Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция мүшелері Мұнайлы ауданына арнайы іс-сапармен келіп, тұрғындармен кездесті.
Ауданға арнайы жұмыс сапарымен келген Парламент Мәжілісінің экономикалық реформалар және өңірлік даму комитетінің мүшесі Сәкен Өтебаев, Тарас Хитуов, Мәжілістің әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мүшесі Кәрібай Мұсырман, заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Асылбек Смағұловтар алғашқы кездесуін Басқұдық ауылдық округі тұрғындары мен Басқұдық ауылдық балалар және жасөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушілерімен жүздесуден бастады. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін насихаттаушы депутаттық топты «Нұр Отан» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Нұри Тумышев, Мұнайлы ауданының әкімі, «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалының төрағасы Нұрлан Тәжібаев, «Нұр Отан» партиясы Мұнайлы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Мұқанжан Камалов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы, облыстық мәслихаттың депутаты Табылды Әміровтер бастап жүрді.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Арманына жеткен жанБасқұдық ауылдық округі тұрғындарымен және ауыл жастарымен кездескен депутаттар түрлі ұсыныс-пікірлерді тыңдап, өздерінің нақты жауаптарын берген соң ат басын Қызылтөбе ауылдық округінде орналасқан Қызылтөбе лицейіне бұрды. Биылғы облыс көлеміндегі ҰБТ қорытындысы бойынша ауданда жоғары көрсеткішті иеленген лицей өз жұмысын жаңа заман талабына сай жүргізіп келеді. Депутаттық топ лицейдің тыныс-тіршілігімен танысып, ІТ кабинеттері мен дарынды балалардың ғылыми жобалармен шұғылданатын арнайы кабинеттерінде болып, пікір алмасып, маңызды мәселелер төңірегінде әңгімелер қозғалды. Ұстаздар мен оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауаптар беріліп, ұсыныстар қаперге алынды. Президент Үндеуінің маңыздылығы да кеңінен сөз болды.
Түстен кейін аудан халқымен кездесуін жалғастырған Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Тарас Киікбайұлы Хитуов Маңғыстау ауылында Мұнайлы ауданының он жылдығы аясында және Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласы негізінде іске қосылған «Сауқымбек» ұн-жарма комбинатының жұмысымен танысып, ұжым мүшелерімен кездесті. Мұнда жергілікті тұрғындардан 50 адам жұмыспен қамтылып, халықты сапалы ұнмен қамтамасыз етіп отыр. Шетелдерге де ұн шығаруды жоспарлап қойған екен. Мұндағы тағы бір ерекшелік жергілікті тұрғындар үшін бір қабы 800 теңге тұратын мал азығы үшін кебек дайындалады. Мұның өзі халық үшін өте тиімді. Мәжіліс депутаты комбинат ұжымының ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Арнайы топ мүшелері одан әрі Баянды селолық дәрігерлік амбулаториясының тыныс-тіршілігімен танысты. Емдеу амбулаториясының жұмыс процесімен ауданның бас дәрігері Айларбек Шыршықбаев хабардар етіп, мұндағы ем қабылдау кабинеттерін аралады. Заманауи үлгіде салынған емдеу ғимараты барлық талапты орындауға әзір екендігін көрсете білді.
Аудан әкімі Нұрлан Тәжібаев бастаған топ Баянды ауылында орналасқан №7 «Айналайын» балабақшасының мәжіліс залында ұжым мүшелерімен және ауыл ақсақалдарымен кездесіп, Мәжіліс депутаты Тарас Киікбайұлы Парламентте атқарылып жатқан жұмыстарға шолу жасады. Қабылданған заңдардың ерекшелігі мен маңыздылығына кеңірек тоқталып өтті. Елбасы Үндеуінің халық үшін құнды құжат екендігін барынша терең оймен әңгімеледі. Кездесуде ұсыныс-пікірлер де назарға алынды.
Парламент Мәжілісі депутаттарының жұмыс кестесіне сай тұрғындармен кездесу Дәулет ауылдық округіндегі №4 жалпы білім беру орта мектебінің кітапханасында жалғасты. Ауыл тұрғындары тарапынан да маңызды сұрақтар қойылып, орынды жауаптар берілді. Тұрғындар арнайы топ өкілдерінен өздеріне қажетті тың ақпараттар алып, өз алғыстарын білдірді.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа Үндеуін насихаттауға шыққан Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясының депутаттық фракция мүшелері өздерінің алдына қойған міндеттерін Мұнайлы ауданында толық орындай білді. Бұған халықтың шынайы ықыласы дәлел бола алады.
Д.ХАНСҰЛТАН