Ақтауда 2019 жылы 10 ақылды аялдама орнатылады. Онда сол аялдамаға келетін автобустардың жол жүру картасы мен уақыты көрсетілмек. Бұл туралы Маңғыстау облыстық жолаушылар көлігі мен автокөлік жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Асқар Алтаев ӨКҚ өткен брифингте айтты, - деп хабарлайды mangystaumedia.kz сайты.
Қазір басқарма кәсіпкерлерден Ақтау қаласында баға ұсыныстарын қабылдап жатыр. Техникалық сипаттамасы әзірленді. Әзірге 10 аялдама орнатылады, кейін ақылды аялдамалар көбейеді деп отыр билік өкілдері.
«2018 жылдың қазан айынан бастап Ақтау қаласында 6 маршруттан бөлек, қала маңындағы автобустар да «Infobus» жүйесі енгізілді. Қала маңына 103, 104, 105, 106 сынды басқа елді мекенге қатынайтын қоғамдық көліктерді «Bus report» бағдарлама арқылы бақылап отырамыз. Бұл жолаушылар автобустарды ұзақ күтіп тұрмауына мүмкіндік береді», - деді Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының жолаушылар бөлімінің басшысы Асхат Кулганов.
Сондай-ақ «Ақтау – Форт-Шевченко», «Ақтау – Жетібай», «Ақтау - Құрық» бойынша қатынайтын автобустар өзін-өзі ақтамағандықтан әлеуметтік маңызы бар бағыттар тізбесіне енгізілген. Енді келер жылы конкурс өткізілмек.
Айта кетелік, Маңғыстауда 47 маршрут жолаушы тасымалдайды. Олардың 15 қалалық, 8 қала маңы мен ауданаралық, 2 облысаралық болса, 14 маршрут - ауданішілік.
.Ақкенже БЕРКЕНОВА
Сурет ведомостинсо.рф сайтынан алдынды