©
Әне-міне дегенше, күз мезгілінің соңғы айына да келіп қалыппыз. Қысқы дайындықтың сапасын жаздай «шанамызды» дұрыс сайлағанымызды, қыстай жаурамай шыққанда ғана білетін боламыз. Қаһарлы қыстың мерзімі жақындаған сайын кез-келген шаруашылықта қауырт жұмыс басталатыны белгілі.
Қысқы дайындық жұмыстары десе, біздің ойымызға ең алдымен жылу беру жүйесі мен жарық беру мекемелерінің жұмысы елестейді. Өйткені бүгінгі қоғамды, басқаны былай қойғанда, электр энергиясынсыз елестете алмайсың. Үйіміздің самаладай жарыққа бөленуі, қуатқа деген қажеттіліктеріміздің өтеліп тұрғаны – әрине, осы сала қызметкерлерінің еңбегі.
Сондықтан бұл екі саланың мамандарының жұмыстары салақтық пен сауатсыздықты көтере алмайды. Жұмысына салғырт қараған басшы ертеңгі күні қарапайым тұрғындардың, қала берді білім беру, денсаулық, мәдениет салаларындағы ғимараттардың халық игілігі үшін жеткілікті қызмет ете алмауына басты себеп болатыны анық.
Қысқа дайындық барысын сәт сайын бақылауға алуды міндетіне алған Шетпе электр желілері станциясының бастығы Құрманғали Бабышевті сөзге тартқан болатынбыз.
- Шетпе электр желілері станциясы 2018-2019 жылғы күзгі-қысқы дайындықты сәуір айында бастап, қазан айында аяқтады. Осы мерзім ішінде Шетпе электр желілері станциясы жарықпен қамтып отырған он үш елді мекенде біршама жұмыстарды атқарды. Тұрғындардың қысқы ұйқысының тыныш болуы, мекемелердің тұрақты жұмыс жасауы жарыққа тікелей байланысты десек, артық айтқанымыз емес. Атап айтсақ, 10 кВ аспалы әуе желілерінің 68,11 шақырымына, 0,4 кВ аспалы әуе желілерінің 33,401 шақырымына және 25 дана КТП -10/0,4 кВ күрделі жөндеуден өткізілді, 10/0,4 кВ аспалы әуе желілерінің 112 бағанасы ауыстырылды және 35 кВ аспалы әуе желілерінің 26 бағанасы жаңартылды. Сонымен қатар Шетпе электр желілері станциясына қарасты 35/10 кВ 9 подстанция бар, бұлар 1974 жылы пайдалануға берілген болатын. Күрделі жөндеуді қажет еткен Шайыр, Тиген, Тұщықұдық, Қызан ауылдарындағы құрылғылар толықтай күрделі жөндеуден өткізілді, заманауи құрылғыларға ауыстырылды. Жалпы биыл тоғыз подстанцияның жетеуін ауыстыру жоспарда бар. Әр жыл сайын күрделі жөндеу жұмыстары жасалып келеді. Электр желілерін жаңарту жұмыстары да біртіндеп жүзеге асуда. Біздің мекемемізге қарасты 3987 тұрғын үй, 504 әртүрлі мекеме ұйымдары, сауда нүктелері, өндірістік ошақтар бар. Барлығына коммерциялық есептегіш құрылғысы орнатылған. Оның бір пайдасы, барлығы бақылауда тұрғаннан соң бұрынғыдай әр жерден ток ұрлау мәселесі төмендеді. Осы орайда тұрғындарға ескерте кететін тағы бір жәйт, соңғы салынған жаңа үйлерге коммерциялық есептегішті үй иесі өздері қондыруға тиісті, - дейді мекеме басшысы.
- Ток – қауіпті. Әсіресе мектеп оқушыларын немесе үйдегі кішкентай балаларды токтың көзінен алыс ұстау керек. Біз мектеп жанындағы ток таратушы КТП-лардың жанына қазақша «Ток - қауіпті» деп жазып қойдық. Сонда да балалардың келеңсіз жағдайлары көп болмаса да кездесіп тұрады. Сондықтан ата-аналардың барынша сақ болғанын қалаймын, - дейді Қ.Бабышев.
А.НОҒАЙХАН
Көрнекі сурет сайттың архивінен