©
Әлқисса. Осыдан біршама уақыт бұрын болған әңгіме-тұғын. Бір танысым елімізде орныққан шетелдік ірі компаниялардың бірінде жұмыс жасаған еді. Артынша, аталмыш компания жұмысын күрт тоқтатып, жұмысшыларын босатуға мәжбүр болып қалған. Жұмыс берушілер қарамағындағыларын жинап үлкен жиналыс өткізеді. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні де осы. Танысым бастаған бірқатар азаматтарға компания басшылығы 5 айлық жалақысын ұсынып, атқарған еңбектеріне алғыс білдірсе керек. Әңгіме барысы олардың еңбекті қалай бағалайтыны туралы сөзбен басталып, үлгі болатын дүние екен деген оймен түйінделген-ді...
Дағдарыс дүрбелеңі
Дүние жүзін дүрліктірген бұл дүрбелең шикізат арқылы күн көріп отырған елдер үшін ерекше ауыр болғаны сөзсіз. Ұлттық валютаға жасалған соққы, шет елдік тауар мен өнімдер бағасының асқақтауы осының айғақ көрінісі болды емес пе? Десе де ұтымды экономикалық жобалар, тиімді инвестициялар мен сындарлы саясаттың арқасында алапат дағдарыстың батпандай жүгі елге бата қоймады...
Алайда айбалтасы талайдың табырын үзген бұл экономикалық сілкіністің салдары толық емделді деу асылық. Ел тұрақтылығының негізгі тірегі – мұнай бағасының күрт төмендеуі ұлттық компаниялардың ұпайын кеміткенін көзі қарақты оқырман айтқызбай білген. Сөзіміздің дәйегі болсын статистиканың тілінде сөйлеп көрелік. Жалқыдан жалпыға ауысып көрсек. Мысал ретінде жарты ғасырлық тарихы бар «Мұнайтелеком» компаниясының 2017 жылғы кірісі 2,5 миллиард теңге, ал шығыны 3,9 миллиард теңгені құраған. Таза шығын бір жарым миллиардқа жеткен. Дәл осы есепке сүйенсек жалпы ұлттық компаниялар соңғы 5 жыл ішінде 8 млрд. теңгеге жуық шығынға ұшыраған. Аталмыш қаражаттың 80 пайызы – жұмысшылар жалақысы.
Егер осы бағытта жүре беретін болса ұлттық компаниялардың тақырға отыратынын көру үшін экономист болудың қажеті шамалы. Әлімсақтан аян дүние. Ендігі кезек тығырықтан шығатын жолға келеді. Деректерге сүйенсек соңғы бес жыл ішінде әлем бойынша 100 мыңнан астам мұнайшы жұмыстан айырылған екен. Ал олардың жағдайы екінші кезекке қалдырылған. Сонда ұлт эконмикасының бірегей тірегіне айналған ұлттық мұнай компаниялары қайтпек?
Мәселе мен мәмле
Маңғыстау өңірінде мұнайшыларға арнайы қарастырылған «5/50» бағдарламасын дүйім жұрт естіп, елең ете қалғаны жасырын емес. Атының өзі жұрт назарын аударған бағдарлама аясында біршама игі істер атқарылды.
Ел экономикасының негізгі бөлігін құрайтын мұнай бағасы әлемдік нарықта құбылып тұрған уақытта өндіруші компаниялардың табысынан шығыны асып кеткені айдан анық.
Негізге алсақ жұмысшылар қатарын азайту – жұмыс берушілер үшін ең ақырғы қадамы. Бұл еріккеннің ермегі емес екенін біз бен сіз жақсы түсінгеніміз абзал. Десе де жұмысшыларды жұмыстан шығару – әркез оны елемеу деген сөз емес. Ары тартсаң өгіз өледі, бері тартсаң арба сынадының кері болған қиын мәселенің қисыны табылды деуге толық негіз бар. Ол – «5/50» бағдарламасы.
Толығырақ тарқататын болсақ, аталмыш бағдарлама аясында жұмыстан босатылған мұнайшы алдағы бес жылдық табысының тұптура 50 пайыз жалақысын алатын болады. Мысал ретінде айтсақ, аталмыш жоба бойынша өткен 2017 жылы 84 адам жұмыс орнын босатып, олардың өтемі ретінде 750 миллион теңге қаржы бөлінген. Қисапқа салып қарасақ адам басына 9 миллион теңгеден шығады. Аталмыш қаражатпен қатар эксмұнайшылар сенімді серіктестер арқасында жалақысы төмен жаңа жұмысқа орналастырылған.
Ағымдағы жылда отандық мұнай компаниялары жоба мүддесіне 1 миллиард 600 мың теңге қаржы қарастырған. Осылайша жұмыссыз қалған мұнайшылар қамсыз қалмай, қомақты қолдауға ие болмақ.
P.S. Аталмыш жоба туралы естігенде еңсең тіктеледі екен. Бес айлық жалақы берген бәденді оқиға алдында бұл бастаманың халық қамы үшін жасалғанына, оның үстіне еңбек ресурсына деген құрметтің оянғанына көңіл қуанады. Арба да сынбай, өгіз де аман қалғаны ел экономикасының тұрақтылығының арқасы деп сенеміз.
Р.САҒЫНДЫҚОВ