл дүниені дүбірлетіп жатқанда мен де туған жерді гүлдендіруге аянбай еңбек етіп, атсалысуым керек деген өн бойымды осындай бір арман-жігер билеп алған. Жетістіктерімізді мақтана жырлап, өмірдегі, өндірістегі кемшіліктерді сын садағымен аяусыз түйреп жатырмыз. Сын әділ болмай шықса қалалық партия комитетінің бюросында жазған журналист жауап береді. Әділ болса сынға ілінген мекеме басшылары жауап береді. Екі жақтың бірі қызметінен босайды. «Сасқан үйрек құйрығымен сүңгиді» демекші жаны қысылған жақ журналистке жала жауып, өзі ақталып шығуға бар өнерін салып бағады. Мұндайда жазықсыз күйіп кетуің де мүмкін.
Қаламыздың осы күнгі №1 «Шаңырақ», №2 «Шұғыла», №3 «Самал» шағынаудандарының құрылыстары жүріп жатыр. Төрт қатарлы тұрғын үйлер ізді-ізіне пайдалануға тапсырылуда. Қала жедел ұлғайып, бұрынғы шағын жылу беретін қазандықтың қуаты жетпей, өткен қыста қиындық туғызған. 1970 жылы қалалық партия комитетінің бірінші секретары Қожанияз Бәйтенұлы Исентаев аудандық үлкен жылу қазандығы құрылысын қолға алды. (Қазіргі № 2 шағынауданның терістік қарсы бетіндегі биік мұржасы үлкен бу қазаны. Ол күні бүгінге дейін қаламызға жылу беріп тұр). Қазандық құрылысын жүргізу мердігерлік кәсіпорын - «Свармонтаж» құрылыс басқармасына міндеттелген. Құрылысы дүрілдеп басталған қазандық көп ұзамай баяулап, жаз бойы бұл маңда қараң-құраң да көрінбей қалды. Ал, жылу маусымы тақау, қыркүйек айы аяқталуға жақын. Тап осы кезде менің «Жылу қазандығы биыл тапсырылмай ма?» атты проблемалық мақалам жарияланды. Ол кезде газет сөзін партиялық нұсқау деп білетін. Қаланың бірінші хатшысы Қ.Б.Исентаев «Азанда жұмысқа келгенімде сол күнгі газет менің алдымда, столымда жататын болсын» деп талап қоятын. Сол күні-ақ кезектен тыс қалалық партия комитетінің бюросы шақырылды. Бюрода «Свармонтаж» басқармасының бастығы бар ма?» деді хатшы. Жасы қырықтар шамасында толықша келген, қос беті нарттай орыс жігіті орнынан көтерілді.
- Қазір бұл қазандықтан басқа да аса маңызды нысанымыз бар. Бейнеуде құбырмен мұнай айдау станциясы құрылысының мұнай қыздыру пештерін салып жатырмыз, бар күшті сонда аудардық, - деді ол. Оның сөйлеу мәнерінде имену жоқ, еркіндік, өзімбілемдік басым.
- Қазандық құрылысын тоқтатып тастап кетіп қалуға кім рұқсат етті? - деп хатшы шаншыла түсті.
Ол кезде мұнай құрылысы басшылары Москвадан жіберіледі.
- Біздерге жоғарыдан нұсқау түсті, - деді басқарушы.
- Жоғары болғанда кім? – деп хатшы тықақтай түсті.
- Министрліктен...
- Министрлікте кім берді?
- Министрдің өзі.
- Қане, сол министрдің қазандық құрылысын тоқтат деген нұсқауын әкелші бері, көрейік.
- Телефонмен берді, - деп кібіртіктеді басқарушы.
- Ендеше, осы қазір маған жазып бер солай деп. Ол министр Маңғыстаудың жағдайын білмейтін министр екен. Ал, мен Маңғыстаудың жағдайын білетін адамдарды табамын осы қазір Москваға ұшамын, Орталық комитет хатшысы Марковке барамын. Ол кісі біздің жағдайымызды жақсы түсінеді. Осы қазір бюроны тастап Москваға ұшамын. Әкел қолхатыңды. Мә, қағаз, мә қалам, - деп тықсырды.
Басқарушы қалшиып қатты да қалды.
- Кужанияз Байтенович, - деді ол әлден кейін тұтыға сөйлеп, - так писать неудобно, прощу прощение. Больше не повториться. Районная котельная будет сдан в срок. Заверяю, - деді өңі қанталап.
- Ендеше, - деді Қожанияз Бәйтенұлы әр сөзін нығарлап, - ертең таңертең сенің жұмысшыларыңды толық құрамымен сол жерде - қазандық басында көретін болайын. Тәулігіне 24 сағат жұмыс жасайсың. Түнде ұйқы, күндіз күлкіні ұмытасың. 15 қазан күні қалаға жылу беретін боласың. Осыған келісесің бе?
- Болады, беремін, - деп басқарушы шыбындап қалды.
- Енді мен қазандық құрылысы жөнінде ешқандай сылтауды тыңдағым келмейді. Естідіңдер ғой, - деді хатшы одан әрі нығарлап.
Бұл - қазір осында отырған, қазандық құрылысына тікелей де, жанама да қатысы бар барлық басшыларға берілген нұсқау еді.
- Осындай мемлекеттік маңызы бар аса маңызды проблеманы дер кезінде көтерген газетке де, журналистке де рахмет, - деді ол көпке естірте.
Сонымен, аудандық орталық жылу қазандығының құрылысы белгіленген уақытта пайдалануға тапсырылып, 15 қазан күні қалаға жылу берілді.
Иә, Жаңаөзен қаласының құрылысын салып, Өзен мұнайын халық игілігіне жарату жолында журналистік қызметімізде естеп кетпес мұндай жайлар көп болды. Оның барлығын да бұл арада тізіп жатуды мұрат тұтпадық.
Сонымен, бүгін құрылғанына 50 жыл толып отырған Жаңаөзен қаласы, игерілген Өзен кен орыны өткен жарты ғасыр ішінде талай тарихты артқа тастап, өсіп-өркендеп, алға басып келеді.
Жоламан АЙДАРБАЕВ, Жаңаөзен қаласының құрметті азаматы, Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, ҚР Құрметті журналисі