©
Бүгін, 2018 жылғы 17 маусымда сағат 13.25-те, Жамбыл облысы Шу қаласынан 50 шақырымдық жерде 20 вагоннан құралған "Алматы-Астана" бағытындағы жолаушылар пойызы жолдан шығып кетті. Жол апаты салдарынан 8 вагон рельстен шығып, екеуі аударылып қалды. Пойызда 829 адам келе жатқан. Апат салдарынан 1 адам қайтыс болған.
"Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметі бұл оқиғаны растап, өз сайтында ресми мәлімет берді.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ жедел штабының мәліметі бойынша,№10 жолаушылар пойызы вагонының жолдан шығып кетуінің салдарынан 14 адам зардап шекті. Олардың үшеуі Шу аудандық ауруханасына, 11-і Шу қалалық ауруханасына жеткізілді. 832 жолаушының барлығы да Шу станциясына жеткізілді. Олардың 200-і өздерінің билетіне сәйкес, Шу станциясында қалды. 488 жолаушы Алматы қаласына жөнелтілді. Қалған жолаушылар теміржол көлігіне мінуден бас тартып, негізігі діттеген жерлеріне автокөлікпен кетті", - делінген хабарламада.
"ҚТЖ" ҰК" АҚ баспасөз қызметінің хабарлауынша, Инвестиция және даму министрлігі Көлік комитетінің жанынан құрылған арнайы комиссия тексеру жұмыстарын аяқтаған соң апаттың нақты себебін жариялайтын болады.
ҚР Бас прокуратурасы да өз кезегінде Жамбыл облысында рельстен шыққан вагондарға қатысты істі бақылауға алды.
"Оқиға орнында Бас көлік прокуратурасының прокурорлары, көліктегі ішкі істер органдарының қызметкерлері, жергілікті атқару органдары мен барлық төтенше қызметтер жұмыс істеуде және Шу қалалық ауруханасының жедел жәрдем көлігі жұмылдырылды. Шу қаласының екі ауруханасы күшейтілген режимге көшірілді", - деп хабарлады Бас прокуратураның баспасөз қызметі.
Бұл іс Теміржол, әуе, теңіз немесе өзен көлігі жүрісі немесе оларды пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу дерегі бойынша Шу ЖІІБ-мен ҚР ҚК 344 бабы 2 бөлігі СДБТ-не тіркелді.
Камшат ОҢҒАЛТАЙ,
Көрнекі сурет сайттың архивінен