Мектеп оқушыларын инновацияға талпындырып, зияткерлік қабілеттерін дамытуға бағытталған үйірме атауы - «робототехника». Жаңаөзен қаласындағы Оқушылар шығармашылық үйінің жетістігі мол, оқушы саны көп үйірмесі. Ол физика, математика, информатика пәндерін терең түсініп, логиканы дамытып, балалардың фантазиясын оятады. Құрастыру арқылы инженерия, жаңа заман технологиялар саласын ұғынуға септігін тигізеді.
Робототехника үйірмесі Оқушылар шығармашылық үйінен 2016 жылы 1 қыркүйекте ашылды. Қараша айынан бастап Lego Mindstorms EV3 құрастырғыш роботтары келіп, сол кезден бастап 33 оқушы үйірмеге жазылып, қызығушылықтары арта түскен. Қазіргі таңда бұл үйірмеде 7 мұғалім, 270-тен аса оқушы робот жасауды үйренуде. 9 жастан 21 жасқа дейінгі жастар өздерінің бос уақытын тиімді өткізіп, бұл үйірмеге қатыса алады және тегін. Осы үйірменің ашылуы мен дамуына үлес қосып жүрген Марат Атаназаровтың айтуынша, робототехника қазір күннен күнге дамып келе жатқан сала.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: 8 ай сергелдеңге салған шенеунік тәртіптік жазаға тартылуы мүмкін- Көштен қалмай біз де жаңа технологияны оқушыларға үйретуіміз қажет, себебі олар болашақтың жастары. Робототехника балалардың ой-өрісін дамытып, кең ойлауға, жаңалықтар ашуға үйретеді. Балалар құрастырғанды, жаңалық ашқанды және үйренгенін көрсетіп, нәтижесімен бөліскенді жақсы көреді. Сол себепті де, бұл жаңа заман балаларына лайықты үйірме. Ата-аналар балаларының ұялы телефон ойындары, ғаламтордағы қажет емес ақпараттар, компьютер клубтары секілді бос нәрсемен айналысып, уақытын текке жіберуіне жол бермей, осы үйірмеге әкелсе, - дейді үйірме жетекшісі.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Жаңаөзендік оқушы сумен жүретін гелендваген ойлап таптыҮйірменің ашылғанына екі жыл болса да шәкірттерінің жеткен жетістіктері өте көп. Айта кететін болсақ, Ақтөбе қаласында өткен республикалық «КазРоботикс 2017» сайысынан Нұркен Жақып пен Ғанибек Ермекбай «Биатлон» категориясынан 2-орын, Нұрдаулет Мамыртаев пен Нұрлыбай Ақжол 3-орын, Қарағанды қаласында өткен халықаралық «RoboLand 2017» сайысында Азамат Жаңатуған 2-орын иеленген. Осы жылы наурыз айының 30-31-і күндері Қарағанды қаласында өткен ««RoboLand 2018» сайысында Ресей, Польша, Қырғызстан, Беларуссия елдерінен және Қазақстаннан 790 команда қатысқан сайыста Нұрдаулет Мамыртаев пен Айбек Басбаев «Challenge Rindmaster» 2-орын алса, Береке Басбай 3-орын алды. Үйірме оқушылары әлі талай жарыста жеңіске жетіп, қаламыздың мерейін арттырады деген сенімдеміз.
Жанат НҰРАНОВА