©
«Желтоқсан-86 оқиғасы» деп 30 жыл аталып келіп, 2016 жылы Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында Астанада өткен халықаралық конференцияда «Желтоқсан-86» көтеріліс деп танылып, мойындалып, тарихи маңызы анықталды.
Тәуелсіздікке деген қазақ жастарының үні ғана емес, ұмтылысы ұлттың азаттығына әкелген көтерілісте талай жастың қаны қыршын кетіп, талай жастың тағдыры Тәуелсіздік алғанға дейін «нашақор», «ұлтшыл» деген айыппен тәлкекке түсті. Нақты саны әлі де айтылмаса да 3 мыңнан аса жастар жиналған көтерілістің бүгінде Маңғыстауда желтоқсаншы ретінде 206 адам тіркелген. Тіркелмегені қаншама? Соның ішінде 10-ы ғана ақталып, «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Қазақстан Республикасы заңында белгіленген жеңілдіктер мен артықшылықтарға құқық беру үшін куәлік берілді. Сол ақталғандар ішінде Григорий Әбубәкіров те бар. Ол өзі ақталған 2016 жылдың қазанында өткен конференциядан алған әсерін:
- Сол тарихи жиында төтенше және өкілетті шетел елшілері: «Біз мына қызыл империя мен коммунистік идеологиямен соғысты Будапештте 1955 жылы бастадық. 1968 жылы Чехословакияда, 1980 жылы Польшада болды. Одан да жеңіліп қалдық. Сонда осы қызыл империяны сыртқы күш жеңе алмайды деген шешімге келіп, не болса да өзінің ішінен жеңіп шығады. Сол жеңген халық – қазақ халқы. Сіздердің арқаларыңызда бүкіл әлем картасы өзгеріп кетті. Бүкіл геосаясат өзгеріп кетті. Тәуелсіз мемлекеттер пайда болды» деген еді. Сол Тәуелсіз мемлекеттің Тәуелсіздігін жақындату жолында «Желтоқсан-86» көтерілісінде «өлім камерасында» отырып, 6 ай тергелген желтоқсаншы Григорий 32 жыл бұрынғы күн туралы былай деп еске алады:
- Еліміздің көрнекті мемлекет қайраткері, қоғам қайраткері, жазушы, сыншы Сағат Әшімбаев өз күнделігінде «17-18 декабрь, 1986 жыл. Осы күнді ұмытсам, онда ұлт намысы деген ұғымды ұмытатын шығармын. Егер оны ұмытсам, барымнан жоғым жақсы. Бұл күн бәрімізді ойландырып кетті» деген екен. Сол желтоқсан көтерілсі кезінде мен Қазақ политехникалық институтының 4-курс студенті едім. Сол 16–желтоқсан күні біздің оқу орындағы әскери кафедра тәртібі қандай екенін сол оқу орнында оқыған студенттер жақсы біледі. Ол совет армиясына запастағы офицер дайындайды. Тәңертеңнен кешке дейін сол әскери кафедрада оқып, кешке жатақханаға келгенде әр жатақханада кішкене телевизорды жалға алатынбыз, сол телевизор арқылы жаңалықтардан «Қазақстанның басшылығына Колбин тағайындалды» дегенді білдік. Д.Қонаев қайда кетті деген сұрақтар мазалап, бұл жаңалық шынында да біздің ар-намысымызға тиді. 17–желтоқсан күні алаңға шығып, талап-тілектердің бәрі бейбіт шеруде, бейбітшілік мақсатта болды. Студенттер қолында қару-жарақ, суық қару деген мүлдем болмады. «Жариялылық», «Демократия» деген әңгімелер айтылып жатты. Сол сөздерге жауап ретінде билік бейбіт наразылыққа жауап бере алмай, күш қолдануға көшті. Тіпті, 18-желтоқсаннан бастап әскер әкеліне бастаған еді. Қолдарында арматурасы бар милициялар күш қолдануға кірісіп кетті. Сол 17-і күннен бастап халыққа күш қолданды. Сол күні түнде біз Серік деген курстас жолдасым екеуміз қолға түстік. Сол күнгі, сол түнгі Алматы қарасуық еді. Табиғат та солай өз қарсылығын білдірді, деп білемін. Советский РУВД деген бар, әлі күнге дейін көз алдымда. Сол жерде қазақтың қыздарының көп болғанын білемін. 7-8 жігітті теріс қаратып, желкелеріне автоматты қойып, атуға деп машинаға мінгізіп алып кетті. Оның ішінде қазақ милициялар құшақтап, «Бауырларым, қош болыңдар» деп бізбен қоштасып жатты. Сол кеткеннен Сәкен Сейфулин мен Ташкент көшелерінің қиылысындағы әйгілі «өлім камерасы» деп аталатын түрмеге апарып қамады. Қан қысымымызды өлшеп, камераға қамағаннан кейін әр есік сарт-сұрт етіп ашылған сайын бір-бірімізбен қоштасып жаттық. «Ату!» деген әбден құлаққа кіріп кеткен. Бізден кейін Халық Қаһарманы Қайрат Рысқұлбековты алып келді, оның қандай сезімде болғанын тек сол камерада бірге отырғандар біледі.
19-желтоқсан күні Колбин біздің институтқа келіп, оқу орнының студенттерін «Ұлтшыл бағытта тәрбиеленген, қоғамдық тәртіпті бұзды» деп айыптаған. Осы жерде айтып өтуім керек, көзі тірі қазақтың абыз ақсақалы, ғалым Баян Рақышев (сол кездегі ректорымыз) және Ш.Есенов сынды тұлғалар бастап, біздің институт ең бірінші болып, Колбинге қарсылық білдіріп, өз студенттерін ақтап соққы берген еді. Сол кісілердің қорғауы мен Қазақ ССР Прокуратурасының Мамытов бастаған тергеушілерінің ерлігімен өлім аузынан қалдық. Бірақ алдымызда жақсылықтар күтпеді. Қудалау, тергеу жүріп жатты. Атымның орысша қойылуына байланысты ұлттық қауіпсіздік комитеті «ұлтшыл» дегенді алып тастады. Артынан 6 ай тергеуден кейін, Қайрат Рысқұлбековке ату жазасы берілгеннен кейін Алматы облыстық партия комитетінің ұсынысымен Алматы қаласынан қуылдым. Бұл жөнінде «Мұзды еріткен жастық жалын» деген халықаралық газетке жазушылар жазды, - дейді ұмытылмас жараның аузын тырнардай ащы естеліктерді сөз еткен кейіпкеріміз. Жамандық артында жақсылық барына сенетін халық ұрпағымыз. Ол сол қиын күндердің бейбіт, бейқам тірлікке қалай ұласқаны мен Тәуелсіздік деген ұғым туралы да төмендегідей өзінің түсіндірмесін берді:
- Елбасымыз «Желтоқсан көтерілісі Тәуелсіздік пен егемендікке жол ашты» деп атап көрсетті. Сол желтоқсан көтерілісінен 5 жыл өткенде 1991 жылы 1-желтоқсан күні қазақ халқы өзінің тағдырында Тұңғыш Президентін сайлады. Н.Ә.Назарбаевқа демократиялық жолмен дауыс беріп, сайлады. Тағайындалған жоқ, сайланды. 10-желтоқсан күні – Қазақстан Республикасы деп атын өзгертті де, 16-желтоқсан күні Тәуелсіздік мерекесі деп дүние жүзіне жариялады. Осы 16 желтоқсаннан бастап жаңа дәуір басталды. 17 желтоқсан – бір күннен кейін Алматы қаласында осы Тәуелсіздік деклорациясының жариялануына байланысты және Желтоқсан көтерілісінің 5 жылдығына байланысты үлкен митингі болды. Сол митингіде Елбасымыз «Қазақ халқы өзінің дербес мемлекет болуын армандап еді, енді қолымызға тиді. Тәуелсіздік бізге көптеген міндеттер жүктейді» деді. 16-17 желтоқсан – жалғыз ұлттық мереке. 16 желтоқсан – Тәуелсіздік күні. 17-желтоқсан – демократиялық жаңару күні деп аталады. Екі күн күнтізбелік қызыл күндер ішінде мемлекеттік емес ұлттық мереке ретінде белгіленді. 27 жыл бойы жаңа дәуірде тәуелсіз елімізде өмір сүріп келе жатырмыз. Сондықтан желтоқсан көтерілісі мен Тәуелсіздік егіз ұғым.
Жыл өткен сайын жаңғырығы жақындай түсетін «Желтосқан-1986» тарихтың қанды беттері ғана емес, азаттыққа ұмтылған ақтаңдақтарының есімін ұмытпауды әрі ұлықтауды еске салып отырады.
Милана ЕЛЕУСІНОВА