Жаһандану дәуірінде қазақ мемлекетінің дамуына келелі үлес қосып отырған экономиканың күре тамыры - темір жол саласы. Тоғыз жолдың торабында отырған біз үшін бұл саланың маңызы өте зор.
Десек те теміржол аймағы қауіпті аймақ болып саналады. Ондай жерлермен жүргенде жаяу жүргінші де, көлік жүргізушісі де жолда жүру ережесін есте сақтап, абай болуы керек. Өтіп жатқан пойызға жол бере отырып, тек қана теміржол өткелдері бойымен кесіп өте аласыз. Теміржол өтпесіне кіру жолында жүргінші жол белгілерінің, бағдаршамның, шлагбаумның орналасуын және өткел бойынша кезекшінің нұсқауын басшылыққа алуға, жақындап қалған пойыздың жоқ екендігіне көз жеткізуге міндетті.
Мінекей, осындай ескертпелерді әсіресе оқушыларға түсіндіру мақсатында «Маңғыстау жол дистанциясы» мекемесінің қызметкерлері Шетпе теміржол станциясының бас мамандарымен бірлесе отырып, Б.Жұмалиев, М.Атымов №7 мектеп-лицейінің оқушыларымен, мұғалімдерімен кездесті. Кездесу барысында мектеп оқушыларына «Теміржол бойымен өткенде абай болыңдар, себебі пойыз автокөлік секілді бірден тұра алмайды, құрамында ауыр жүк вагондары болады. Сағатына 80 километр жылдамдықпен қатты жүріп келе жатқан жүк пойыздары шұғыл тежегішті қосқанның өзінде 400 метрге дейін жүріп, барып тоқтайды. Пойыз жүріп келе жатқанда шеткі рельстен екі жарым метр қашықтықта тұру керек. Тұрған вагондардың астынан өтуге тиым салынады, себебі қозғалып кетуі мүмкін, артынан бес метр қашықтықта айналып өту керек. Жақындап қалған пойыздың алдынан асығып, жүгіріп өтуге болмайды, себебі адам баласы рельске сүрініп немесе тайып құлап, тұра алмай, қайғылы жағдайға ұшырауы мүмкін. Перронда тұрғанда, мінгенде немесе түскенде пойыздың толық тоқтағанын күткен абзал. Осы сақтық шараларын естен шығармайық, - деп түсіндірді мамандар.
- Сондай-ақ, теміржол материалдарының ұрлануы, мал қағу, адамдардың жазатайым оқиғаға ұшырауы, жолға бөгде заттардың қойылуы сынды жайттарды болдырмау үшін ағымдағы тоғыз айда 14 профилактикалық жұмыс жүргізілді. Оған қоса халық теміржолдан өтерде алдымен ескерту белгілеріне қарау керек. Дегенмен жол қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуы тікелей адамға ғана емес, төрт түлікке де тәуелді болып жатады. Дистанцияның телім бастықтары теміржолға малдан келетін кедергілерді болдырмау және жол өткелдеріндегі қауіпсіздік ережесін түсіндіру бойынша ай сайын теміржол торабына жақын елді мекендерді аралап, тұрғындармен кездеседі. Үстіміздегі жылы 1091 мал иесіне осы аталғандар жеткізілді. Оған қоса жергілікті әкімдіктерге де хат жолданады. Бос жайылған малды бақылауда ұстау, мәселені шешу шарасын қарау жөнінде әкімдіктерге 32 хат жібердік. Қазіргі таңда Онды, Отпан селоларынан ғана жауап алып отырмыз. Теміржол аймағының айналасын сыммен қоршау жұмыстары да жалғасын табуда. 2018 жылы 40 шақырымдағы қоршауды жөндеу қарастырылған еді. Қазір оның 30 шақырымы жаңартылды, - дейді дистанцияның техникалық бөлімінің жетекші инженері Ержан Артықбаев.
Тоғыз айда теміржол бойына шыққан мал үшін машинистер 125 рет оқыс тежеу жасауға мәжбүр болған. Былтырғы салыстырмалы мерзімде мұндай 76 дерек тіркелген. Ал пойыздың шұғыл тоқтауы, вагонда келе жатқан адамдар мен жүктердің соқтығысуына немесе жарақат алуы, және жүк құрамының аударылуына әкеліп соғуы мүмкін. Жылқы мен сиыр, ұсақ малдың иелері таң атысымен өріске шығарып жібереді, қараусыз мал теміржол бөлігіне шығады. Бұл – мал иелерінің жауапсыздығы. Малдың теміржол бөлігіне жиі шығуына байланысты жүк және жолаушылар пойыздардың кідіріп, кестеден шығуына апарады. Пойыздардың мерзімінен кеш қалмай, белгіленген уақытта межелі жеріне жетуіне олардың бір ретпен қозғалуы қажет.
Теміржол бойында қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету қағидаларын бұзу фактілері орын алуда, соның ішінде теміржолдардың бөлінген жолағында пойыздардың мал қағу фактілері кездесіп тұрады. Осы жауапсыздықты жою мақсатымен үнемі теміржол бойындағы және оған жақын елді мекендерде теміржол дистанциясының мамандары мен желілік полиция бөлімшесінің қызметкерлері үгіт-насихат, тәрбие беретін түсіндіру іс-шарасы жүргізілуде.
Әсіресе мұндай оқыс оқиғалар №14-15, №15-16, бекет, Тамақ - №16, №14 бекет Шетпе станциясы, №13 бекеттер, Өзен–Жетібай станциялары, бекет Бастау-Өзен станциясы, бекет Боржақты-Қарақия станциясы, Бастау–Ақбөбек бекеттерінің аралықтарында көп кездеседі. Сондықтан шойын жолдың бойына малды шұбыртып қоя бермей, сақтық шараларын қатаң бақылауға алуларыңызды сұраймыз, бұл – сіздің малыңызға да, пойыз ішіндегі адамдар өміріне де үлкен қауіп.
А.РАХМЕТОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен