©
Биылғы 15 қараша-15 желтоқсан аралығында елімізде «Өз ахуалынды біл» тақырыбында бір айлық шара өтті. Акция қорытындысы және АИТВ/ЖИТС мәселесіне қатысты жайттар ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталығында өткен баспасөз мәслихатында айтылды.
Орталық директорының орынбасары Ақнұр Тасболатова, бөлім меңгерушілері Жамила Махамбетқалиева мен Әлия Жиенғалиева, тері-венерологиялық даспансердің директоры Татьяна Лаврова, облыстық наркологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Әйгерім Жанжігітова журналистер сауалдарына жауап берді.
- «Өз ахуалынды біл» акциясы ұйымшылдықпен өтті, - деді Ақнұр Ханайқызы. - Шараның ұраны «АИТВ-ға тестілеуден өт» деп аталып, АИТВ-ға жедел тестілеу ұйымдастырылып, әр адамға консультациялық көмек көрсету арқылы ашық есік күні жарияланды. Облыс орталығындағы «Ақтау» сауда ойын-сауық орталығында өткен «Біз денсаулықты таңдаймыз» атты акцияға да қатысып, келушілердің қалауына қарай тестілеу жүргіздік. АИТВ-ға тестілеу — емдеудің қолжетімділігін кеңейту және АИТВ-мен өмір сүретін барлық адамдарды салауатты да, толыққанды өмір сүру мүмкіндігін қамтамасыз ету үшін маңызды мәнге ие. Нәтижесі 15 минут ішінде белгілі болатын талдау тегін жүргізілді. Осы акция барысында 457 адам жедел тестілеумен тексеріліп, ешқайсысынан АИТВ анықталған жоқ. Сонымен қатар ақция аясында арнайы контингенттер арасында суреттер сайысы өткізілді. Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес күніне арналған акцияда орайластырылған іс-шаралардың негізгі мақсаты мен міндеті—халықтың АИТВ және ЖИТС мәселелері, сақтық шаралары, АИТВ инфекциясынан қорғау және салауатты өмір салтын насихаттау бойынша хабардар болуын арттыру болып табылады. Сондай-ақ денсаулық сақтау басқармасының бұйрығына және ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықтың ішкі жоспарына сәйкес «Нұрлы Ақтау» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп бастапқы медициналық санитарлық көмек, білім беру, әскери бөлімдер, бизнес-құрылымдар, ІІД, ҚАЖД және басқа нысандарда профилактикалық іс-шаралар, яғни, семинарлар, тренингтер, дөңгелек үстелдер, дәрістер белсенді түрде жүргізіліп тұрады.
Баспасөз мәслихатында сөйлеген мамандардың сөздеріне қарағанда, өңірімізде АИТВ мәселесінің өзектілігі өспесе, кеміген жоқ. Бүгінде бұл проблема облыстың барлық аумағында таралған.
Ж.Махамбетқалиева келтірген мәліметтер бойынша 1994 жылдан бастап биылғы 30 қарашаға дейін облыста АИТВ жұқтырған 314 жағдай анықталды. 2017 жылы бұл көрсеткіш 264 болған. АИТВ жұқтырғандар, оның ішінде диспансерлік есептегісі — 170. Өткен жылғы 11 айда облыста АИТВ жұқпасымен 38 адам тіркелсе, биылғы 11 айда 47 адам тіркелген. Олардың 40-ы немесе 85,1% Қазақстан Республикасының азаматтары, ал 7-і (14,9%) — шет елдер азаматтары. АИТВ жұқтырғандарды жынысына бөліп қарағанда, олардың 37-сі немесе 78,7% — ер адамдар, 10-ы немесе 21,3% — әйелдер. Ал жас шамасына келсек, 20-29 жас аралығындағы қыз-жігіттер бүкіл көрсеткіштің 29,8% болса, 30-39 жастағылар 31,9%, 40-49 жастағылар 29,8%, 50-59 жастағылар 8,5% болып отыр.
Әркімнің денсаулығы алдамен өзіне керек. Сондықтан мамандар саламатты өмір салтын ұстанып, уақытылы денсаулығын тексертіп тұрудың артықшылығын атап айтты. Ол үшін Ақтау қаласының 3-шағынауданындағы 170 ғимаратта орналасқан облыстық ЖИТС-тің алдын алу және оған күрес орталығына келіп, тексерілуге болады. Ал сенім телефоны — 50-40-49.
Ә.Жиенғалиева АИТВ жұқпасымен тіркелгендердің антиретовирустык дәрілермен емделетінін айтты. Науқастар бұл дәрі-дәрмектерді үздіксіз қолдануы тиіс. АИТВ жұқпасынан қорғайтын вакцина әзірше табылмағанымен, антиретовирустык дәрілердің адам бойындағы вирустың белсенділігін төмендетуге, оның жұғу қаупін азайтуға септігі бар. Жұқпа анықталған және емделіп жүрген науқастардың аты-жөні еш жерде жарияланбай, құпия сақталады.
АИТВ анықталған шетелдіктер бүгінде елдеріне кері қайтарылмайды. Олар Жаһандық қордан бөлінетін қаржыға сатып алынған дәрі-дәрмектермен осында жүріп емделеді. Ал ем алудан жалтарып, инфекцияны одан ары таратпақшы болғандарға арнайы шаралар қолданылады.
Орталық мамандары АИТВ жұқпасымен тіркелгендердің көбейіп келе жатқанын айтса, тері-венерологиялық диспансердің директоры Т.Лаврова жыныс жолымен берілетін аурулардың анағұрлым азайғанын жеткізді. Тері-венерологиялық аурулардан сезіктенгендер Ақтаудағы 3-шағынауда орналасқан 26-ғимаратқа келе алады немесе 50-88-79 нөмірлі сенім телефоны арқылы хабарласуына болады.
АИТВ жұқпасының есірткіні тамыр арқылы қолданатындарда көп кездесетіні белгілі. наркологиялық диспансердің бөлім меңгерушісі Ә.Жанжігітова бұл орайда ЖИТС-тің алдын алу және оған қарсы күрес жөніндегі облыстық орталықпен және ішкі істер басқармасымен тығыз қарым-қатынаста жұмыс жүргізетінін айтты. Диспансерде 130 адмға арналған төсек-орын бар. Оның 60-ы еріксіз емделетіндерге арналса, 60-ы өз еркімен емделетіндерге, ал 10-ы ақылы түрде ем алатындарға арналған. Емделушілердің барлығына түсіндіру шаралары үздіксіз жүргізіледі.
Айлық акция өткенімен, АИТВ алдын алуға бағытталған күнделікті жұмыстар осылайша жалғасып жатыр.
Валентина ҚОЗЫБАҚОВА