©
Қазіргі таңда аутизм дертіне шалдыққан балаларды дамыту қоғамдағы күрделі мәселелердің бірі болып отыр. Соңғы уақытта аутизммен ауыратын балалардың саны артқаны байқалуда. Сондықтан аутизмге шалдыққан балаларды мектепке бейімдеу үшін мектеп мұғалімдерінің инклюзивті білім жүйесіндегі кәсіби деңгейін арттыру қажет. «Қазақстанда аутизм дертімен дүниеге келетін балалардың саны артқан. Мамандар елімізде 14-жасқа дейінгі «ерекше» балақайлар саны 1000-нан асады десе, сарапшылар тіркеуге тұрмаған тағы 30 мыңы бар дейді. Маңғыстауда 2017 жылы шамамен 125 бала аутизм дертіне шалдыққан», - деді «Қамқорлық» әлеуметтік жобаларды дамыту орталығы» қоғамдық қорының директоры Эльмира Қалиева. Аталған қор Маңғыстау облысы білім басқармасымен бірлесе отырып «Аутист балалармен жұмыс жасаудағы заманауи түзету технологиялар» аты жобасын бастады. Жоба маусым-желтоқсан айларында өткізіліп, 35 мектеп психологы оқытылады. Ал оларға Ш.Есенов атындағы КМТЖИ университетінің профессор-оқытушылары, педагогика және психология саласының ғалымдары дәріс береді. Мектеп психологтары «АВА», «TOMATIS», «PECS» методикалары негізінде аутизмге шалдыққан балалармен педагогикалық жұмыс тәжірибесін, сондай-ақ логотерапия, эхолалия, сенсорлық моторика, арттерапия салалары бойынша маңызды білім алып, тәжірибе жүзінде танысып, игермек. Аутизм – адамның сыртқы дүниеден оқшауланып, өзімен-өзі болып, іштей сары уайымға салынған кездегі көңіл-күйі. Аутизм терминін Э.Блейлер адамның ішкі эмоциялық қажеттіліктерімен реттелетін және шынайы әрекеттерге тәуелділігі шамалы аффективтік саланың айрықша түрін белгілеу үшін енгізген. Аутист балалардың есте сақтау қабілеті жоғары болады. Аутизм – бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді.Асылзат ӨСЕРҚЫЗЫ
Сурет сайттың архивінен алынды