Жылдағы үрдіс бойынша келесі 2019 жыл үшін газет-журналдарға жазылу науқаны басталды. Сондықтан журналистер еңбек ұжымдарын аралап, жұмысшылармен кездесіп, әр жылы әдетке айналған өз баспасөз құралдарын насихаттайды. Жұртшылықты газет-журналдарға жазылуға үгіттейді. Осындай кездесу жақында Жаңаөзен қалалық әкімдігінде өтті.
БАҚ басшыларының оқырмандармен кездесу жиынын қала әкімі Әділбек Дауылбаев кіріспе сөзімен ашып, қаланың кешегі кең түрде аталып өтілген 50 жылдық мерекесімен тағы бір рет құттықтады. Сосын Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев пен Қазақстан Үкіметінің бүгінгі таңдағы жүргізіп отырған күнделікті саясатын насихаттап, қалың жұртшылыққа түсіндіруде баспасөздің маңызды орын алатынына тоқталды. Жылда Жаңаөзен қаласындағы баспасөзге жазылу науқанының жоғары дәрежеде жүргізілетінін айта келіп, биыл да өткен жылғы деңгейден жоғары болмаса, төмен болмайтындығына сенім білдірді.
Сондай-ақ оқырмандармен кездесу жиынына арнайы қатысқан «Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов, облыстық «Маңғыстау» газеті редакторының орынбасары Мұрат Жетекбай, облыстық «Огни Мангистау» газеті редакторының орынбасары Татьяна Преснияковалар оқырмандардың пікірлеріне де құлақ түрді. Бірқатар оқырман шығып сөйлеп, баспасөздің маңыздылығын арттыру жөнінде ой-пікірлерін ортаға салды.
- Жалпы баспасөз біздің – рухани азығымыз. Күнделікті әлемде болып жатқан жаңалықтарды осы БАҚ арқылы біліп отырамыз. Облыста, аймақтың аудандарында болып өткен мерейтойлардан да осы баспасөз арқылы хабардар болып отырдық, - дейді қалалық қоғамдық кеңестің, қалалық ардагерлер ұйымының мүшесі Өтеулі Сарыбек. – Сондықтан баспасөз өз маңыздылығын әлі жоймақ емес. Облыстық «Маңғыстау» газетінде де соңғы кездері тартымды-тартымды материалдар жариялануда. Елбасының «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» мақаласы бойынша ата-бабаларымыздың шежірелік тарихи істері де, ұлтымыздың ұлттық құндылықтары да кеңнен насихатталуда. Міне, осындай мақалалар оқырмандардың рухани байлығын арттыруына үлкен септігін тигізеді деген ойдамын. Сондай-ақ, газет бетінде сын мақақаларды да көбейту керек. Себебі сын түзелмей – мін түзелмейді. Жалпы келген қонақтарға алғысымды айта отырып, келесі жыл үшін баспасөзге тағы да ұйымшылдықпен жазылып, өзіміздің елдігімізді танытып, бірлігіміз көрсетіп, Маңғыстаудың, соның ішінде Жаңаөзеннің азаматы екендігімізді паш етелік.
Мұнан кейін де шығып сөйлегендер баспасөздің пәрменділігін қысқаша айта келіп, оған жазылуды үлгілі өткізуге шақырды.
Өткен жылғы жазылым дәуірінде белсенділік танытқан қала мекемелері мен мұнайшыларды қала әкімі Ә.Дауылбаев алғыс хатпен марапаттады. Олардың ішінде «ӨМГ» АҚ, қалалық білім бөлімі, «ӨМГ» АҚ Транспорт және технологиялар басқармасы, «ӨМГ»АҚ Мұнай өнеркәсібі құралдарын және технологиялық коммуникация жөндеу басқармасы, қалалық орталық аурухана, О.Тұрмағанбетұлы атындағы Маңғыстау индустриалды технологиялар колледжі бар.
«Маңғыстау Медиа» ЖШС директоры Сағындық Рзахметов те Баспасөз-2018 науқанында газеттерге жазылуда белсенділік көрсеткені үшін «Өзенинвест» шаруашылық жүргізу құқығындағы коммуналдық мемлекеттік мекемесіне, қалалық білім бөліміне, «ӨМГ» АҚ №1 Мұнай және газ өндіру басқармасына, «Бұрғылау» ЖШС-іне, «Өзенмұнайгаз» АҚ-қа, қаладағы №21 орта мектеп ұжымдарына ризашылық білдіріп, алғыс хаттарын тапсырды.
Жиын соңында қала әкімі мекеме басшылары мен активтерін тағы да келесі жыл үшін баспасөзге жазылу науқанына белсенді түрде қатысуға шақырды.
Мұратбай ҰЛЫҚПАН