Жаңаөзен қаласындағы «Мұнайшы» мәдениет үйі жанынан құрылған «Асыл Мұра» халықтық фольклорлық ансамблінің үлкен және кіші тобы Ақтөбе қаласында өткен І Республикалық «AKTOBE MUSIC FESTIVAL» ашық фестиваль байқауына қатысып, екі бірдей 1-орынға ие болды.
Байқауға еліміздің түкпір-түкпірінен, атап айтатын болсақ, Маңғыстау облысының намысын қорғаған жаңаөзендіктермен қатар Алматы, Екібастұз, Қарағанды, Қостанай, Петропавл және Алматы қалаларынан көптеген өнерпаздар өзара сынға түсті. Облысымыздың атынан қатысқан «Асыл Мұраның» құрамы 25 өнерпаздан тұратын екі бірдей тобы бұл жолы да әдетінен жаңылмай, жүлдегерлердің көшін бастады.
Үлкен топтың сүйемелдеуімен ансамбль әншісі Дидар Мусаева түрікмен халық әні «Бибіжанды» орындаса, кіші топ Қазанғаптың күйі «Бозжорғаның бөгелек қағуы» күйін көпшілік назарына ұсынды. Ұжымның осыған дейінгі алған асуларын айтпағанда, биылғы жылдың қазан айының өзі жетістіктерге толы болды.
Ақтөбе сапарынан бұрын, Ақтауда бүлдіршіндер мен мектеп оқушылары арасында ұйымдастырылған V Республикалық «Ақ желең» байқауында бас жүлдені жеңіп алған ансамбльдің кіші құрамына байқаудың негізгі ұйымдастырушылары – «Атадан мұра» қоғамдық қоры алдымыздағы жылы Алматы қаласында өтетін супер-финалға жолдама берген болатын. Бұған қосымша тағы бір жағымды жаңалық – осы байқаудың бас жүлдегерлерінің әрқайсысына Франция елінің астанасы Парижде өтетін халықаралық байқауға да жолдама тапсырылуы. Бір кездері Әміренің әні әуелеген қалада өнер көрсету жаңаөзендік жасөспірім, бүлдіршіндерге де ұсынылып отырғаны оңай олжа болмаса керек.
Осынау орасан зор еңбегінің нәтижесі атаусыз қалмай, ансамбльдің негізін қалаушы, әрі оның жетекшісі Қаракөз Кемерова осыдан аз уақыт бұрын ғана ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тағайындайтын «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісінің қала бойынша тұңғыш және әзірге жалғыз иегері болып отыр. Жаңаөзен қаласының 50 жылдығына орай қала әкімінің қолынан ескерткіш белгі алуы да осы тынымсыз еңбектің арқасы шығар.
Жеңімпаз ұжым жетекшісінің айтуынша, Париж бен Алматы сапарларында өлке намысын бермеу үшін атқарылар талай жұмыс күтіп тұр. Аталған байқауларға қатысу үшін жатпай-тұрмай, дайындық жұмыстарын жасаудың алғашқы шаралары басталып та кетті.
Өз хабаршымыз