©
Өткен аптада ауданымызда жұмыс сапарын өңір басшысы Ералы Тоғжанов аудандық спорт мектебінің жұмысымен танысудан бастаған болатын.
Түпқарағандық Азамат Күмісбав және Сәндігүл Аманқосова сынды жас спортшыларға облыс әкімі кимано кигізіп, қуаныш сыйлады.
Спорт кешенінен соң өкпе аурулары ауруханасы ғимаратының қазіргі жағдайымен танысты. Бірнеше жыл жұмысын тоқтатқан өкпе аурулары ауруханасының бүгінгі жағдайымен таныса келе, ол ғимаратты ендігі жерде қандай мақсатта пайдалану жолдарын қарастыруға аудан әкіміне ұсыныс беру үшін уақыт берді. Аудан әкімі Айдос Хамиев Форт-Шевченко қаласы мен Баутин ауылы бойынша тұрғын үй кезегінде тұрған 440 адамға жатақхана етіп беру жөнінде де ұсыныстары барын жеткізді. Сонымен қатар облыс басшысы дайын ғимараттың теңізге жақын әрі қаладан оқшаулау жерде екенін ескеріп, сауықтыру немесе жазғы тынығу алаңдарын ұйымдастыруға ыңғайлы болатынын атап өтті. Алайда, бұл әзірге ұсыныстар ғана. Әлі де ұсыныстар пысықталып, құрылысы дайын ғимаратты тиімді пайдалану жолдары қарастырылатын болады.
Ұзақ уақыт бойы құрылысы тұралап қалған Мұрын Жырау мұражайының қайта жасақталу құрылысымен танысқан облыс басшысы тапсырыс беруші Маңғыстау облыстық мәдениет басқармасы мен жобалаушы «Ақтау Сәулет-құрылыс» ЖШС жобалары бойынша жұмыстарды жүйелеуді және құрылыс жұмыстарын уақытылы аяқтауды тапсырды. Жобалық-сметалық құжаттардағы сәйкессіздіктерге қатысты жұмысы тоқтап қалған құрылыс 2017 жылы басталған болатын. Бүгінде жобалық-сметалық құжаттарын түзету жұмыстары жүргізіліп, желтоқсан айында қорытындысы шығады деп күтілуде. Құрылыс жұмыстарының қаражаты 2019 жылға қойылған.
Теңіз жағасына тиіп тұрған Түпқараған ауданының соңғы кезде көп көтерілетін мәселесі – заңсыз балық аулауға қатысты туындап отыр. Аташ елді мекеніндегі балықшылар теңізге шығатын «Балықшы» ЖШС аумағындағы шағын айлақ маңында ҚР ҰҚК Шекара қызметі 2201 «Б» әскери бөлімі, теңізге шығуға рұқсат беретін «2018» жағажайдағы шекарашылар әскери бөлімдерінің басшылары және прокуратура, ІІБ мен табиғатты қорғау бөлімдерінің басшыларымен кездесіп, жұмысты үйлестіріп, заңдастыру бойынша тапсырмалар берді.
- Арнайы жүзу құралдарын қоятын, барлық жағдайы жасалған судағы кемелер тұрағының құрылысы үшін Баутин айлағында арнайы жер телімі бөлініп, 2014 жылы жобалық-сметалық құжат жасақталып, қазіргі уақытта мемлекеттік сараптама қорытындысы өтіп кеткен, - деді аудан әкімі Айдос Хамиев. Облыс әкімі саяхаттау үшін теңізге рұқсат алып шығатын балықшыларды заңды түрде кәсіпке алмастырып, жұмыстарын жүйелеуге шақырды. Балық шаруашылығын дамыту үшін заңсыз жолмен жұмыс жүргізуді тоқтатып, зауыт жұмыс жасау керектігін, ол үшін «Балықшы» мекемесінің жұмысты бастауды қолға алуын, осы кәсіппен шұғылданғысы келетін кәсіпкерлерді де жұмылдыру қажеттігін айтты.
Қала орталығындағы Мұстафа Шоқай ескерткішін қайта жасақтау бойынша да тапсырмалар берді.
Маңғыстау облысы желдің ең үлкен энергетикалық қуатына ие. Сондықтан біздің өңірде жел электр станциясын салу да тиімді деп есептейді мамандар. Өңір басшысы ауданға сапарын 375 га жерді алып жатқан «South Wind Power» ЖШС 42 МВт қуаттылығы бар жел электр станциясының құрылысы жұмыстарымен және «Совместное Предприятие» КТ «Редкоментальная компания» ЖШС 43,6 МВт жел диірменінің қондырылу құрылыстарымен танысты. Сонымен қатар соңғы жел электр станциясы басшылары жергілікті мамандарды жасыл энергетика негізінде қайта даярлықтан өткізіп, оқытып, өздеріне жергілікті кадрларды тартатындықтарын айтты.
Милана ЕЛЕУСІНОВА
Көрнекі сурет сайттың архивінен