Ақтаудағы облыстық орталық мешіті жанындағы медреседе тәрбиеленіп жатқан шәкірттер арасында имандылық сабақтарымен қатар тәрбиелік мәні зор игі шаралар үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Сауабы мол ондай игілікті істердің кейбірі — садақа беру, үлкенге құрмет көрсетіп, кішіге ізетті болу.
Жақында медресе оқушылары облыс орталығындағы мүгедектер мен қарттар үйінде болды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының ғұламалар кеңесінің ұсынысымен бекітілген «Ислам және отбасы» жылы аясында ұйымдастырылған кездесуде балалар ата-әжелерге арнап, дастархан жайды. Ақ дастархан басында бас қосқан медресе ұстаздары мен шәкірттер қарттардың хал-жағдайын сұрап, ашық жарқын әңгіме өрбітті.
Қасиеттi Құранда: «…Қайырдан не iстесеңдер, Алла оны күдiксiз бiледi»,–делiнген («Ниса» сүресi, 127-аят). Тағдыр талқысына тап болған қариялардың көңілдерін аулаған балалар сауаптан үміттеніп, мойындарынан бір жүк түскендей болды. Ал мүгедектер мен қарттар үйінде тұрып жатқан қамкөңіл қариялар ақ батасын беріп, алғыстарын жаудырды.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА