©
Биылғы жылдың 1 қаңтарынан бастап, елімізде әлеуметтік көмектің жаңа сипаты қолданысқа енгізілді. Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің басты айырмашылығы – ол тұрмысы төмен азаматтарға немесе отбасыларға көрсетілетін қолдаудың үш түрін бір пакетке ұсыну болып табылады. Бұл дегеніміз – бұрынғыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қана қоймай, мемлекет тарапынан жұмысқа тұруға жәрдемдесуді білдіреді. Жұмыссыз жүрген отбасы мүшелері мемлекет есебінен оқуға жіберіледі, жастар тәжірибесіне, әлеуметтік жұмыс орындарына және қоғамдық жұмыстарға орналастырылады, сондай – ақ жеке ісін ашуға немесе бизнесін кеңейтуге микрокредит беріледі. Осылайша, отбасының кедейшілік шегінен шығуға әлеуеті ынталандырылады.
Жаңа нысандағы атаулы әлеуметтік көмектің екі түрі бар: шартты және шартсыз ақшалай көмек. Шартты ақшалай көмек әлеуметтік келісім-шарт жасасу және барлық еңбекке қабілетті отбасы мүшелерінің жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шараларына қатысу шартымен, құрамында кем дегенде бір еңбекке қабілетті мүшесі бар отбасыларға ұсынылатын болады. Ал шартсыз ақшалай көмек құрамында еңбекке қабілетті мүшелері жоқ отбасыларға (мысалы, мүгедектер немесе қария зейнеткерлер отбасылары) немесе еңбекке қабілетті мүшелері объективті себептер бойынша жұмыспен қамтудың белсенді бағдарламаларына тартыла алмайтын отбасыларға (мысалы, мектепке дейінгі жастағы балалары бар жалғыз басты ана) ұсынылады.
Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының директоры С.Қайымованың мәлімдеуінше, бүгінгі таңда халықты жұмыспен қамту орталығына 484 адамы бар 84 отбасынан өтініш қабылданып, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, 20 млн. 204 мың теңге төленген. Олардың 69 отбасындағы 418 адам шартты, 15 отбасындағы 66 адам шартсыз ақшалай көмек алып отыр. Сонымен қатар тұрақты жұмысқа 46 адам, жастар практикасына 1 адам, әлеуметтік жұмысқа 3 адам орналастырылды. Біржолғы төлем арқылы жеке ісін ашып жатқан 2 отбасы 15 адамы бар. Қазірде олар уақ малдар және тәттілер пісіретін пештер сатып алып, ірімшік, брынза, торт, тағы да басқа түрлі тәттілер сатып, табыс табуда.
Өткен аптада «Азамат дауысы» ұйымының жетекшісі Ғ.Жалғасбай Шетпе ауылының тұрғындарымен кездесіп, қазіргі таңдағы әлеуметтік Қазақстанның әлеуетін, сондай-ақ жаңа жылдан басталған жаңартылған атаулы әлеуметтік көмектің ерекшеліктерін, табысы аз отбасылар үшін үкімет тарапынан көрсетіліп отырған атаулы әлеуметтік көмекті ауылдың әрбір тұрғыны білуі тиістілігін, ол үшін жұмыспен қамту орталығы қызметкерлері, ассистенттер мен кеңесшілер тұрғындарға ақпараттық түсіндірме жұмыстарын ұдайы жүргізіп отыратындығын айтты..
Сонымен қатар жаңартылған атаулы әлеуметтік көмектің айырмашылығы - табысы аз адамдарға бұрынғыдай тек атаулы әлеуметтік көмек төлеп қоймай, табысы аз отбасының еңбекке қабілетті мүшелерін жұмысқа орналастыру арқылы оларға шартты ақшалай көмек алты айға тағайындалып, ай сайын төленіп тұратыны немесе біржолғы төлем арқылы жеке ісін ашуға болатыны туралы айтып өтті. Бұған қоса атаулы әлеуметтік көмектің бейімдеу шарасына енгізілген тұрғын үй көмегін алудың жолдары мысалмен түсіндірілді. Кездесу соңында Ғ.Жалғасбай тұрғындарды жеке қабылдап, кеңес берді.
А.НОҒАЙХАН