Арайлы Ақтау қаласының 55 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа тұрғын үй кешені ел игілігіне берілді. 32А шағынауданында бой көтерген көп қабатты үйдің салтанатты ашылу рәсіміне Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов, облыстық мәслихат депутаттары, қоғамдық ұйым мүшелері мен тұрғындар қатысты.
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен жүзеге асқан «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында облыс орталығында көп қабатты тұрғын үй бой көтеріп, көпшіліктің көптен күткен арманы орындалды. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов жұртшылықты қоныс тойларымен құттықтады.
«Қайырлы күн, құрметті ағайын! Ақтау қаласының 55 жылдық тойы қуанышты жаңалықтармен басталды. Әсем шаһардың құрылғанына жарты ғасырдан сәл асқанымен, қасиетті Маңғыстау түбегін ата-бабаларымыз ежелден мекен еткен. Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен Каспий теңізінің тағдыры шешілген жиын өтті. Қазақ даласының, ел шекарасының нүктесі Ақтау қаласында қойылды. Ақтау төрінде мемлекет басшылары Каспий теңізінің құқықтық мәртебесін айқындап, ортақ ұйғарым шығарды. Бұл Ақтау саммиті деген атаумен бүкіл дүниежүзіне тарады. Осындай абырой-беделге Елбасымыздың салиқалы саясатымен, халықтың қолдауымен, ауызбіршілігімен жеттік»,– деп облыс басшысы бүгінгі шараның да мемлекеттік маңызы бар әлеуметтік жоба екенін еске салды.
«Халыққа берілгелі отырған тұрғын үй кешені де Елбасымыздың «Нұрлы жер» деп аталатын бағдарламасы негізінде салынып отыр. Бұл жобаның мақсаты – тұрғындарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету. Бір Ақтау қаласының өзінде бүгінге дейін 9 мыңнан аса азамат үй кезегінде тұрған болса, бұл көрсеткіш жыл сайын 700-дей адамға көбейіп келеді. Бүгін, міне, бір ғана тұрғын үй кешенінде 478 отбасы пәтер кілтін алып, баспаналы болғалы тұр. Қуаныштарыңыз ұзағынан болсын, тойларыңыз тарқамасын», – деген облыс басшысы Ералы Лұқпанұлы жобаны жүзеге асыруға атсалысқан «Қазақстан ипотекалық компаниясы» мен «Оңдасын-Строй» құрылыс компаниясына алғыс білдірді.
Салтанатты шарада тұрғын үй пәтерлерін халыққа жеңілдікпен ұсынған «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Кәкім тұрғындарға жоба туралы баяндап, өз сөзін «Қала күнімен қатар келген қоныс тойларыңыз құтты болсын» деп аяқтады.
Бұл күні баспаналы болған тұрғындардың қуанышында шек болған жоқ. Облыс әкімі Ералы Тоғжанов пен «Қазақстан ипотекалық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Руслан Кәкім сахна төрінде тұрғындарға пәтер кілттерін табыстады. Мемлекеттік қызмет саласында еңбек етіп келе жатқан Айгүл Алмамедова тұрғындар атынан риясыз алғысын арнады. Екі бөлмелі пәтерге қол жеткізген қызының қуанышына асыға жеткен зейнеткер Айша Әбдімәлікова «Нұрлы жер» бағдарламасымен елге жасалып жатқан жағдайларға ризалық танытып, тілегін айтты. Ал мемлекеттік балабақшада қызмет етіп келе жатқан Шырын Ержанова осы күнді үш жыл күткен екен. «Алғаш бағдарлама туралы естігенде дереу құжаттарымды жинап, біріншілердің қатарында өтінім тапсырған едім. Бұған дейін пәтер жалдап келдік. Енді өзіміздің баспанамыз бар. Өте қуаныштымыз. Бәріне рақмет айтамын», – дейді ол.
Жаңа үйдің лентасын салтанатты түрде Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжанов пен құрылыс саласының еңбек ардагері Жақсығали Жакиев ақсақал қиды. Облыс басшысы бастаған қонақтар пәтерлерді аралап, қоныстарына ақ тілек, ізгі лебіздерін білдірді.
«Оңдасын-Строй» құрылыс компаниясы салған жаңа үй негізінен жылу сақтауға арналған газаблок материалынан және монолитті бетоннан тұрғызылған. Әр пәтерде бөлмеаралық есіктер, жуынатын бөлме жабдықтары, сондай-ақ ас бөлмеде газ плитасы, коммуналдық есептеуіш аппараттары орнатылған. Мұндағы бір бөлмелі пәтерлердің көлемі – 43-45, екі бөлмелісі – 52-67, үш бөлмелілер – 78-89 шаршы метр. Әлеуметтік бағдарлама арқылы тұрғындарға берілетін жеңілдіктері де көңіл қуантарлықтай. 20 жылға нарықтағы бағадан төмен арендалық төлем жасап, мерзімі аяқталғаннан кейін пәтерді өз атына аудара алады.
Жайық НАҒЫМАШ, Суреттерді түсірген Серік МАЙЕМЕРОВ