©
Каспий теңізінің жағалауындағы әдемі Ақтау қаласы – Маңғыстау тұрғындарының мақтанышы. Каспий жағасында орналасқан әсем шаһардың басқа облыстардағы қалалардан бір ерекшелігі – нөмірленген шағынаудандарға бөлінуі. Қаланың құрылысы 3-шағынауданнан басталды. Осы жерде 1959 жылы бірнеше қазақ үйлер, шатырлар тігілді. 1959 жылы Социалистік Еңбек Ері Е.А.Болдышев бригадасының күшімен жергілікті ұлу тастан қаланған алғашқы тас үй тұрғызылды. Сол жылы күзде қалалық саябақтың негізі қаланып, бірінші мектеп құрылысы салынды. Бұған қоса, 1959 жылдардан бастап су, жылу беру цехтары өз жұмыстарын бастап, наубайхана, сүт зауыты, кәсіпорындар, қалалық аурухана мен мектептер ашылды.
Гурьев облысы Шевченко ауданына қарасты Ақтау елді мекені 1959 жылдың 31 шілдесінен бастап Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының Жарлығымен жұмысшы поселкесінің категориясына жатқызылып, оған Ақтау поселкесі атауы берілді. Қала құрылысы жандана бастады. 3-шағынаудандағы алғашқы тұрғын үй ғимараттарының іргетасын қалағаннан кейін көп ұзамай мұнда қалалық типтегі қоныс пайда болды, ал 1963 жылы мыңдаған тұрғындары бар қала бой көтерді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1963 жылғы 10 желтоқсандағы Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының Ақтау поселкесі өлкелік бағынышты қалалар категориясына жатқызылып, оған Ақтау қаласы атауы берілді.
1964 жылы наурыз айында Ақтау қалалық еңбекші депутаттарының І сессиясының 1-шақырылымы болып, 105 депутат қатысқан сессияда Арысбай Қуанышев қалалық атқару комитетінің төрағалық қызметіне сайланды. Арысбай Қуанышев тұсында көп қажырлы еңбекті қажет ететін ауыз су, газ, электр жарығы, мәдени демалыс орындары, баспана сияқты күрделі мәселелердің жоспа- ры қызу талқылауда болды.
Ал алты ай өткен соң, 1964 жылы 1 шілдеде әйгілі украин ақыны және суретшісі Т.Г.Шевченконың туғанына 150 жыл толуына орай қалаға оның аты берілді, қала 1991 жылға дейін Шевченко деп аталды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1964 жылғы 1 шілдедегі Жарлығымен Батыс Қазақстан облысының Ақтау қаласы Шевченко болып өзгертілді. Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1964 жылғы 1 желтоқсандағы Қаулысымен Батыс Қазақстан облысы жойылды және Шевченко Гурьев облысының қарамағына берілді.
1965 жылы наурыз айында Шевченко қалалық еңбекші депутаттары кеңесінің І сессиясының екінші шақырылымында қалалық атқару комитетінің төрағасы болып Ибаш Джамбулатова сайланды. Қала тарихында алғашқы әйел басшы ретінде жоғары құрметке ие. Ибаш Джамбулатованың тұсында қала құрылысы қарқынды жүргізіліп, көптеген маңызды өндірістік кәсіпорындар пайдалануға беріліп жатты. Қала құрылысынан бөлек, Джамбулатова қаланың көгалдандыру жұмыстарына аса қатты көңіл бөлді. Қала жолдарына асфальт төселіп, ағаштар мен бұталар отырғызыла бастады. 1980 жылы 20 тамызда Ибаш Джамбулатоваға «Қаланың құрметті азаматы» атағы берілді.
1967 жылы 50 мың тұрғыны бар қалада «Огни Мангышлака» газетінің бірінші шығарылымы шыға бастады. Сол жылы қараша айында 670 орындық «Юбилейный» кинозалы, 1969 жылы «Ақтау» қонақ үйі пайдалануға берілді. Осы жылы алғашқы балалар кітапханасы мен балалар ауруханасы ашылды. 1970 жылы жаңа телеорталықтың алғашқы сынақтық бағдарламалары беріле бастады. Қаладағы 6-шағынаудан №12 үйде алғашқы газ қосылуы тіркелді. 1971 жылы Маңғышлақ экспериментальды ботаникалық бағы құрылды. Мұнда сырттан келген әр алуан өсімдіктер: гүлдер, бұталар, ағаштар өсіріле бастады. 1972 жылы Қонаев қаламызда іссапармен қонақта болды.
Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1973 жылғы 20 наурыздағы қаулысымен Қазақ ССР аумағында Маңғышлақ ауданы Шевченко аймақтық орталығы құрылды.
Өңірдің қалыптасуы Каспий маңы таукен металлургиялық комбинаты, Маңғышлақ электр зауыты, Ақтау теңізі құрылысы басқармасы, Еуропадағы ең ірі пластмасса зауытының құрылысы, ет өңдеу зауыты, құс фабрикасы және басқа да өнеркәсіптік кәсіпорындардың құрылуына ықпал етті. Маңғышлақтың мұнай және газы, автокөлік жолдарының құрылысы, өндірістің біршама қарқынды өсуі қаланың дамуына серпін әкелді.
Шевченко қалалық еңбекшілер кеңесінің 1973 жылғы 19 сәуірдегі он төртінші шақырылған 12-сессиясының шешімімен Әбутәліпов Талғат Абдулхакович Шевченко қалалық халық депутаттарының кеңесі және оның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Талғат Абдулхакович қызмет еткен жылдары Маңғышлақ облыстық радиосының алғашқы бағдарламасы эфирге шықты. Сонымен қатар әлемде тұңғыш боп жылдам нейтронды өнеркәсіптік атом электрстанциясы іске қосылды, яғни алғашқы өнеркәсіптік ток бере бастады. 1975 жылы Ақтау құс фабрикасы өз жұмысын бастады. 1975 жылы Шевченко қаласында алғашқы облыстық тарихи-өлкетану музейі ашылды.
1974–1976 жылдары Шевченко қаласының тұрғындар саны 89200 адамға жетті. Осы уақыттарда қалада 14 мектеп, музыкалық мектеп, жалпытехникалық факультеттер ашылып, «Дружба» кинотеатры, Абай атындағы мәдениет сарайы жұмысын бастады. Сарапшылар Шевченко қаласын құрылысы жақсы салынған қалалардың бірі дейді. Бұл, әрине, қала құрылысы сәулетінің жетістіктерін сипаттауымен есте қалады. Шевченко қаласы құрылысы жобасының бас сәулетшісі Михаил Ильич Левин алғашында өз әріптестерімен бірге көшелерді, алаңдарды қағаз бетіне түсірді.
Жыл өткен сайын қаланың келбеті жақ сарып, ұлы украин ақыны Т.Г.Шевченкоға арналған ескерткіш, Ұлы Отан соғысының жауынгерлеріне арналған «Мәңгілік алау», қала орталығында орналасқан Маңғыстаудың ақыны Қашаған Күржіманұлының, қоғам қайраткері Тобанияз Әлнияз ұлының, комбинаттың бірінші директоры Р.А.Григорянның ескерткіштері, аллеялар, алаңдар, саябақтар қала көркін аша түсті.
Шевченко қалалық еңбекшілер кеңесінің 1975 жылғы 14 наурыздағы он төртінші шақырылған он екінші сессиясының шешімімен Асанов Ерлан Исланбекович Шевченко қалалық халық депутаттарының кеңесі және оның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол билік еткен 1979 жылы қаңтарда Бүкілодақтық халық санағы жүргізілді. 1980 жылғы тіркелген есеп бойынша қала тұрғындарының саны 1973 жылы 81,9 мың адам болса, 1980 жылы 116,3 мың адамды құраған.
Шевченко қалалық еңбекшілер кеңесінің 1980 жылғы 4 наурыздағы он алтыншы шақырылған 1-сессиясының №2 шешімімен Татамбаев Совет Алтайбекович Шевченко қалалық халық депутаттарының кеңесі және оның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол өңірде қызмет атқарған кезеңдерде спорт сарайлары мен бассейндер салынып, спорт саласындағы жетістіктер қаланың даңқын асырған болатын. 1982 жылы қазанда 4 және 5-шағынаудан аралығында Т.Шевченко ескерткішінің ашылу салтанаты болып өтті. 1985 жылы ҰОС жауынгерлеріне арналған «Мәңгілік алау» ескерткіші ашылды.
Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1988 жылғы 2 маусымдағы№30172-XI «Қазақ ССР Маңғыстау және Торғай облыстарын жою туралы» қаулысымен Маңғышлақ ауданы (облыс орталығы – Шевченко қаласы) оның аудандары мен қалаларын Гурьев облысына қосу арқылы таратылды. Шевченко қалалық еңбекшілер кеңесінің 1989 жылғы 8 шілдедегі жиырмасыншы шақырылған тоғызыншы сессиясының шешімімен Салихов Меңдеш Халелович Шевченко қалалық халық депутаттарының кеңесі және оның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Ол төрағалық еткен жылдары 1990 жылы ақпан айында Шевченко қалалық атқару комитетінің шешімі негізінде «Звезда» кооперативі бастамасымен альтернативті (кабельді) телевидение қосыла бастады. 1990 жылы Қазақстан КСРО бірінші хатшысы Н.Назарбаев қалада ресми іссапармен қонақта болды. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Президиумының 1990 жылғы 17 тамыздағы №216-ХII «Қазақ КСР құрамындағы Маңғыстау облысының атауының өзгеруі туралы» қаулысы облыс орталығы – Шевченко қаласы (Маңғыстау облысы) құрылды. 90жылдардан бастап қалада экономикалық байланыс, қаржылық қарым-қатынастар қарқынды дами бастады. 1991 жылы Шевченко қаласында Маңғыстау облысы судьяларының бірінші конференциясы болып өтті.
1991 жылы қала тұрғындары арасында сауалнама жүргізіліп, 90%-ы қаланың тарихи атауының қайтарылуын қолдап дауыс берді. Нәтижесінде 1991 жылы Ақтау қаласы боп өзгертілді. Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі Президиумының 1991 жылғы 13 қыркүйектегі №851-ХII «Шевченко қаласы – Маңғыстау облысының облыстық орталығы Ақтау қаласына атау туралы» қаулысымен Шевченко қаласы Ақтау қаласына өзгертілді.
Шевченко қалалық еңбекшілер кеңесінің 1991 жылғы 26 сәуірдегі жиырма бірінші шақырылған 6сессиясының №125 шешімімен Баев Николай Иванович Шевченко қалалық халық депутаттарының кеңесі және оның атқару комитетінің төрағасы болып сайланды. Маңғыстау облысы әкімінің 1992 жылғы 24 ақпандағы №4 «Н.И.Баев жолдасты Ақтау қаласының әкімі етіп тағайындау туралы» шешімімен Баев Николай Иванович Ақтау қалалық әкімшілігінің басшысы болып тағайындалды. Бұл қызметте ол Маңғыстау облысының қайта құрылуына атсалысқандардың қатарында болды. Ал төрағалық қызметке сайлануы елдегі экономикалық дағдарысқа тұспа-тұс келіп, қаланың білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылықтары құрылымдары бойынша қайта құру жұмыстарын жүргізді.
Тәуелсіздіктің алғашқы күндерінде Маңғыстау облысында еркін экономикалық аймақ құру туралы мәселе сөз болып, 1992 жылдың 11 қаңтарында Республика Үкіметінің қаулысымен Маңғыстау еркін экономикалық аймағы құрылды.
Сол жылдары Ақтау аэропорты халық аралық мәртебеге ие болды. Біздің айлақ арқылы Ганноверге, Стамбулға, Софиға, кейіннен Лондонға, Роттердамға, Амстердам бағыттарына халықаралық рейстер қатынай бастады. 1991 жылдан бастап Ақтау халықаралық әуежайында «Иртышавиа», «Саяхат», «Калининградавиа», «Эйр Астана», «Европейн Эйр», «Атырау Ауе жолы», «Скат» т.б. әуе компаниялары жолаушыларға қызмет көрсетті.
Тәуелсіздіктен кейінгі жылдары қалада өндірістік кәсіпорындар жандануымен қатар, білім беру мекемелері мен денсаулық сақтау ұйымдары құрыла бастады. Қалада Ш. Есенов атындағы мемлекеттік университет, «Қайнар», Е.Букетов атындағы Қарағанды университеті, Орталық Азия университеті, Транспорт және коммуникация академиясы, Еңбек және әлеуметтік қорғау академиясы жұмыс жасап тұрды. Сонымен қатар кәсіптік лицейлер, мектептер, мектепке дейінгі білім беру мекемелері ашылып, өңірдегі білім сапасының жақсаруына септігін тигізді.
Денсаулық сақтау саласында орталық қалалық аурухана, балалар емханасы, дәрігерлік амбулатория, сонымен бірге жеке меншік медициналық орталықтар құрылды. 90-жылдардың басында өңірде «Огни Мангышлака» мен «Коммунистік жол» газеттері, бір телевизиялық және бірнеше радио арналар жұмыс істеді. Кейіннен «Хабаршы», «Адай», жарнамалық-ақпараттық «Тумба», «Лада ТВ-плюс» газеттері жарық көрді.
Ақтау қаласы республиканың стратегиялық экономикасындағы Қазақстанның маңызды қалаларының бірі болып табылады және Елбасы мен үкімет тарапынан ерекше көңіл бөлінді. Республика Президенті Н.Ә.Назарбаев 1991 жылы қазан айында Ақтау қаласында болды. Республика Президентінің Ақтау қаласында ең ұзақ болуы 1993 жылы еді, ол үш күн бойы біздің аймақпен, қаламен және ондағы кәсіп орындармен жақсы таныс болды. Ол өзі айтқандай, біздің қаламыз бен облысымыз республикамыздағы дағдарыстан бірінші болып шыққан өңірлердің бірі болып табылады. 1997 жылы келген сапарында Нұрсұлтан Назарбаев жөндеуден өткен, қайта жаңартылған Ақтау теңіз портын ашты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жағалауда жартастар да жаңғырып… (ФОТО)Маңғыстау облысы әкімінің 1994 жылғы 7 сәуірдегі №88 «Л.Н.Бурлаков жолдасты Ақтау қаласының әкімі етіп тағайындау туралы» қаулысымен Бурлаков Леонид Николаевич Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалды.
Маңғыстау облысы әкімінің 1996 жылғы 3 сәуірдегі №134 шешімімен Оспанов Серік Жамекович Ақтау қаласының әкімі болып тағайындалды. Серік Оспанов қызметін бастаған жылы қалада Тобанияз Әлниязұлына арналған ескерткіш, Р.А.Григорянға арналған бюст орнатылды.
2004 жылдың қараша айында Мұстапаев Рашид тағайындалды. Ауған соғысында қаза болған Маңғыстаулық интернационалист-жауынгерлерге арналған стелла-ескерткіш 2006 жылы ақпан айында орнатылды.
Қала көркі мұнымен тоқтап қалған жоқ. Теңіз жағасында ойын-сауық орталықтары, спорт және мәдени кешендері, демалыс орындары жетерлік. Жастар мен отбасыларға мерекелік және банкеттік кездесулерді ұйымдастыратын көңіл көтеру орындары, тұрғындар демалатын «Ақтау», «Ардагер», «Бәйтерек» және т.б. ойын-сауық кешендері бой көтерді.
2006 жылы Кох Виктор Михайлович қала басшылығы қызметінде аз уақыт атқарып, сол жылы Бекбергенов Сәлімгерей Шапагатович әкімдік қызметке сайланды. Сәлімгерей Бекбергенов басқарған уақытта қалада өнеркәсіп өндірісі артып, аймақтық индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы іске асырылып, құрылыс, әлеуметтікэкономикалық сала, орта және шағын бизнес және «Ақтау теңіз порты» еркін экономикалық аймағы дамыды.
Қазақбаев Оспан 2010–2012 жылдары Ақтау қаласы әкімінің қызметін атқарған тұста іскерліктің арқасында бірқатар ауқымды істер атқарылып, халықтың әлеуметтік жағдайы жасалды.
2012 жылы басшылық қызметке Жаңбыршин Еділ Терекбайұлы ұсынылып, сол жылдан бастап қаланы көркейту мен абаттандыру және тұрғындардың тұрмысын жақсарту бағытында бірқатар шаралар қолға алынды. Ел болашағы жас ұрпақты тәрбиелеп, білім беру саласында атқарылған істер қаншама.
Серікбай Өтелгенұлы Трұмов 2015–2017 жылдар аралығында халықтың еркін өмір сүруі үшін жағдай жасау, қаланың әлеуметтік-экономикалық даму деңгейі аясында жүктелген міндеттерді өз кезегінде атқара білді.
Серікбай Трұмов Маңғыстау облысы мәслихатының хатшысы қызметіне кеткендіктен, облыс әкімі Ералы Тоғжанов қала әкімі қызметіне Ғалымжан Ниязовты тағайындады.
Облыс орталығы саналатын ақмаржан қала бүгінде даму үстінде. Тұрғын үйлер салынып, жаз мезгілінде қала тұрғындары мен қонақтарына арналған жекешелендірілген жағажайлар, демалыс кешендері жұмыс істеуде.
Ақтау қаласының басты символы деп «Каспий» теңізін атауымызға болады. Көрсең көз тоймастай қаланың көркін ашатын қарт Каспийдің жағалауында таза ауа мен тыныстау – адам жанын керемет бір рақатқа бөлейді.
Әсемдігі жөнінен қала Кавказдың Қара теңіз жағалауындағы көптеген курортты орындардан кем түспейді. Ұлутастан тұрғызылған көп қабатты үйлер өзінің сыртқы әдемілігімен және ішінің көркемдігімен көз тартады. Көшелерде әсем бұталар көп, үйлердің аралығына шағын скверлер, гүлзарлар жасалған. Каспий теңізінің жағалауында әсем коттедждер, қоғамдық тамақтану, тынығушыларға мәдени қызмет көрсету орындары бар жақсы жабдықталған демалыс аймағы құрылған.
Мадина БЕГАРЫСОВА, Маңғыстау облыстық мемлекеттік архивінің біліктілігі жоғары деңгейлі археографы