©
Біздің басылымда бұған дейін «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясына қарасты мұнай-сервис кәсіпорындары оңтайландыру бойынша бірнеше бағыттағы бағдарламалары туралы бірнеше рет жарияланды. Сондай кәсіпорынның бірі «OilTransportCorporation» ЖШС бас директоры Серік Кеулімжаев «5/50» бағдарламасы бойынша компанияда жүргізілген жұмыстар барысын баяндады.
Бас директордың айтуынша, компаниядағы жұмысшылар санын оңтайландыру ең алдымен еңбек ұжымының мүдделері мен құқықтарына нұқсан келтірместен жүргізіледі. Транспорттық қызмет көрсетуге мамандандырылған үш басқарма құрамында – Маңғыстау, Жетібай және Бозашыда (Қаламқас кенорны) жұмыс істейді. Компанияда 900-ден аса техника бар, 2017 жылдың басында транспорттық компания құрамында 2 440 жұмысшы болды. Бұл өз кезегінде жұмыс көлемі бойынша кадр ресурсы талаптарын күшейтті. «2017 жылы енгізілген «5/50» бағдарламасын бүгінгі күнге дейін 700-ден аса адам пайдаланды. Нақтырақ айтсақ, 2017 жылы 676 адам, биыл 70 адам бағдарламаны таңдады», – дейді бас директор.
«5/50» бағдарламасы неліктен «OilTransport Corporation» компаниясында жүргізілуде?
Еңбек ұжымы арасындағы оңтайландыру бағдарламалары бірқатар мұнай-сервис компанияларында қатар жүргізіліп келеді. «OilTransportCorporation» компаниясында бұл бағдарлама негізсіз жүргізілмейді. «Компанияның шығынға ұшырауының басты себебі – ең бірінші кезекте еңбекті төлеу қоры көлемінің көптігі және жыл сайынғы үлкен көлемдегі өтемақылар. Қазіргі сәтте компанияның еңбекті төлеу қоры 80 пайызды құрайды. Біз осы шығындардан аман-есен шығуымыз үшін шығыны көп бөлікті қайта қарастыруымыз керек. Ол – еңбекті төлеу қоры болып отыр», – деген Серік Кеулімжаев компания шығындарының «ҚазМұнайГаз» Ұлттық компаниясы дотациясымен жабылып келгенін жеткізді.
Мәселен, 2013 жылдан бері «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ тарапынан бөлінген дотация көлемі 10 миллиард теңгеге жетті. 2012 – 2017 жылдар аралығында компанияның қаржылық жағдайы құлдырап кетті. 2012 жылы компания табысы 48 миллион теңге болса, 2017 жылы шығын көлемі 19 430 млн. теңгеге шықты. 2013-2017 жылдар ішіндегі табыс пен шығын айырмашылығы көбеюде, осылайша компания өз шығындарын жабуға қауқарсыз болды. Айта кетер жайт, «OilTransportCorporation» компаниясы жыл сайын транспорттық қызмет көрсетуден 12-13 миллиард теңге табыс әкеледі. Алайда бұл кірістер компания шығынын жаба алмай отыр, нәтижесінде компания шығынға ұшырады.
Кедергілерден қалай өтеміз?
«OilTransportCorporation» компаниясы бұл келеңсіздіктерден өту үшін бірқатар маңызды шараларды қабылдады. Атап өтсек, компания шығынсыз жағдайға жету үшін персоналдар санын «5/50» бағдарламасы бойынша оңтайландыру жұмыстарын жүргізуде және компания транспорттарын сенімді басқаруға өткізуді көздейді. Персоналдар санын оңтайландыру бағдарламасы бойынша бес жылдағы, яғни 2018–2022 жылдарда экономикалық тиімділік шамамен 35 миллиард теңге болады деп жобаланған.
2017–2018 жылдарда жұмысшылар санын оңтайландыру бағдарламасынан үнемделген қаражат көлемі 21 миллиард теңгені құрайды. Айта кету керек, бұл экономикалық тиімділік еңбекақыға кететін шығын көлемінің азаюы, сондай-ақ әлеуметтік салықтар мен әлеуметтік төлемдер, міндетті зейнетақы төлемдері және сақтандыру көлемдерінің төмендеуі нәтижесінде туды.
«Ал компания шығынсыз жағдайға «5/50» бағдарламасын жүзеге асырып және көліктерді сенімді басқаруға өткізгеннен кейін, яғни 2019 жылы жетуді жоспарлайды. Бұдан бөлек, компания шығындарын оңтайландыру мақсатында бірқатар шаралар жүргізілді. Атап айтсақ: Жетібай және Ынтымақ кәсіпорындарындағы жылу қамтамасыз ету жүйесін газға ауыстыру, автокөлік жұмысын көгілдір отынға ауыстыру, GPS навигатор жүйесін енгізу, құрылымдық бөлімдерді оңтайландыру, профильді емес қызмет түрлерін аутсорсингке көшіру (нысан күзетшілері, клининг, ғимаратты жөндеу жұмыстары, т.б.) және шығыны көп қызмет түрлері (жеңіл және жүк тасымалы көліктері)», – дейді компания бас директоры.
Нақты қандай нәтижелер шықты?
«OilTransportCorporation» ЖШС бас директоры Серік Кеулімжаев қабылданған шаралар нәтижесінде үнемделген қаражат көлемі де көбейгенін айтады. Бұл ретте бірінші кезекте компания құрамындағы бейіндік емес қызмет түрлері алынған. Соның нәтижесінде бір жылда 260 миллион теңге қаражат үнемделген. Одан кейін компания персоналы саны оңтайландырылды. Шығындық жағдайдағы және техникалық тұрғыда ескірген 63 УАЗ көліктері «Маңғыстаумұнайгаз» компаниясы қажеттіліктері үшін жалға алынған 63 пикап көлігіне ауыстырылды. Бұдан бір жылда 300 миллион теңге үнемдедік. Сондай-ақ көліктерді жүргізушінің қатысуынсыз жөндеу жұмыстарын жолға қойылды. Бұл жолы 50 адам қысқартылып, бір жылда 340 миллион теңге үнемделді. Бұдан бөлек, бейіндік емес жұмысшыларды аутсорсинг жолымен ауыстыру жұмыстар жүргізілген. Осылайша жарты жыл ішінде шығындардың төмендеуі 113 миллион теңгені құрады.
«2017 жылы «5/50» бағдарламасын 676 адам, 2018 жылы 66 адам пайдаланды. Олардың ішінен 35 адам аутсорсинг жолымен жұмысқа қайта қабылданды. Ал бағдарламаның жүргізілу мерзіміне келсек, 2017 жылы басталған «5/50» бағдарламасы биылғы жылдың соңына дейін жалғасады. Әр жұмысшы өзінің кәсіби біліктілігі мен дәрежесіне қарай алады, «5/50» бағдарламасы бойынша максималды сома – 15 миллион теңге, ең төмені – 4,5 миллион теңге. «5/50» бағдарламасының орташа сомасы – 9,7 миллион теңгені құрайды. Біз өз қызметкерлерімізге бағдарлама толықтай ерікті екенін түсіндіріп келеміз, ешкім ешнәрсеге мәжбүрлемейді. Бұл әр жұмысшының өз таңдауы – ұсынысты қабыл алып, бағдарламаға қатысса да, жұмыста қалса да ерікті. Дегенмен біз әлемде барлық нәрсе өзгеріске ұшырайтынын және ол өте жылдам болатынын білеміз.
Еңбек шарты өзгереді, нарықтағы жағдай да өзгереді. Сондықтан біз қазіргі нарықтағы нақты жағдайға үйренуіміз керек», – деп сөзін түйіндеді мекеме басшысы.
Ноян ЖОЯМЕРГЕН