Елбасының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты биылғы Жолдауында әлем технологиялық, экономикалық және әлеуметтік салалардағы қарқынды даму кезеңіне қадам басқаны жайы сөз болды. Бұл тұста Елбасы жаһандық өзгерістерге ілесу мақсатында елімізде жаңа технологияларды енгізудің көшбасшысына айналдыратын индустрияландыру, ресурстық әлеуетті дамыту, агроөнеркәсіпті дамыту мақсатында аграрлық ғылым, ауыл шаруашылық саласына маман дайындайтын оқу орындарының рөлін қайта қарау, аграрлық жаңа технологияларды қолдану, көлік-логистика инфрақұрылымының тиімділігін арттыру, құрылыс пен коммуналдық секторға жаңа технологияларды қолдану, қаржы секторын жаңғырту мен білім беру, денсаулық саласын дамытуды айтып, аталмыш міндеттерді шешуге жұмылу қажеттігін жеткізді. Қай сала болмасын халыққа оңтайлы қызмет көрсету, жұмыс процесін жеңілдету мақсатында медицина, білім беру, халыққа қызмет көрсету т.б. салаларда цифрландыру мәселесін алға қойды.
Қазіргі таңда, яғни технологияның дамыған заманында тіршілікті оңайлататын технология саласы дамып, жаңа техникалар шығарылып, адамзаттың қолданысына енгізіліп жатыр. Солардың бірі, аналогты сигнал сандық теледидармен алмастырылды. Телеарналар саны көп, жылдам, жоғары сапалы және анық теледидар жұрттың сұранысын туғызды. 2010 жылы «Кателко Плюс» жерсеріктік телехабар тарату желісі модернизациядан өтіп, отандық жерсеріктік телекөрсетіліміне қосылуға мүдделі жаңа атаумен «OTAU TV» деп өзгертілген желі дүниеге келді. Бұл халық жерсерікті телехабар тарататын шетелдік операторларға қосыла бастаған сәтте, яғни алдын-алу мақсатында жүзеге асырылған жоба болып табылды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ескерусіз келген З8 ақынның жыр кешіАқпарат тасушы «OTAU TV» желісінде мемлекеттік, облыстық теле, радио арналар абоненттік төлемсіз тегін көрсетіліп, ал коммерциялық арналарға қосылу үшін ай сайынғы төлем алынады. Сондай-ақ абонент бір рет қана шығындалып, үйіне, не кеңсеге антена орнату арқылы қол жеткізе алады. Отандық өнім қала мен ауыл халқы арасындағы ақпараттық теңсіздікті жойып, эфирлік телехабар таратылым арқылы небәрі 4 телеарна көруге мәжбүр ауыл халқының отандық телеарналарға оңай қол жеткізуіне мүмкіндік береді.
Дегенмен де елімізде әлі күнге дейін аналогты эфирлік телехабар тарату жүйесі қосулы. 2014 жылдан бастап эфирлік телехабар тарату өшірілетіндігі жайлы айтылса да, халық ақпарат кеңістігінен тыс қалмас үшін бүгінгі күнге дейін созылып келді. Биыл осы жұмыс жүзеге асырылып, республика бойынша Маңғыстау облысынан бастау алмақ. Бұл жөнінде «Қазтелерадио» АҚ-ның Маңғыстау облыстық филиалы телерадио және телехабар тарату дирекциясының бас инженері Мұрат Айтмағанбетовтың қатысуымен өткен басқосуда айтылды. Жиынға қала әкімінің орынбасары Сәнім Танаева мен ауыл әкімідері, мемлекеттік мекеме басшылары қатысып, қала мен ауыл тұрғындарын ақпараттандыру мақсаты сөз болды.
- 9 қазаннан бастап Маңғыстау облысының қарамағындағы ауыл-аймақтарда, ал 15 қазаннан қалаларда аналогты телехабар тарату өшіріледі. Бұл жөнінде халық арасында ақпараттық-насихаттық жұмыстар жүргізілуде. Әлі де тұрғындарды хабарландыруымыз қажет, - деді М.Айтмағанбетов.
Жазира АҚБЕРГЕНОВА