Экономика заңдылықтарына сүйенер болсақ, әлемнің белді компанияларының негізгі активін олардың қызметкерлері құрайды. Мекеме жұмысының ілгері басуына және оның өрлеуіне қатардағы қарапайым жұмысшыдан бастап, бірінші басшыға дейін әрбірінің қосар үлесі зор.
Даму бар жерде, кері кету процесінің де қатар жүрері экономика заңдылығы. Бұл туралы әлемнің алдыңғы қатарлы экономистері Адам Смитпен, бергісі Карл Маркс өз еңбектерінде ерінбей жазып, әрбір кризистің артында қайта даму тұрғанын да болжаған.
Осы орайда 2014–2016 жылдары мұнай өндіру ісі 23 пайызға құлдыраса да өз қызметкерлерін қиын жағдайда қалдырмас үшін «5/50» бағдарламасы арқылы 193 жұмысшысына орта есеппен 9 млн. теңгедей өтемақы төлеп, оларды өзге жұмысқа орналастырған «Мұнайтелеком» ЖШС-ның игілікті ісін айта кеткен жөн. Дәл қазіргідей қиын кезеңде әрбір қазақстандықтың басында қыл бұраудай қинаған кредиттің бары рас. Алдағы 5 жылдық жұмысының 50 пайыз жалақысын қолмақол алып, өзге жұмыстарға орналасқан «Мұнайтелекомның» 120 қызметкері өз несиелерін жапқан. «Қарызсыз кедейлікте байлық» – дейді ақшаны үнемдеп жаратуды үйрететін қаржы саласының мамандары. Айта кететін жайт, 193 жұмысшының 5-еуі жеке бизнесін ашып, оның 20-сы балаларының оқу ақысын төлеп, 36 адам қайтадан квалификациядан өткен.
«Күрделі жаһандық дағдарыс ахуалында біздің мемлекет жоғары әлеуметтік жауапкершіліктің, еңбек адамына деген қамқорлықтың үлгісін көрсетіп отыр» деген Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сөзін берік ұстанған «Мұнайтелеком» ЖШС-ның бұл игі ісі өзге де компанияларға үлгі. Есесіне әрбір азаматымыз бейбіт елдің бақытын бағалап, «барға – мәзір, жоққа – сабыр» десе Ұлы далада көк туымыздың мәңгі-бақи желбірейтіні анық.
Р.САҒЫНДЫҚОВ