Биыл Каспий теңізінің жағасында бой көтерген Ақтау қаласына 55 жыл толып отыр. Осындай мерейлі сәтте әсем қаламыздың сонау іргетасы қаланар шақтардағы игілікті істер бастауында тұрған алғашқы басшылар, құрылысшылар, дәрігерлер, тағы басқа сала мамандары жөнінде жылы лебізбен еске алуымыз заңдылық. Себебі қай кез, қай өңір болмасын тарихта ең алғашқылар есімі қалары сөзсіз.
Ақтау қаласының тарихында менің әкем Рамазан Қабылов есімі алғашқы ұстаз ретінде қалып отыр. Тарих беттеріне көз жүгіртсек, осы жерде қоныс тепкен геологбарлаушылардың балалары өздерінің (Қолтық) Ақтау қаласындағы (ол кезде Гурьев-20) алғашқы оқу жылын брезент палаткада бастады. 1957 жылы 1 қыркүйекте жаңа мектепке 36 бала алынды. Осы күннен бастап өңірде оқу-ағарту ісі бастау алды.
Қолтық бастауыш мектебіне 1957 жылы 1-сыныпқа барып, он жыл бойы оқып, 1967 жылы 10-сыныпты бітірген Р.Қабыловтың шәкірті, белгілі ел азаматы Аманжол Қартбаев сол кездерді еске алып, былай деп әңгіме қозғайды: «1957-1958 оқу жылы Қолтық елді мекенінде 1 және 2-сыныптарға баратын балалар үшін мектеп ашылып, Қабылов Рамазан ағай бір өзі екі сыныпқа бір мезгілде кезекпе-кезек сабақ өткізіп бастады. Алғашында мектебіміз геологтардың палаткасында орналасқандықтан, екі қатар парталар қойылып, осылайша оқу жылы басталған болатын. Кейін күн суыта келе, әкелеріміз таудың тасынан жинап салған, тарлау дәлізі бар бір бөлмелі тас үй мектеп болды.
Рамазан ағамыз мектептің барлық шаруасын бір өзі атқара отырып, 1958-1959 оқу жылында №45 уран-геологиялық барлау партиясының күшімен барак типтес ғимарат салынған соң, оқуымыз сонда жалғасты.
1959 жылдан бастап уран өндіру қолға алынып, қала құрылысы салынып басталды. Ақтаудағы алғашқы типтік жобада салынған мектеп 3-шағынаудандағы 2 қабатты мектеп еді (ол артынан «Пионерлер үйі» болды). Одан кейін №2 мектеп 3шағынауданда, №1 мектеп 2-шағынауданда салынды.
1963 жылы Ақтау қала мәртебесін алғандығы белгілі болды. Ақтау (Шевченко) қаласының алғашқы №1 мектеп бітірушілері 1966 жылы он жылдықты бітірді. Екінші мектеп бітіруші түлектер 1967 жылы мектепті тәмамдады. Бұлар – Рамазан ағаның 1957 жылы алғаш мектеп ашылғанда 1 және 2-сыныпқа барған оқушылары еді.
Ұлы Отан соғысының ардагері, ұлағатты ұстаз Р.Қабылов ашқан мектептің түлектері сол уақыттағы қарқынды дамып келе жатқан құрылыс, қорғаныс өнеркәсібі саласында, мұнай саласында еңбек етіп, өлкеміздің дамуына қомақты дәрежеде өз үлестерін қосты.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ахмет Байтұрсынов және мемлекеттік тіл1966 жылғы алғашқы түлектер қатарында Ықылас Ноғаев (инженер-металлург, облыс экологиясын көп жылдар басқарды), Сабыр Есбосынов (инженер-энергетик), Шаймұрза Байпақов (инженер-құрылысшы), Ғалым Мусаев (инженер-құрылысшы), Қалдықожа Досжанов (инженер-мұнайшы), Айман Тасболатова (мұғалім), Қуат Жанбуршин (мұнайшы-геолог) бар. Ал 1967 жылы бітірген түлектер қатарында Аманжол Қартбай (инженер-гидрогеолог), Айтуар Басаров (инженер-мұнайшы), Сұлухан Шадиева (мұнайшы-геолог), Ақтілек Ерғалиева (дәрігер), Кенжекей Шораева (дәрігер) бар.
Бұл күнде Ақтау қаласы – тәуелсіз Қазақстанның дамыған мұнайлы өңірінің орталықтарының бірі, еліміздің жалғыз теңіз қақпасы. Иә, қазіргі таңда тәуелсіз Қазақстанның болашағына жоғарыда аталған ұрпақтың балалары мен немерелері де ерен еңбегімен араласып, өз үлестерін қосып жатыр.
Ақтау қала болғалы бүгінде 55 жыл толып отыр. Рамазан ақсақалмен қатар еңбек етіп, өлкенің білім саласының қалыптасып дамуына өлшеусіз үлес қосқандар көп. Солардың алдыңғы қатарында Фаузия Жалмұқанова, Ажар Асанова, Ізтұрған Қаржаубаев, Кеңес Сәрсенов, Шарипа Жүзбаева, Шуақбай Бекниязов, Сақыш Қарабалина т.б. бар болатын».
«Елу жылда – ел жаңа» демекші, жарты ғасырдан астам уақыт өтсе де, есімі ел есінде жүрген алдыңғы буын аға-апаларымызды өскелең ұрпаққа насихаттау – өз еншімізде.
Тәуелсіздігіміздің, елдік қасиетіміздің тұғыры мықты, ару Ақтау қаламыздың 55 жылдық мерекесі құтты болсын!
Айнагүл ҚАБЫЛОВА