“Егерде бізге осы XX ғасырда әл-Фарабиге ең жақын, рухани сабақтас адам барма десе, алдымен ол Абай дер едік.
Әл-Фараби мен Абай арасын жақындастыру, оларды үндестіру - біздің халқымыздың мыңжылдық мәдени-рухани дүниесін тірілту деген сөз.
Демек, бұл зор мақсатты халықтық іс деп білу керек”.
Aқжан МАШАНИ
Дүниені жаратушы Алла тағала пайғамбарларымыз сыяқты әр дәуір сайын адамзат баласының жадынан есімдері мәңгі өшпейтін бір пендесін сыйлап отыратындай көрінеді.
Жаратушымыз осыдан 1150 жыл бұрын біз мекендеп отырған Ұлы Дала топырағында “Әлемнің екінші ұстазы” атанған, ортағасырлық ұлы ойшыл әл-Фараби бабамызды, бұдан 175 жыл бұрын, араға мың жыл салып ұлт ұстыны, хакім Абай атамызды сыйлады.
Бұлар адамзаттың ақыл-ойындағы өлшеуі шексіз білімдарлық пен даналықты иеленген, заманынан озық туған ерекше тұлғалар еді.
Әл-Фараби... бізге ол осы есімімен – ақ танымал, әрі жақын, Ортағасырлық Шығыста даңқты тұлғалардың есіміне олардың туған жерін де қосақтай айту дәстүрі бар еді. Толық аты-жөні Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби. Ол белгілі түркі әскербасы тарханның от-басында дуниеге келген. Туған жері – Оңтүстік Қазақстандағы арабтар жаулап алғаннан кейін Фараб атанған Отырар, дәлірек айтсақ, Отырардың іргесіндегі Васиндж камалы.
Әл-Фараби – ортағасырлық ғылымдардың барлық саласында ең үздік білімнің иесі, энциклопедист ғалым ретінде даңқы шыққан ғұлама-ойшыл. Философия мен логика, математика мен физика, музыка мен поэзия, грамматика мен азаматтық саясат... әл-Фараби бабамыз менгерген және дамытқан ғылымдар тізбегі осылайша жалғаса береді.
Кейбір деректерде “70-ке жуық тіл білген” – дейді. Көп еңбектерінің жоғалуына, сақталмауына қарамастан, қазіргі танда бізге 170-ке таяу шығармашылық қазынасы белгілі болып отыр. Антикалық дәуір мен ежелгі грек ойшылдарынан бастап, өзіне дейінгілердің шығармашылық ой-пікірлері мен философиялық тұжырымдарына таныс және жете менгерген ол барлық саналы ғұмырын ислам діні мен ғылымды бір-бірінен айырмай, егіз өргізуге арнады.
Әл-Фараби әлемнің біз үшін құндылығы да осында, Аристотель философиясынан өзгешелігі де осында.
Тарих толқынындағы исламдық қайта өрлеу дәуірінің (X-XII ғасырлар) шамшырағы, данагөй әл-Фараби қазақ даласының түлегі, ұрпағы. Шығыс пен Батыс өркениеті тоғысқан Көне Отырардың топырағында жиырма жасқа дейін нәр алған, «қазақ даласының ойшылы» деген атаққа ие болған ұлы бабамыздың өмірі мен ғылым саласындағы қызметі «Шығыста ғылым болған жоқ», «Әл-Фарабидің феномені кездейсоқ», «Отанынан жырақ жерде ғалым-философ болып қалыптасты» деген ұлты бөлек, діні басқа кейбір қызғаншақ, астам пиғылдылардың тұжырымдарын жоққа шығарды.
Шындығында әл-Фараби бабамыз жасөспірім бозбала шағында-ақ рухани жағынан жетілген адам еді және өзінің бүкіл саналы өмірін арнаған ұлы даналық пен данышпандық қызметке дайын болатын. «Тақырға тал өспейді» - ол Ислам өркениеті мен дала жұртшылығы академиясынан, сол кезеңдегі Александриядағыдай әлемдегі ең үлкен кітапханасы бар, ғылым ордасы, Шыңғыс хан шапқыншылығына дейінгі әйгілі Отырар руханиятынан сусындаған жан еді.
Мәртебелі жоғарғы лауазымды әскербасының отбасында дүниеге келген ол, ешнәрседен де кенделік көрмейтін пенделік тірлікті тәрк етіп, тәуекелге бел буды, кәсіби философия мен ғылымның қиын да қызық соқпағына түсті. Оны туған жерден алыстағы Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдат шаһарларындағы білім-ғылым ошақтарындағы ұзақ жол, даралығы мен даналығын бүкіл әлем мойындаған біртұтас ғылым академиясы тындырарлық жанкешті ұлы іс күтіп тұр еді.
Бұл сапарларында балалық, жастық шақтан кейінгі барлық өмірін араб елдерінде өткізген ғұлама, «елін, туған жерін сағынбады» деп айтуға болмайды. Оны мына өлең шумақтарынан да көруге болады:
«Кешір мені, туған жер,
Сені артқа тастадым.
Кешір мені, туған ел,
Жолды алыс бастадым.
Кешірер мені ар ожданым,
Білім болды баққаным.»
(Бейсенов Қ.Ш. Философия тарихы, Шымкент. 1992. 87 бет)
Сондай-ақ, жасы ұлғайған шақтағы:
Кеткенім жоқ елім, сенен атақ, бақыт тақ іздеп
Шықтым жұртым, шалғай ғылым атты шам іздеп.
Ақтадым мен ақ сүтімді, келгенінше шамамның,
Ассамдағы сексен жастан сәбиіңмін, балаңмын.
Жүзім сынық, көңілсіз күйге түстім мен бүгін.
Саған деген серпе алмаймын ынтазарлық түндігін.
Айналайын атам қыпшақ, туған жерім сағындым.
Өз атыңа, үрметіңе қайда жүрсем табындым.
(Бегалиева Қ. Проблема человека и мира в казахской
философии. Алматы. 2000)
Әбу Насыр әл-Фараби туралы сол кездегі және одан кейінгі көптеген авторлар өздерінің ой-пікірлерін жазып қалдырған. Ұлы ойшыл Әбу Әли ибн Сина (980-1037), тарихшы ғалымдардан Ибн Әби Усайбиа (1203-1270), Ибн Халликон (1211-1282) сияқты, тағы басқа да көптеген ғалымдар оның қазір белгілі және белгісіз, жоғалған еңбектері жөнінде де біршама мәліметтер беріп кеткен. Олардың бірі бабамыздың музыка өнерін зерттеуші, көрнекті ақын, әдебиет теоретигі, «адамның жан жүрегін елжіретіп жіберетін, сиқырлы бір ғажап әуенді саз аспабын жасапты» - дейді.
Аристотель музыка бойынша жеке дара шығарма жазбаған, әл-Фарабидің «Музыка туралы үлкен кітабы» бүгінгі күні әлемдік мәдениеттегі музыкалық өнердің энциклопедиясы болып табылады. Әбу Насыр әл Фараби «жетілген адам» деп музыканы тек тыңдаған ғана емес, оны түсінген адамды атаған. «Атақты және шынайы ақындардың сөздерінде және оған жазылған музыкада олардың жан дүниесінің музасы шырқалады. Музыкада адамның барлық психологиялық қобалжуын бейнелеуге болады, ол адам бойындағы барлық сезімдерін ашады: қуаныш, махаббат, ренжу, қайғы және т.б.»-дейді.
Ортағасырлық ғалым, философ, дәрігер Әбу Әли ибн Сина «...мен логика, математика, геометрия ғылымдарын жақсылап меңгердім. Сосын теологияны оқып үйренуге кіріскенімде Аристотельдің «Метафизика» кітабын оқыдым... тіпті оны қырық рет қайталап оқып шықтым. Бұл кітапты жаттап та алдым. Бірақ соның өзінде түсіне алмадым» - депті.
Ол өзінің осылайша үміті үзілген шағында әл-Фарабидің «Метафизика»мақсаты жайында жазған кітабының кездейсоқ қолына түсіп, оқуының нәтижесінде ғана бұл ғылым саласына түсінгенін, мұндай кітаптың табылғанына шүкіршілік жасап, ертеңіне – ақ кедей- кепшіктерге садақа үлестіргенін жазып қалдырыпты.
Сол сыяқты әл-Фараби бабамыздың «Музыка туралы үлкен кітабы» және басқада да музыка жөніндегі трактаттарын осы саланың мамандары болмаса, кез-келгеніміздің түбегейлі түсіне алмайтынымыз шындық. Осындайда ән өнері саласындағы данышпан Абай даналығы ойға оралады. Ол... бақырғанның бәрі ән емес, өнерден мақұрым қалу сән емес, надандар жан емес, еңбексіз бос жүру жөн емес. Яғни, ән-өнер, бұл өнерден хабарсыз болу – надандық, өнер жолында ізденбеу – еңбексіздік, арамтамақтық. Абай әнді сүйген, ән-туғаннан өлгенге дейінгі адамның өмір серігі, көңіл күйінің сәулесі, «жақсы ән – жан азығы» - деп білген. «Құлақтан кіріп, бойды алар, жақсы ән мен тәтті күй» - дейді ол.
Абай – ұлы композитор, Абай әндерін білмейтін, тыңдамаған адам бар ма екен, сірә!?
«Ән өнерін үлкен эстетикалық ойшылдықпен Абайша көркем суреттеп сипаттау қазақ поэзиясында болған емес» - дейді абайтанушылар. Оның «Көңіл құсы құйқылжыр шартарапқа» - деп басталатын тоғыз шумақ өлеңін оқып қараңызшы, ағайын... (Ж.Ж.)
«Ғылымды кәсіп, өнерді нәсіп етіп алмауы керек, әрі оны мол-дүние табу құралы етіп жібермеуі қажет» - дейді, әл-Фараби.
«Сый дәметпе, берсе алма еш адамнан,
Нең кетеді жақсы өлең сөз айтқаннан?
Сүйсінерлік адамды құрмет қыл,
Аулақ бол әнін сатып нәрсе алғаннан»
Бұл енді, Абай сөзі..., қос ғұламаның терең мағыналы сөзі. Ғұламаның бірі тәрбиесіз берілген білімді,өнерді мансұқтаса, екіншісі «пайда ойлама, арды ойла», «сұрамсақ, ашкөз-қанағатсыздықтан аулақ бол» - деп толықтырады. Абай «ермек үшін» өлең де, ғақлия да жазбаған, әл-Фараби Дамаскінің бір бауын қарауылдау үшін кешкісін барады екен де, шырақты жағып, кітап оқуға кіріседі екен, еңбегіне төрт дихрам күміс ақшаны ғана қанағат етіпті.
Сондай-ақ Әбу Насыр әл-Фараби өз дәуірінің көрнекті ақыны, әдебиет теориясының негізін салушылардың бірінен саналады. Араб ғалымы ибн Әби Усайбианың айтуы бойынша, Фарабидің өлең құрылысын зерттеуге арналған «Өлең және ұйқас туралы сөз» , «Өлең ырғағы туралы», « Поэзия өнерінің негіздері туралы трактат» деп алалатын зерттеулері болған.
Соңғы жылдары әл-Фарабидың бұрын ғылымға белгісіз болып келген аса құнды арабша жазылған «Өлең кітабы» деп аталатын бір шығармасы Братислава университетінің кітапханасынан табылса, «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» аталатын еңбегін Лондонда үнді офисы кітапханасынан белгілі шығыстанушы ғалым Артур Арберри 1937 жылы тапқан болатын.
Әбу Насыр Әл-Фараби өзінің бұл шығармаларында поэзияның бірқатар теориялық мәселелеріне – өлеңнің композициялық құрылысына, шумағына, өлшеміне, ұйқасына т.б. шолу жасай келіп, жырдың барлық компоненттері ақынның айтайын деп отырған ой жүйесіне лайық, орынды болуы керек деген түйін жасайды. Жақсы өлеңде қашан да басы артық, оғаш тұрған шумақ, тармақ болмайтынын, сонда ғана ол оқырманның ойынан шығатынын ескертеді.
Әбу Насыр Әл-Фараби сол кездегі грек поэзиясын: трагедия, дифирамбы, комедия, ямб, драма, эпос, диаграмма, сатира, поэма, риторика, космогония, акустика – деп, топқа бөліп, әрқайсысын бөлектеп сыпаттайды. Бұл айтылған өлең формалары бүгінгі әдебиетке әбден орныққан әдеби жанрлар саналады.
Ұлы ақын Абай шығармашылығында осы жанрлардың бәрі бар. Ақынның «Ескендір», «Масғсут» поэмаларымен қатар, аяқталмай калған «Әзім әңгімесі», М.Ю. Лермонтовтан аударған «Вадим» поэмаларын көп жұрт біле бермейді.
Ғұлама, ойшылдардың екеуінің де поэзияға қояр талаптары бір арнаға тоғысып, өзара үндесіп жатыр. Абай поэзиясында өлең сөзге аса жоғары баға беріледі. Өзінің «Өлең сөздін патшасы, сөз сарасы...», «Біреудің кісісі өлсе, қаралы – ол...», «Мен жазбаймын өлеңді ермек үшін» деген өлеңдерінде ақын сөз өнерінің қадір-қасиетін, өлеңнің адамның сезімі мен қоғамдағы жағдайын бейнелеудегі қызметін, жалпы ақындық өнерге қойылар талаптар мен өлшемдерді үнемі алға тартып отырады.
Ол ең адымен өлеңнің көркемдік сапасына зер салады. Поэзиялық туындының сыртқы пішініне ішкі мазмұнының сай келуін, «іші алтын, сырты күміс» болып, «тілге жеңіл, жүрекке жылы» тиюін қалайды. «Өлеңге әркімнің ақ бар таласы» дей тұра, «сонда да солардың бар таңдамасы» деп шын талантты танып, қастерлей білу қажеттігін ескертеді.
Орта ғасырда өмір сүрген арабтың белгілі шайырлары мен тарихшыларының еңбектерінде әл-Фараби көп өлең жазған деген пікір айтылады. Өкінішке орай, Фарабидың поэзиялық мұрасы біздің дәуірімізге дейін толық сақталмады, оған IX-X ғасырлардағы дін ағымындағы кейбір қарсы-қайшылықтардың салдары тиген болса керек. Белгілі ақын Аян Нысаналиннің аудармасымен жарық көрген Әбу Насыр әл Фарабидің «Трактат және өлеңдер» атты (Алматы 1973) кітабындағы аз ғана жыр жолдарының өзінен оның зор шабытты, кең тынысты, терең ойлы, нәзік сезімді, дарынды ақын болғанын аңғару қиын емес.
Ислам дәуірі мен қазақ ақын-жыраулары поэзиясындағы тарихи дәстүр жалғастығының негізі өздерінен бұрынғылар айтқан ақыл-парасат жалғастығы болып табылады. Мәселен, әл-Фарабидің « Интеллект (сөзінің) мағынасы жайында» - деп аталатын зерттеуінде адамның ақыл-парасат мүмкіндігіне жан-жақты талдау жасай келіп, оны «потенциалды», «актуальды», «әрекетшіл» және «жүре келе дарыған интеллект» - деп төрт философиялық категорияларға бөліп талдайды. Ол «жүре келе дарыған интеллект» туралы айта келіп, адам туғаннан ақылды, білімді болып тумайтынын, интеллектің өзі жүре келе, естіп, көріп барып қана дамитынын ескертеді.
«...Өнер біткеннің бәріне жаратылысынан бейім адамның болуы шындыққа сыймайтыны сияқты, қайырымдылықтың, этикалық және интеллектуалдық бәріне жараталысынан толық бейім адамның болуы шындыққа сыймайды, ол мүмкін емес» (әл-Фараби. «Әлеуметтік этикалық трактаттары». 33-бет., Алматы, 1975).
Әл-Фарабидің осы философиялық ой-тұжырымын тоғыз ғасырдан кейінгі қазақ қоғамының жаңа тарихи жағдайында хакім Абай барша қазаққа түсінікті тілмен жалғастыра түседі. Абай өзінің «Он тоғызыншы сөзінде» - «Адам ата-анадан туғанда есті болмайды: естіп, көріп, ұстап, татып ескерсе, дүниедегі жақсы, жаманды таниды дағы, сондайдан білгені, көргені көп болған адам білімді болады. Естілердің айтқан сөздерін ескеріп жүрген кісі өзі де есті болады. Әрбір естілік жеке өзі іске жарамайды. Сол естілерден естіп, білген жақсы нәрселерді ескерсе, жаман дегеннен сақтанса, сонда іске жарайды, сонда адам десе болады». (Абай. «Қара сөз» 124 бет. Халықаралық Абай клубы, Алматы 2007)
Әл-Фараби өзінің «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары» атты пәлсапалық трактатында «Қайрат», «Ақыл» және «Жүрек» сияқты ұғымдарға түсінік бере келіп: «Жүрек- басты мүше, мұны тәннің ешқандай басқа мүшесі билемейді. Бұдан кейін ми келеді. Бұл да басты мүше, бірақ мұның үстемдігі бірінші емес» - дейді. Әл-Фарабидің осы тұжырымын «он жетінші сөзінде» Абай логикалық тұрғыда абстрактылы «Ғылым» атты тұлғаға жүгіндіріп, оларды өзара айтыстырып, өз оқырманының ұғымына лайықтап жеткізеді. Бұдан кейін Абай «Осы үшеуің басыңды қос, бәрін де жүрекке билет, - деп ұқтырып айтушының аты «Ғылым» екен. – Осы үшеуің бір кісіде менің айтқанымдай табылсаңдар, табанының топырағы көзге сүртерлік қасиетті адам – сол. Үшеуің ала болсаң, мен жүректі таңдадым. Құдайшылық сонда, қалпыңды таза сақта. Құдай тағала қалпыңа қарайды деп кітаптың айтқаны осы, - депті» деген қорытындыға келеді.
Абай ақыл мен қайраттың иесі болған адамды «жарты адам» дейді. Ондай адам тек «суық ақыл» мен «Жүгенсіз қайраттың» ғана өкілі. Ал, осы екі қасиетпен қоса бойына әділет-шапқат (жүрек) біткен адам ғана «толық адам», яғни ол енді «нұрлы ақылдың» өкілі деп танылады. Сөйтіп, Абайдың «нұрлы ақыл», «толық адам» жайындағы тұжырымдарының қайнар бастаулары әл-Фарабидің интеллект туралы, адам бойындағы ақыл-парасатты адамгершілік нормалары жөніндегі трактаттарымен, әлеуметтік-этикалық көзқарастарымен сабақтас үндесіп, ұштасып жатқандығын аңғаруға болады.
Әл-Фараби мен Абай арасындағы даналық ой-пікір сабақтастығы жайында бұлардан басқа да деректер аз емес.
Aбайдың қара сөздері жалпы, тақырып, мазмұн жағынан алғанда, оның ақындық мұрасымен тығыз байланысты. Көп сөздеріндегі ойлар, пікірлер өлеңдерімен ұштасып жатады. Оның барлық шығармалары жанрлық, стильдік жағынан да әр алуан. Олардан табиғат пен қоғам құбылыстары, халықтың тарихы мен тағдыры, терең публистикалық тебіреністер, жүйелі пәлсапалық толғаулар, ойға оралымды нақыл сөздер де, нәзира дәстүрімен ғибрат ретінде жазылған аңыз хикая да, тарихи эссе-очерк те табылады.
Сонау Ислам өркениеті өрлей бастаған ортағасыр мен жаңа дәуір аралығындағы алыс уақыт пен қоғам дамуының әр түрлі кезеңінде өмір сүрген ғұлама бабаларымыздың тұрмыс тіршілігінде де ұқсастықтар аз емес. Екеуі де заманына қарай бай-бақуатты жанұяда дүниеге келді. Қазақ топырағынан нәр алып, түлеп ұшқан, білім-ғылым қиясына қанат қаққан жас Әбу Насыр Мұхаммад туған жерге деген сағынышпен, жат жұрт, араб елдерінде бүкіл өмірін жалғыздықпен өткізді. Ұлы ғалымның мүрдесі де Сириядағы Баб эс-Сағир зиратында.
Бала Ибраһим туысында «атадан алтау, анадан төртеу» болғанымен, дана Абай қалың Арғын-Тобықты мен қаймана қазақ арасында «соқтықпалы соқпақсыз жерде...», «мыңмен жалғыз алысып» өмірден өтті.
Екеуі де тағдыры талайлы қазағымен кешігіп қауышты. Абай мұрасы өзі өмірден өткеннен кейін ғана (1909 ж) баспа жүзін көре бастады, алайда олар теңізге тамған тамшыдай-ақ еді.
Алғаш рет 1918 жылы Семей қаласында алаш ардақтысы Жүсіпбек Аймауытовтың редакторлығымен шыға бастаған «Абай» журналының да шығарылымы ұзақ болмады, ол 12 санынан кейін тоқтап қалды. 1933 жылы Қызылорда қаласынан Ілияс Жансүгіровтің алғы сөзімен Абайдың алғашқы толық жинағы шығарылды. Бұдан кейінгі қазақ халқының бастан кешірген алмағайып, аласапыран жылдар қасіреті Абай мұраларын зерделеуге, насихаттауға мұрсат бермеді.
Кеңестік кезеңнің сан қилы, қитұрқы саясаты кедергілері мен қудалануына қарамастан абайтану ілімінің негізін салушы, баршамызға белгілі, алаш зиялыраның соңғы буыны, қазақтың классик жазушысы Мұхтар Әуезов болды. 1942-1956 жылдар аралығында қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолының» төрт томдық кітабы жарық көрді. Ұлы Абайдың туғанына 100 жылдық мерейтойы (1945 ж) республика көлемінде алғаш аталып өтті.
Елімізде абайтанудың ғылыми үрдісі нақ осы кезеңнен басталды деуге негіз бар.
Ал, Қазақстандағы фарабитанудың негізін қалаған баба есімін алғаш қазақ халқына таныстырған қазақ геохимиясының негізін салушы, көрнекті ғалым, академик Ақжан Жақсыбекұлы Машанидің есімі айырықша аталады.
Сонау соғыс жылдарында Алматыға қоныс аударған А. Эйнштейннің шәкірті, Чехословакия Ғылым Академиясының академигі, математик-философ Эрнест Кольманнан әл-Фараби туралы алғаш мағлұмат алған ол, баба мұрасын іздестіруге, тірнектеп жинауға біржола бет бұрады. Оның жинақтаған баба мұралары бойынша жазған ұсыныс пікірлері Қазақ КСР Ғылым Академиясының президенттері Қаныш Сәтпаевтың, Шаһмардан Есеновтың қолдауларына ие болды. Осыдан кейін ғана Отырар өркениетінің дәуірлеу кезінде өмірге келген Әбу Насыр әл-Фарабидің туған Отаны Қазақстанда ұлы ойшылдың мұраларын іздестіру, жоспарлы түрде зерттеу, оны ғылыми айналымға енгізу жұмыстары негізінен өткен ғасырдың 70 жылдарында басталды. Әл-Фараби мұраларын толық көлемде зерттеу жұмысын бірінші болып басқарған, көрнекті қазақстандық ғалым Ағын Қасымжанов болды.
Осыдан 50 жыл бұрын кеңестік дәуірде Ақжан Машани т.б. фарабитанушы қазақстандық жас ғалымдар шоғырының көбейіп, қатарының өсуі нәтижесінде бірқатар шетелдік және өзбек ғалымдарымен арадағы талас-тартыстарға қарамастан Әбу Насыр әл-Фарабидің 1100 жылдығына арналған мерейтойлық шараларының Алматыда өтуі Қазақстандағы фарабитану ілімінің бірінші кезеңіндегі ірі оқиғалардың бірі болды. Бұдан кейінгі жылдарда ол ғылыми теориялық конференциялар мен бірқатар халықаралық симпозиумдардың, конгрестердің өтуіне ұласты. Әл-Фараби еңбектерін қазақ және орыс тілдеріне аударумен бірге оның мұрасына қатысты аса маңызды жүйелі зерттеу жұмыстарының нәтижелері баяндалған көптеген монографиялар жарияланды. Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының бірінші хатшысы (1971-1979 жж), қоғам қайраткері, көрнекті жазушы Әнуар Әлімжанов шетелдердегі кезекті бір сапарында Пәкістанның банк ғимаратындағы суреттер галереясынан баба бейнесін кезіктіріп, елге оралысымен оның көшірмесін белгілі қылқалам шебері Бек Ыбыраевқа салдырып, бабамыздың бүгінгі бейнесін баршамызға тарту етті. «Ұстаздың оралуы» (1979 ж) атты романы жарық көрді. Мұның барлығы да қазақстанық фарабитанудың ұлы бастамасы еді.
Бүгін фарабитану саласындағы аға буын ғалымдарымыздың еңбегін лайықты бағалай отырып, олардың кеңестік дәуірдегі, жалғыз идеология үстемдік құрған кезеңдегі саясат озбырлығынан жасқанып, ұлы дала ойшылының бай мұрасын ұлттық құндылықтарымыз бен ислам руханияты тұрғысынан айта алмағандарын ескеруге тиіспіз.
Қазір еліміз Тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстандағы қоғамдық-саяси өмірдің демократиялануы, өзара ғылыми пікір алмасулар мен бұрын қол жетпеген ақпарат көздеріне, қолжазба қорларына жол ашқан халықаралық байланыстар баба мұрасын іргелі зерттеуге оң ықпалын тигізгуде. Қазір Алматыда әл-Фараби есімімен аталатын, еліміздегі жоғарғы оқу орындарының көшбасшысы Ұлттық университетіміз және әл-Фараби мұраларын жүйелі зерттейтін іргелі ғылыми-зерттеу орталығы ұлттық академия жұмыс істейді. Мұнда фарабитанушы ғалымдар мен осы бағыттағы ізденушілер топтастырылып, ғылыми орталық мемлекеттің жан-жақты қолдауына ие болды. Қазақстанның Республикасының Тұңғыш Президенті, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтің тікелей пәрменімен қабылданған «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы аясында Әбу Насыр әл-Фарабидің 10 томдық шығармалар жинағы қазақ тілінде шығарылды (Астана. «Лотос-Астана» баспа үйі, 2007-2008).
Үстіміздегі жылдың қаңтар айында Алматыда әл-Фараби бабамыздың 1150 жылдығы салтанатты түрде ашылды. Бұл айтулы оқиғаның ұлы Абайдың 175 жылдығымен тұстас келуі және осы мерей-тойларға байланысты алынған жыл бойына атқарылатын ауқымды істер мен ұйымдық-көпшілік шаралар бүкіл еліміз бойынша қолдау тауып кең өріс алды.
Ғұлама ойшыл әл-Фараби мен хакім Абайдың дүние танымдары арабтық, түркілік немесе тек қазақтық ғана емес, бүкіл адамзатқа ортақ. Олардың телегей теңіз, түпсіз мұхит – ой қазыналары өзара үндесіп, сабақтасып жатыр.
Әл-Фараби еңбектерінің библиографиялық көрсеткішін зерттеу барысында олардың тек Иран, Ирак, Үнді, Пәкістан сияқты Шығыс мемлекеттерінде ғана емес, Еуропа, Африка, Америка құрлығы мемлекеттерінің кітапханалары қорларында әлі де көп екендігі мәлім болып отыр. Әл-Фараби мұралары бізге дейін шетелдік ғалымдар арасында ғана танымал болса, Абай мұрасы бұрынғы кеңестік республикалар аймағынан көп аса алмады. Қос ойшылдың биылғы айтулы мерейтойларына байланысты атқарылуға тиісті ауқымды іс-шаралар алдағы уақытта бұл олқылықтардың орнын толтыруға бағытталып, бабаларымыздың асыл мұралары жаңа мыңжылдық тоғысында Тәуелсіз Қазақстанның ілгері тартқан көшін тура жолға бастайды, қазақ елінің ұлттық идеологиясына, мәдени рухани өміріне қызмет ететін болады.
P.S. Бұл мақала бүкіл жер шарын жайлаған қауіпті індет кезеңіндегі үйде отырыста жазылды. Данышпан Абай айтқан «...кімде-кім ішінен керекті сөз тапса, жазып алсын, иә оқысын, керегі жоқ десе, өз сөзім өзімдікі...»
Ұлы ойшылдар ауру жөнінде де айтудай-ақ айтып кетіпті. Абайдың жиырма сегізінші сөзінде «...ауруды жаратқан – Құдай, ауыртқан Құдай емес» - десе, әл-Фараби «Адам тәнінің жетілген түрі – бұл денсаулық; егер денсаулық болса, онда оны сақтау керек, ал егер ол жоқ болса, онда оны иемдену керек».
Ахмет Байтұрсынұлының (1873-1937жж) «Ауру жайынан» атты (1913ж) жазған мақаласында «(Микроб)...өздері көбейгіш өсімтал келеді. Жайлы орын тапса, тез өсіп өнеді. Олардан құтылу қиын, күтініп, қарсы қару жұмсап, жеңдірмес ғана шарасы бар. Жау тиерін білгенде қандай күтінеді, бұдан да сондай күтіну керек. Жаудан күтінгендей, жолына кедергі болғандай қорғандар тұрғызады, қарсы қару қылғандай мықты іскерлер қояды. Ауруға да соны істеу керек» - дейді.
Жаратушымыздың сынағы-ауруға қарсы бүкіл адамзат күресіп, әркім де өздеріне сабақ боларлықтай іс қылып жатыр.
Арты лайымда жақсы болғай!
Жалғас ЖАПАҚОВ