©
«Батыр шапағаты» медаліне ұсыну үшін Әлия мен Мәншүктен кейін батыс өңірінен бір батыр қыз керек. 2 жыл бойы іздестіріп жатырмыз деген Бақытбек Смағұлға Дос Көшім: «Алыстан іздеудің қажеті жоқ. Желтоқсаншы, кезінде маусымды басқарғандардың барлығының ішінде күні бүгінге дейін халық пен билік ортасында алтын көпір салуға еңбектеніп жүрген апамыз бар. Сол кісіге беріңіз, ешқандай артықтығы жоқ!» деген екен. Осылайша Бауыржан Момышұлы атындағы «Батыр шапағаты» медалінің алғашқы иегері болып жерлесіміз Айтжанова Айша Тұяқбайқызы атанады.
Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерекесі қарсаңында Түпқараған ауданына қонаққа келген апайдан «Ақкетік арайы» газеті ұжымына естелік алудың сәті түсті. 65 жасқа таяп қалған батыр ананың не айтары бар, желтоқсан көтерілісіне қалай қатысты? Ендеше, Айша апайдың өз естелігіне кезек берелік.
- Желтоқсан көтерілісіне биыл 32 жыл толды. Бүгін сіздің ауданға дәм-тұз бұйырып, келіп қалдық. Сайын Шапағатов ағамызды барлықтарыңыз танитын боларсыздар. Сол кісімен бірге жұмыс жасап, соның тәрбиесін көрген адаммын. Ол кісі өзіне тек сенімді, жұмысты тиянақты жасайтын адамдарды жинайтын. Маған басында 4 тапсырма берген еді, соңғысын дұрыс орындай алмай қалып келгенде «Сен қара қыз Айша емес, Майша болдың ғой» деп ұрысқаны бар. Содан ол тапсырмасын қайта жөндегесін барып, өз тобына алды. Өте бірбеткей, батыл, қылыштай өткір мінезі бар еді. Ал көңілді кезінде домбырасын алып жіберіп, күй тартатын. Адамды мақтамайтын, көңілі толса жымиып қана қоятын. Сондай кісілердің қарамағында жасаған менің де өз басымда бірбеткей, тапсырма берсе, соңына жеткізе жасайтын, турашыл мінезім болды. Енді желтоқсан оқиғасына қандай қатысы бар деп отырған боларсыздар. Ол кезде менің жасым 37-де болатын. 1986 жылдың 10 желтоқсанында С.Шапағатовтың арнайы тапсырмасымен Алматыға ұшып кеттім. Білетінім – Алматыда бейбіт митингі өтеді деген хабар. Бірақ Маңғыстаудан шығарда Сайын аға барлығын өзі түсіндіріп берді, «Менің айтқан ережеммен, менің тапсырған тапсырмаммен жүресің» деді, келістім. Д.Қонаевпен тығыз байланыс жасаған аға елдің адамы болатын. Ірі-ірі істерді атқаратын, жабық, жасырын жиындар жасайтын. 9 желтоқсан күні жиын жасады. 11 адамды жинап алып, Алматыға тапсырмамен жұмсайтынын айтты. Бірақ көпшілігі үнсіз отыр еді, маған қарады да «Қара қыз, Алматыға сен барасың. 2 балаң мен жолдасың Жаратқанға аманат. Мына отырған жігіттер барғысы келмей отыр» деді. 11 адамның ішіндегі жалғыз әйел адам мен едім, сөйтіп батылдау мінезіммен арнайы тапсырманы арқалап барған түрім. Барғасын арнайы адамдар күтіп алып, жатақханаға орналастырды. «Әзір шықпай тұра тұрыңыз, ешкіммен сөйлеспейсіз, 2 сағаттың ішінде сізге өзіміз келеміз» деді. Уақытында келген адамдар маған ақ куртқа, ер адамның ескі шалбары, балағын қайырған етік әкелді. Ескі киімдер, кір-кір, адам көретін жері жоқ. Сонымен күнімді көре алмай жүрген адамдай, қайыршы болып шыға келдім. Ағаның өзі түсіндіргендей, диктафонымды кір қожалақ куртканың жеңіне жасырып, салып қойдым. Қолымды сындырып алған адамша білегімді матамен орап, оны мойныма асып қойдым. Жаман дорбамды алып, көшеге шығып кеттім. Күдіктенген адамдар болса, нан жинап жүрген адамдай қоқыс жәшігін аралап кетем. Тапсырманы орындауын орындап, 15 күні халықтың алаңдауы барын аңғардым. Көшеге адамдар жинала бастады. Ренжулі, бір-біріне бірдеңе айтып жатыр, мен де солардың ортасына бардым. Бірақ ешқайсысының да ойында арты жамандықпен бітетіні, қан төгілетіні болмаған. Бейбіт митингі болуының ең басты себебін айтайын. Сайын аға тек қазақ елімен емес, басқа Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан сынды елдермен де тығыз байланыста болды. Бұл митингіге ел азаматының бір кісідей дайындалуының үлкен себебі бар екен. Оның алдында Қазақстанның жерін жан-жақтағы республикаларға, атап айтқанда, Маңғыстау облысын Түрікменстанға, Батыс, Ақтөбе, Атырауды Орынборға, басқа облыстарды да Өзбекстан мен Ресей жеріне қаратады, тек қазақ жері болып Алматы, Талдықорған мен Семей облыстары қалатыны туралы мәселе жасырын жоғары жақта талқыланған екен. Бірақ қарапайым халық оны білмейді. Оның үстіне аяқ астынан Д.Қонаевты орнынан алып, Колбинді билікке қоюы одан әрі толқуды күшейтті. Митингіге жиналған жастың да, үлкеннің де ойында ұлт араздықты тудыру жайы болмады. Олардың талабы – қандай ұлт болса да Қазақстанның жайын білетін, осы елде туылған азамат қойылсын деген еді. Себебі Колбин Москвадан келетін болды, ол Қазақстанның шаруасын қалай шеше алады деп ойлады. 19 минуттық пленум жасап, аяқ астынан басқа басшы сайлауы шындығында күдік тудыратын еді. Себебі ондай қысқа жиын болып көрген емес. Сонымен көтеріліске қатысқан біраз адамды ұстап, советтік милиция бөлімшесіне әкелді. Басқаларды бөлек алып кетті де, менің бетімді қабырғаға қаратып тұрғызып қойды. Қозғалма деп ескерткен, бірақ мен арт жағымда 2-3 милицияның бір адамды өлтіріп ұрып жатқанын байқап, жаным ашығаннан басымды бұрып қарап қалып едім, желкемнен дубинкамен оңдырмай ұрып жіберді. Көзімнен неше түрлі көріністер өтті, кейін шыдамай, жылап жібердім. Қасымда тұрған ұзындау қазақ жігіті жұбатып жатыр. Содан кейін де соққы көп көрдік. Неше түрлі тергеудің астына алды. Бір уақыттарда 20 шақты адамды қоқыс таситын машинаның артқы кабинасына лақтырып-лақтырып тастады. Қайда бара жатқанымызды білмейміз. Алматы мен Қаскелең жолының бойында бір жерге апарып төгіп тастады. Қап-қараңғы, дала қақап тұр. Сол жылы желтоқсан ерекше ызғарлы еді. Аш болсақ та жер тырмалап жүріп, Алматыға келуге тырыстық. Бірақ келгенмен қудалауға ұшырадық. Бітпестей тергеу қайта жалғасты.
Желтоқсаншылардың барлығының да еңбектері бар. Көпшілігі сол кездегі жастар еді. Көпшілікпен қатысты, олар да қатарда болды, ерлік көрсетті. Қуса қашты, айыптары «Отаным, қазағым» дегендері шығар. Ал біздер қорлық көргендерміз. Елге келгеннен кейін жыл жарым тексеріп, қатты тергеу жасады. 2 метр жерге түскен бұрымымның 80 см. ағаш қиятын қайшымен қиып алды. Ұрды, соқты, қиын күндер басымнан өтті. Тергеу нәтижесімен мені соттаймыз деп дайындап қойған. Кейін Сайын Шапағатов ағамыз Елбасымыз сайланғаннан кейін ол кісіге барып, 1 айдай күтіп отырып, жауап алған. Елбасымыз «Желтоқсан оқиғасында құрбан болған қарлығаштарға өле-өлгенімше, басымды иіп өтемін» деп жазған. Сосын маған қарата «Айша Тұяқбайқызы, қарындасым, қарлығашым, сізді партиядан шықпауға, сотталып кетпеуге, қуған-сүргінге ұшырамауға, жұмыстан шықпауға ықпал етуде сіз тұрған жердің басшыларына тапсырма беремін», - депті. Содан аман қалдым, әйтпегенде желтоқсан көтерілісіне қатысқаным үшін 10 жыл дайын тұр еді. Екі көзім көруі нашарлап кетті, соққы алғаннан талма ауруына ұшырадым. Бүгінде біреуі 9 пайыз, екіншісі 1 пайыз ғана көреді. Бірақ әрдайым «Мен опынбаймын, елім, халқым үшін қатынастым» деп айтып жүремін», - дейді батыр апамыз.
Әңгімені жазып алған Клара ҚАНСҰЛТАНОВА