Әркімнің өміріне өшпестей із қалдыратын елеулі оқиғалар болады. Мен үшін сондай оқиғалардың бірі - Маңғыстауда алғаш ашылған мұнай алаңы Өзенді игеруге бардым.
1964-ші жылғы шілденің 15-і. Бұл - менің Өзен мұнай өндіру басқармасына бастық болып тағайындалған күнім. Өзен кенорнын пайдаланудың басталған күні.
Булығып жатқан бұлақтың қайнар көзін ашып, арнаға салып жіберу - сирек кездесетін сәт. Сондай сәттің маған тап болғанына мен өзімді бақыттымын деп санаймын. Бұл кәрі Ембінің барын беріп болып, титықтап тұрған кезі еді. Қанша тырыссаң да мұнай өнімі 1,5 млн. тоннадан аспай қойған. Осындай жағдайда Өзендей алып кенорнының тек ембіліктер үшін емес бүкіл Қазақстан үшін, тіпті Одақ үшін (ол кезде Батыс Сібір мұнайы әлі алынған жоқ-ты) үлкен үміт арттыратын оқиға еді. Еңбегіңді ел үмітін ақтауға арнағаннан артық қандай бақыт керек?
Жаңа өндіріске жұмысшы жинау мақсатында алдымен Ембі кәсіпшіліктеріне бардым. Содан келгендер - Маңғыстау мұнай өндірісінің іргетасын қалаушылар: Смағұл Жалғасбаев - «Социалистік Еңбек Ері», Кемелхан Нұрмұқанов, Омар Бисалиев - «Еңбек Қызыл Ту» ордендерінің иегерлері, Орынбай Бердіғожин, Әнес Бүркітбаев, Алексей Ива- нович Осадчий, Атырау Ығылманов - Қазақ ССР-не еңбек сіңірген мұнайшылар. Бұлардың көбі қазір арамызда жоқ. Біз оларды мәңгі есте сақтауға тиістіміз.
Маңғыстау мұнайын игеруге басқа республикалар да елеулі үлес қосты. Бакуліктер: Джавад Рагимов, Аллахберды Бекбердиев, Оғлы Гюльберды, Яуддин Максимов, Кафар Зейналов, Бегим Зейналова, Армаис Манучарян, Түркмениядан: Қуаныш Тоқпанов, Қылыш Махамбетов, Бақберген Аязов, Лес Ермағамбетов, Сейіт Телегенов. Краснодардан: Дергачев, Высочинский. Волгоградтан: Стремский, Проценко, Демаков, Ильин. Татариядан: Бұрғышылар - Нұрисламов, Мұртазин, Рафиков, құрылысшы Салақаев, Алешин, тағысын тағылар алғашқы кезеңнің қиындығын бірге бөлісіп, ортақ табысқа өз үлесін қосқандар.
Ол кезде ұлтына, жеріне қарап бөлу деген атымен болмайтын. Сол кездегі демографтардың айтуынша Өзенде 44 ұлттың өкілдері бір ұжымға ұйымдасып, тату-тәтті өмір сүріп жүріп жатты. Бұл идеологиялық үгіт емес, болған ақиқат.
Алғашқылар әуелі вагондарда, кейін құрастырмалы барактарда тұрды да, келесі жылы тас үйлерге көшті. Бастапқыда ауыз су 40 шақырым жердегі Борлы құдығынан тасылып, шелектеп бөліп берілетін.
Сауысқан құмынан табылған тұщы су құбырмен келтіріліп, тапшылығы жойылды. Тіршіліктің күре тамыры атанған Шевченко-Өзен асфальт жолы 1966 жылы ғана іске қосылды. Оған дейін машинада отырған екі кісі шаң тұманнан бірін-бірі көрмейтін. Сол жолды салған Пятигорскінің «Су-900» құрылыс басқарманың ұжымына біздің айтар алғысымызда шек жоқ.
Біздің тұрмыс жағдайымызды жеңілдеткен Маңғыстаудың ұлу тасы. Келесі жылы бірінші шағынауданның тас үйлері пайдалануға беріле бастады.
Бізбен қатар ашылған батыс Сібір мұнайын игеруге барғандар жер кепелерде, темір цистерналарда, бөліп жасаған күркелерде тұрып, балалары сонда туып, өсіп, еңбекке араласып жатты. Соларға қарап біз өз жағдайымызды жұмаққа теңейтінбіз.
Жобалаушылар әуелі мұнайшылар қаласы Шевченко болады деп есептеп Өзенге вахта қалашығын салуды көздеген. 150 шақырым жолсызбен қатынап тұру мүмкін болмады. Өзен қаласы өмірдің өз ұйғаруымен дүниеге келді.
1968 жылдың жазында Д.А.Қонаев келіп, Өзенде қала салуды заңдастырып кетті. Біз тек сол үшін де ол кісінің әруағының алдында бас иеміз. Өзен мұнайының құрамында парафиннің көптігі едәуір қолбайлау жасады.
Жобалаушылар мұнайды Куйбышевке дейін айдайтын магистральды құбырдың бойына әр 50 шақырым сайын қыздырма пештерді қарастырған. Скважинадан топтық қондырғыға апаратын құбырдың машақатын бізге қалдырған. Алғашқы скважиналардың құбырлары 3-5 шақырымға созылатын. Жер бетіне шыға қататын парафин құбыр бойына кептеліп, тығындап тастайтын. Бұл тығырықтан ізденістің нәтижесінде өз күшімізбен шықтық. Сондағы қолданылған кішкене пештер кейін автоматика жүйесімен жабдықталып, «УН-0,2» деген атпен заводта жасалып, мұнай өндіру технологиясының міндетті бөлшегіне айналды. Ол бір қызық кезеңдер еді ғой... Жер қойнауына ыстық су айдау, 2-3 қабаттың мұнайын бір скважинамен алу, гидрокачалка, т.б. жаңа әдістер алғаш рет Өзен кенорнында сынақтан өтті.
Мұнайшылар ұжымы 3 дүркін Одақтық жарыста озып шығып, Ауыспалы Қызыл Ту алды. 1970 жылы бесінші бесжылдықтың қорытындысы бойынша «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. Адамдар да абырой-атақ, сый-сияпаттан кенде қалмады. Өн- дірілген мұнайды танкерлер мен теміржол цистерналары әкетіп үлгермейтін. «Өзен- Куйбышев» ыстық магистраль құбыры іске қосылуымен бұл мәселе де өз шешімін тапты.
Өзен кенорнын игерудің негізгі салмағы, әрине, жоспарды тікелей іске асырушы ұжымның иығына түсті. Сондықтан біз оның осы күнгі заман биігінен айтылған мадақтауға сүйініп, кінәлауға күйініп отырамыз.
Өткенге тас лақтырушылар да жоқ емес. Қайткенде де Өзен сияқты алып кенорны толық игеріліп, оның өнімі көп жылдар бойы ел игілігіне жаратылып келеді. Шөл даланың төрінде мұнайшылар қаласы жайнап тұр. Онда мәдениет, спорт, оқушылар сарайлары, стадион, кітапхана, мектептер, ауруханалар, демалыс орындары жұмыс жасайды.
Осының бәрін еске алуымның себебі осы күнгі капиталист қожалар дайын мұнайды сорғаннан басқа ештеңе білмейді. Ең болмаса қабат қысымын көтермелеумен де шаруасы жоқ, барлау, бұрғылау, күрделі жөндеу дегендерің оларға артық жұмыс. Ертең кенорны тұралап қалса да көбірек өнім берсе болғаны. Бетіндегі қаймағын қалқып алып, көк суын кейінге тастап кете бермек.
Бұрын табыс, әлгі шаруалардың бәрін істеуге де, артық кісі ұстауға да, уақытында жалақы беруге де, бюджетке де жетіп жататын, жұмыссыз адам болмайтын. Қазір соның бәрін үнемдегеннен түскен қаржы қайда кетіп жатыр?
Өзен мұнайшы мамандар дайындайтын мектеп еді. Өзеннен шыққан инженерлер Одақтық үкімет пен партия органдарына дейін көтеріліп, министрлікті жайлап, Батыс Сібірде де Волга бойы кен орындарында, Калининградта және басқа да мұнайлы аудандарда жауапты жұмыстар атқарған.
Вьетнамға теңіз түбі мұнайын барлап, бұрғылап берген өзендік Яков, Светлана Климчуктер. Ливияның мұнай құбырын салуға қатысқан Қарымсақов та өзендік. Ауғанстанның мұнай алаңдарын ашып, жылдар бойы барлау бұрғылауын басқарған маңғыстаулық Салтанат Балғымбаев еді. Тізе берсең осылай кете береді.
Енді өзендіктер өз мұнайын өзі «өндіре алмай» қытайларды көмекке шақыруда. Белгілі мұнай өндірісінің басшылары: Нұрлыхан Бекбосынов, Махамбет Батырбаев, Мұрат Құрманбаев, Жақсылық Жанғазиев, Мұрат Саламатов, Роберт Бердіғожин, Сағын Қырымқұлов, тағы басқалар Өзен кенорнын игеру мектебінен өткен мамандар.
Өзенді мұнай өзеніне айналдырған, Маңғыстау түбегін ірі мұнайлы өлке жасаған тек мұнайшылар деген ұғым тумаса керек. Сайып келгенде бұл - ұлы ұжымдық еңбек. Түбектен жылдар бойы мұнай іздеп, барлаудың қорытындысында Өзен, Жетібай кенорындарын ашқан барлаушы геологтар: Ж.Досмұқамбетов, Н.Имашев, Ш.Есенов, Х.Өзбекғалиев, С.Шақабаев, Х.Махамбетов.
Мұнай скважиналарын қазып берген бұрғышылар: Т.Қадыров, Г.Шевченко, Вайнер, Н.Марабаев, Қ.Шалабаев. Қаланы, өндіріс объектілерін салған құрылысшылар: Аваков, Гордышевский, Трилисов, Айтенов, Ақмалиев.
Еңбек майданына мұғалімдер, дәрігерлер, мәдениет, әкімшілік қызметкерлері де өз үлестерін қосты. Үкімет жоспар берсе, министрлік, бірлестік оны орындауға жағдай туғызды. Облыстық, қалалық партия органдары күнделікті жұмыс барысын қадағалап қарап отырды.
Қорытып келгенде, Өзен бүкіл халықтық құрылыс болып басталды да, сол көпшіліктің жұмылуының арқасында бүгінгідей үлкен индустриялық ауданға айналды. Әлгі аталған мамандық иелерінің бәрін бір сөзбен Маңғыстау мұнайшылары деп атайды. Осындай шөлді шүленге айналдырған халыққа бүгінгі, ертеңгі ұрпақ қарыздар, өйткені олар тек болашақ үшін ғана еңбек етті. Бірлестік бастығы Сафи Өтебаевтан бастап, оператор Смағұл Жалғасбаевқа дейін зейнеткерлікке астына мінетін көліксіз кетті. Олардың 2-3 қабатты үйлері де болған жоқ. Риясыз адал еңбектерің үшін рахмет сендерге, ардагерлер! Есімдерің ел есінде сақталады.
Рахмет ӨТЕСІНОВ, Қазақ ССР-не еңбегі сіңген мұнайшы, КСРО-ның құрметті мұнайшысы