©
Аутизм - бала дамуындағы ауытқушылықтың ауыр түрі, ол әлеуметтік ортамен қарым-қатынастың жоқтығын білдіреді. Симптом ретінде аутизм көптеген психикалық ауруларда кездеседі, бірақ кейбір жағдайларда ерте жастан байқалып, бала дамуына кері әсерін тигізеді. Ерте балалық аутизм психикалық дамудың зақымдалуының бір түрі ретінде қарастырылады. Сонымен қатар, бала бойында аутизмнің кейбір клиникалық көріністері байқалса оны аутистикалық тұлғалық қасиеттер деп атайды. Нақты симптом ретінде 2-3 жасқа қарай қалыптасуы мүмкін.
Балалық аутизмі түрлі деңгейде көрінеді және зият пен сөйлеудің дамуының деңгейлері әртүрлі болады. Л.Каннер бойынша ерте балалық шақтағы аутизм синдромы келесі көрсеткіштерді біріктіреді: аутистикалық уайымдар, стериотиптер, үйреншікті бірқалыпты мінез-құлық, сөйлеу тілінде ерекше сипаттағы кемістіктер.
Қазіргі уақытта бүкіл әлем бойынша аутизмге шалдыққан балалардың саны күрт өсуде. Қазақстанда да бұл мәселе кең таралып барады, аустистік тұлғалық қасиеттері бар балалар жылдан жылға, өкінішке орай көбеюде.
Аутист бала өмірдің бірінші айларынан бастап ерекше дамиды: бәрінен бұрын бұл балалар айналадағы адамдармен әрекеттестіктің барлық түрлерінен алшақтайды. Көзге қара- майды, қолға сұранбайды, тамақ сұрап мазаламайды, жөргек суланса не бір жері ауырса сезбейді. Аутист балалардың назарын адамға, басқа нысанға аудару және бірнәрсе үйрету қиын. Айтқан сөздерге мән бермейді, сұрақтарға және атын атап шақырғанға көңіл аудармайды естімейтін керең сияқты болып көрінеді. Сондықтан кей кезде мұндай балалардың ата-аналары баламның есту қабілеті бұзылды деп күдіктенеді.
Аутист бала жоғары интелектуалды да, ақыл-ойы мен мешеулі де болуы мүмкін. Әлдеқандай салада (математика, музыка) дарынды болуы мүмкін, бірақ қарапайым әлеуметтік және тұрмыстық дағдыларын білмеуі мүмкін. Әртүрлі жағдайларда бір бала икемсіздікті де, ептілікті де көрсете алады.
Аутист баланың ішкі әлемі қатаң ауқымдарға қысылған және бұл ауқымдардың сыртына шығу аутист бала үшін трагедия болып табылады. Бұл әсіресе бүкіл жаңадан сескенушілікпен байланысты. Әсіресе аутист балалар сенсорлық сескенушілікпен күйзеледі. Мысалы: олар қатты дыбыс шығаратын тұрмыстық электроқұралдардан, судың дыбысынан, қараңғыдан немесе жарықтан, жабық есіктерден қорқуы мүмкін.
Егер баланың хал-жағдайы тым нашарласа, оның басқаларға немесе өзіне-өзі агрессиялы қол жұмсағысы да келуі мүмкін. Әдетте наразылық баланың өміріне қабаттасқанда оның қалыптасқан стереотиптерді бұзу амалдарына қарсы болады.
Қарым-қатынастарды тыңдаушылық және тіпті жақындарға құштарлықтың болмағандығы қорқыныштардың бір қабат жүйесінен өседі, сол себепті - тыйым және өзін-өзі шектеулер пайда болады.
Барлық қажетті сөйлеудің алғы шарттары бар болғанымен көбінесе аутист балалар мүлдем сөйлемейді. Кейбір балалар жеке кейде күрделі жастарына және даму деңгейлеріне сәйкес емес сөйлемдерін ұзаққа жаттап алады. Мағынасын түсінбей тұра кино және мультипликациялық фильмдерден және жарнамалардың ұнаған сөйлемдерді қайталай береді. Ал ата-аналары білмегендіктен баланың дарынды екеніне сенімді бола отырып бұл жағдайға көңілдері босап қуанып жатады. Аутист балалар қойған сұраққа жауап бермейді, жауап беруден қашқалақтап тұрады, тіпті сұрақтарды естімейді және елемейді. Аутист баланың сөйлеу қабілеті бұзылғандықтан олардың пайызында мутизм болады және эхоалалия жиі кездеседі.
Бірақ бастапқыдан бұл балалардың қатынас қажеттілігі бұзылмағаны белгілі. Оларға көзге қарау қиынға түседі. Көзге қарағанның өзінде де ұзақ қарай алмайды. Дегенмен аутист балалар айналадағы адамдармен қарым-қатынас құрғылары келсе де құра алмайды. Сондықтан баланың дамуының коррекциясы неғұрлым ерте басталса соғұрлым сол баланы қалыпты өмірге икемдеу мүмкіндіктері зор болады. Тәжірибелі маман ғана баланың аутизммен күйзелетінін анықтайды.
Қазіргі таңда аутизмнің нақты себептері анық зерттелмеген. Көп ғалымдардың деректері бойынша аутизмнің себебі орталық жүйке жүйесінің бұзылуының салдарынан болады. Тұқымқуалаушылық фактордың әсері мол екенін де көптеген зерттеушілер мойындайды. Сонымен бірге мидың органикалық зақымдалуы да аутист балаларда жиі кездеседі. Тұқымқуалаушылық хромосомалық өзгерістері, зат алмасу өзгерістері, анасы жүкті және туу кезіндегі алған жарақаттар нейроинфекциялар т.б. барлығы да жағымсыз әсер етуі мүмкіндіктері бар.
Балалар аутизмнің дәрігерлік шипасының тиімді әдістері әлі жоқ.
Аутизмге шалдыққан баланы тәрбиелейтін отбасында әлеуметтік оқшаулану мен түсінбеушілік жиі кездеседі. Кейде аутист бала сырттай ерке және әдепсіз болып көрінеді. Көпшіліктің түсініспеушілігі теріс ниеті және бас тартушылық баланың және оның әке-шешесінің қоғамдық жерлерге шығуын тежейді. Бұл жағдай жанұяның онсыз да ауыр көңіл-күйін қиындатады. Аутист балалары бар жанұяларға өзара қарым-қатынас құрып араласу өте пайда болады.
Жаңаөзен Аймақтық ПМПК ММ-сі бойынша аутизммен ауыратын балалар жылдан-жылға көбеюде. Көбінесе аутист балалардың даму ерекшеліктерін білмегендіктен ата- аналар психологиялық-медициналық-педагогикалық кеңес беру мекемелеріне (ПМПК) баланың тіл дамуының артта қалу себебімен келеді. Ал баланың сөйлеу қабілеті біріншіден айналадағы адамдармен сөйлесіп белсенді қарым-қатынас құру үшін пайда болатыны белгілі. Естеріңізде болсын, аутизм ауру емес. Ол ортамен еркін араласып кете алмайтын, әлеуметтік дамуы бұзылған балалардың неврологиялық проблемасы, сондықтан мұндай балалардың әлеуметтік ортамен байланысы үзіліп қалады. Сол себепті біз ширақ, эмоциямен құлшынып, ойынға құрылған әдіс-тәсілдерді қолданып, аутист балалармен көбірек жұмыс жасауымыз керек. Ол үшін баламызбен жұмыс істегенде, бар ынта-жігерімізбен рахаттануымыз керек. Сонда ғана оларды тұйық әлемнен шығаруға болады.
Осы орайда ата-аналарға айтарымыз егер сіз балаңыздан жоғарыдағыдай өзгеріс байқасаңыз дер кезінде мамандармен түзету жұмыстарын жүргізу арқылы оң нәтижеге қол жеткізе аласыз. Біздің мекен-жайымыз Жаңазен қаласында «Арай» ш/а, Т.Алдашев даңғылы «Д» ғимаратында Аймақтық ПМПК мекемесі, Маңғыстау ауданы бойынша Шетпе психологиялық-педагогикалық-түзету кабинеті, Қарақия ауданы бойынша Құрық психологиялық-педагогикалық-түзету кабинетіне келіп толық мағлұмат ала аласыздар.
Шынар АБДИМУРАТОВА, Жаңаөзен аймақтық ПМПК мекемесінің дефектологы