Көктемнің бірінші күнінен бастап қазақ даласына шуақ шашыла жаңа леп келеді. Олай демегенде ше, ең бірінші күнінде бір-бірімізге алғыс айтудан бастап, адамдарға қуаныш сыйлап, олардың мерейін өсіріп, өзіміз рухани бір серпіліп қалдық. Одан кейін 14 наурызда келіп жеткен көктем күні Маңғыстау жұртына Амал мейрамын әкеліп, төс қағыстырып көрістіруді бұйыртты. Маңғыстаулықтар үшін мәні бөлек мереке Түпқараған ауданында да тойланып өтілді.
Қызылөзен ауылында «Бақ мерекем – Наурызым» атты мерекелік шарасы өтті. Көргенді ауылдың адамдарынан қазақилық, қарапайымдылық сезіледі. Барлығы да қазақи нақыштағы киімдерін киіп, ауыл орталығында ұйымдастырылған шарада бір-бірімен ашық-жарқын кейіпте төс қағыстырып, көрісіп мәз. Ән-шашуды ұйымдастырып, наурыз көже ішуден жарысқа түсіп, ұлттық ойындарды көрсетті. Аудан әкімінің орынбасары Талғат Алтынғалиев пен Форт-Шевченко қаласының әкімі Мұратбек Дощанов Қызылөзен ауылының тұрғындарын арнайы барып құттықтап, мерекелік лебіздері мен тілектерін білдірді.
Наурыз мағынасы – парсыша «жаңа күн» дегенді білдіреді. Жаңа деген сөздің төркініне көптеген нәрсені сыйғызуға болады. Жаңа нәрсеге қуану, сүйіншілеу, шашу шашу, көңіл-күй көтерілу, әндету, тойлату тағысын солай адамның іс-қимылдары мен сезімдерін сыйғыза аламыз. Жаңа деген сөзде өмірдің жаңа парақтарын бастау, қалыпты өмірді жаңаша жақсарту деген де мағына бар. Маңғыстаулықтар үшін Амал мейрамы осы жақсылықтардың бастамасы іспетті. Адамдар бір жақсылықтан үміттеніп, барлығына жарқын кейіпте қарайтындай. Бір-бірімен көрістіріп, бұрынғы өкпе-ренішті ұмыттырып, татулық пен бірлікті ту ететін де осы – Амал мейрамы. Адам баласына ұзақ жасау үшін жанының жайлылығы маңызды болса, наурыз кірбің шалған көңілдерге қуаныш сыйлай алатын ай. Осындай әдемі мейрамды бұрынғы мәнінен айырып алмасақ екен деген ойды оқырман қауымға ұсынғанды жөн көрдім. Былай қарағанда барлығы бұрынғыша сияқты, ауыл ортасында әкімші мекемелердің ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өтіп жатыр, халық көрермен болып мәз. Бірақ мереке өтіп жатқан алаңда көп жастарды көре алмаймыз. Жастарға мерекенің қатысы жоқ па, бұл мереке тек немерелерін ерткен үлкендер үшін бе деген ой келеді. Ауыл ортасындағы Амал тойына жастар неге келмеген? Жұмыс күні, оның үстіне Отпан таудағы үлкен мерекеге кетуі де мүмкін. Бірақ ауылдардағы Амал мерекесі өз деңгейін түсірмесе екен деген пікірім бар. Ауыл болып бәйге ұйымдастырмасақ та тай жарыс, ошақ бәйге ұйымдастырып, қа- зақша күрестен жастарымызды сынап, оған жобадағы сыйлықтар тігіп жатсақ қызықтың көкесі сол болмай ма? Көше-көше болып сахналанған көріністі «өтті ме, өтті» дегізбей, дұрыстап ұйымдастыруға да мол мүмкіндік бар. Наурыз – халықтың мейрамы, ол күні ұлы той болуы да міндетті. Ешқандай дінге де, саясатқа да қатысы жоқ, халықтың жақсылыққа сену ұғымына ғана сиятын мейрамды қай жерде, қалай ұйымдастырсақ та өз дәрежесін сақтап қалуға тырысқан жақсы сияқты. Рухани жаңғыру бағдарламасына толық сиятын, ұлт рухының биік болуына септігі бар, түп тамырымызбен байланыстыратын мерекенің басқа мейрамдардан шоқтығы биік болса деймін.
Клара ҚАНСҰЛТАНОВА