Маңғыстаулық ақын Сәуірбек Отаровтың өлеңдерін оқырман назарына ұсынамыз.
ЕГЕСЕРДЕ НЕ ДЕСЕМ ДЕ ҮЙЛЕСЕР
(аурухана жазбаларынан)
Назарыңды неге маған тіктедің?
Жазарымды мен аяқтап бітпедім.
Есем кеткен күндерге есеп берместей,
Кесел, неткен кесірлі едің, мықты едің?
Ә дегеннен алып ұрдың төсекке,
Дәрігердің ем-еңбегін еш етпе.
Әбігермін әл-дәрменге жармасып,
Әлі демін соққандықтан қос өкпе.
Тығырыққа тіредің-ау, тіредің,
Кім-кімді де түбі табар бір өлім.
Болмаса емің, сол ма сенің күткенің,
Түтіп жеуге – лүпілдеуде жүрегім.
Осалдықты, босаңдықты сүймес ер,
Жә, жә, жетер айылыңды жый, кесел.
Үстемдігің түскенінше тағынан,
Егесерде не десемде үйлесер.
***
Елес құшар жан деме, сағым құшар,
Білем барар жерімді, жағымды ұшар.
Жата-жата жамбасым тесілмесін,
Қайрат жаса, дәрігер, барыңды сал.
Жылқышыдай салдырмас асауға ойнақ,
Барыңды сал, дәрігер жаса қайрат.
Жараспайды таңылу тар төсекке,
Жасай берер ауру қашанғы айбат?!
Шаншы аямай инеңмен, дәріңді бер,
Тәнім жүдер сарығып жаным жүдер.
Кезден құтқар кеселді, сөзден құтқар,
Шағылмайтын жаңғақ та шағылды дер.
***
Бірі аттан жығылып бірі нардан
Жатқандарды қай сайтан қырына алған.
Жалғасуда жаныммен арпалысу,
Тау басына қайтадан шығу арман.
Ерер шақта талайлар ерді ізімнен,
Іздерімді жасырмас жер жүзінен.
Ел көшемде той жасап белдесерде,
Белбеу ме десем әлде бел ме үзілген?
Түссем жерге атымнан аударылып,
Жатпаймын ба ұяттан тауда бұғып.
Түнде тыныш ұйықтадым, кесел атты
Шабуылға шықпады жау нағылып?
***
Жанымдасың түнде де, күндіз де сен,
Жеделдете «әу» дейсің« Жұл-ды-ыз!» десем,
Ұшырап-ақ болдым-ау зәреңді мен
Көз шырымын дұрыстап ілгізбесем.
Оқтан аулақ жүрмеп пе ем оттан аулақ?
Қайда бәле-бәтерден сақтар әруақ.
Қайғы енді – қарға адым жерге жету,
Қайтіп күнім өтеді төрт тағандап?
Сұласыма болайын сұлбаға ұқсап
Жапырылған шалғындай ұрған бұршақ.
Кем дегенде екі күн ұйық-таа-ап шіркін,
Сен де, мен де ұйқыны бір қандырсақ.
Жатысым бұл мен үшін дара сабақ,
Шақырмастай иран бақ, тамаша жақ,
Жанымнан сен екі адым ұзамайсың,
Алардай бір ажалдан арашалап.
***
Болуға ынтық хабардар жұрт хәлімнен,
Селт етемін беймезгіл шыққан үннен.
Шырылдайды телефон, шырылдайды
Құс жастықтың астына тыққаныммен.
Селт етер-ау мұндайда түнгі бақ та,
Түу алыстан жетерде үн құлаққа,
Безілдейді, телефон безілдейді
Безердей мен мініп бір құрғыр атқа.
Қырдан, ойдан бейуақта қырқа жақтан
Жеткізерде дауысты сым таратқан,
Соғылады, телефон соғылады
Жығылғандай беймезгіл сұлтан аттан.
Бебеу қағар, телефон бебеу қағар,
Менен алмақ нышанда дереу хабар.
Дәрісі ішкен бір басқа, дертті жанға
Нәрі күшті ем – жылы сөз демеу болар.
***
Жатысын-ай, жатысын қала-паңның,
Атысын-ай атысын ала таңның,
Алматыда қар жауды түні бойы
Терезесін сабалап палатамның.
Мен бе құмар қарға аппақ қыз ба құмар,
Қыз соңынан кез өтті құздан құлар,
Палатамның сабалап терезесін,
Ережесін ешкімнің бұзбады қар.
Шылпыта ішер күшіктей берген сүтті
Монтиямын не жетпей, нем кемсіпті,
Аппақ түстер елестей мені арбаған
Ақ төсекте түнімен дөңбекшітті.
***
Мінген көлігің төңкеріліп тым қатты,
Періштелер сені ажалдан бір қақты,
Томограф нәтижесі қолыңда,
Бел омыртқаң шытынапты, сынбапты.
Ей, Аман-ай, Қазалының Аманы,
Ақ төсекте аунап-қуна шамалы.
Тірі нардың нарлығындай нарлығың,
Арпаласу арлы ұлдың амалы.
Тас төбеміз тас плита бетоннан,
Біздер мұнда қонақ дертті атанған,
Жауын көрмей жатып сызды окопта
Жауынгердей шыққан саптан-қатардан.
Дерті аныққа жасалмасын ем неге?
Емделуге қолайлы әсте елде де,
«Ойбай, белім, шеміршегім»деуді қой,
Ақ көйлекті келіншегің келді, әне...
* * *
Алматыда дәрігер көп, көп дәрі,
Дертті бейбақ керқұладай ноқталы,
Сұлыны ас қып тамағынан өткізер
Айналдырып дағдыға жеу ботқаны.
Аяғына аттай бейбақ жем түскен
Енді суды ішер ме екен Ертістен?
Ауруға күлген іштен берілмей
Палаталас сыр бөліскен, шертіскен.
Алматыда білімді көп, көп білгір,
Жалғыз мен бе жер түбінен жеткен бір?
Емдер бізді, айықтырар сырқаттан,
Есік қағып гүл көйлекті көктем тұр.
Дәрігерлер дәрі ішуді белгілер
Қай тәуіптен, қай емшіден кем білер?
Бір Аллаға сенген дұрыс, сонан соң
Дәрігерге сенсін дертті ендігі ел.
ЖОЛ АҚЫСЫ ҚЫМБАТТАДЫ ТАҒЫ ДА– Жөн сияқты, ата, салу жадыңа,
Жол ақысы қымбаттады тағы да.
– Жол ақысы қымбаттаса бар бәле,
Сорақысы–салар лаңы алда де.
– Келсе реті теңге құрап тиыннан
Жақсы емес пе қиыстыру қиыннан?
– Бол, оталдыр көлігіңді, тұрмалық,
Жетер жерге жетейік біз зыр қағып.
– Жанармайдың шарықтаған бағасы
Жуық маңда тұрақтамас, шамасы,
– Пәлсапа оқып ашпақпысың көзімді,
Қайдан ғана кездестірдім өзіңді?
– Алдын ала келісейік, тау қашық,
Таудан асып жүрмегейміз дауласып.
– Күнің алда мына мендей қарт құсар.
...Тауға қарай жаяу тура тартты шал.
ТАРС АТЫЛАР МЫЛТЫҚТАЙ...Кешігуде, қонағың күттіреді,
Күттірердей ол сені мықты ма еді?
Онсыз орындалмай ма көкейдегің,
Онсыз қабыл болмай ма жұрт тілегі?!
Күттіретін тылсым күш дөкей қандай,
Жұрт күлетін ісіңе, көкем нардай,
Қарайтындай жолына ол кім еді,
Ән айтылмай қалардай не тойланбай?!
Келеріне сене біл, сендіре біл,
Шікірейген кінәмшіл шенді ме дүр,
Сан ойланып жолына қарайладық,
Неге айналып барады ендігі өмір?!
Тоқсанымыз жиналып бір адамды
Тосқанымыз қинады, жүдә, жанды.
Тарс атылар мылтықтай
Тұрысымды-ай, –
Жеуге аса ынтықпай сыбағамды.
* * *
Өткенінің ертегі, аңыз көбі
Далам кімге құла дүз тәрізді еді?
Асқан ұста – небір дүр шеберлердің
Өрнектерде қолының бар іздері.
Жетпейтіндей еш теңеу, барлық өлшем
Көк тіреген үйлерің зәулім өңшең.
Менмұндалап танытып оң бір қабақ
Керуендердің шығасың алдынан сен.
Айдын шалқар іргеңде ұнап анық
Алаңдарың гүлдерге тұр оранып,
Тұғырлардан тапты орын қырандарың
Қойнауынан тарихтың бір оралып.
Тұғырда ақын, батыр да, ер де өткен
Ескерткіш боп еңселі елге жеткен,
Қазынасы тереңде архивтерден
Керегіңді ала бер мол деректен.
Эфирлерде төгіліп ырғақтарың
Паш етеді әлемге күн батқанын.
Жалықпастан тұс-тұстан жарық шашқан
Жұлдыздардай арбардай түнгі оттарың.
* * *
Трамвайлар жүрмейді әлі сенде,
Күмәнді ойлар жүрмесе зәр ішем бе,
Басқаларға еліктеп желік бұзбай,
Елік-қыздай тұр солай таныс өрде.
Ояу ұлмын, мен де бір жарықтығың
Бояуыңның қалайтын қанықтығын,
Боянудан әлеміш бояуларға
Жасандылық жатпайын танып бүгін.
Жырақ ұшар жағадан шағала үріккен,
Жылағыш-ау ақ жаңбыр жаңа бүріккен,
Жаға берме бояуды бытыстырып,
Онсыз да әсем әлемсің дара біткен.
* * *
Гүл-қалада аялы жыр-тұрағы
Сұлу қыздың көзінде мұң тұнады.
Алдандырар оны бір салып ойнақ
Ерке толқын жағаға ұмтылады.
Күн көз алмай еріксіз күлді білем,
Жайса деумен жағаға гүлді кілем.
Толған Айдай қыз ерке, толқын ерке
Суыртпақтап сыр тартар бір-бірінен.
Қыз есімі Жанар ма, Анар ма әлде,
Жұлдыздайын жарқырап жанар жерде,
Кім де болса дидарын күнге өпкізіп,
Қара шашын сипатар самал желге.
Ол жайлы да ел-жұртқа тарар аңыз,
Осал жанның біріне санамаңыз.
Көйлегінің етегін суға малып
Жалаңаяқ су кешер жағада қыз.
* * *
Уайым жейін десе бір шаршадым дер
Дайын, бейім қонағын қарсы алуға ел.
Ауылыммен сен сұрар ақ қаланың
Аралығы шынында қанша адым жер?
Ауылым ару қалаға жақын маңда,
Ұқсайды бір жарысқа шақырғанға.
Бір-бірінен қалыспай от-шашулар
Мейрам сайын аспанға атылғанда.
Тартылып күй, әндері шырқаларда
Осы ауылдың күн салмай жұрты араға.
Өткізеді тойларын гүл-қалада,
Бәсекенің заманықұр қала ма?
Жатып па еді қашан да дала жым-жырт,
Ертеңіне үмітпен қараған жұрт.
Сол далада кешегі ауыл жаққа
Сән-салтанат кешеді қала жылжып.
Қалса мұра бабадан тұнжырар кім?
Құшағымды толтырып гүл жұлармын,
Байырғы сол далада қала жаққа
Жылдан жылға барады жылжып ауылым.
Аялдарсың бізде де көбірек бір,
Кері кеткір демессің желін өткір.
Сәл ұзасаң ауылымнан анадайдан
Қалаң сенің сұраған көрініп тұр.
МАШЫҒЫ ОНЫ ТАРТАДЫ МАГНИТТЕЙБермей аса жауатын жауынға мән,
Бермей аса соғатын дауылға мән,
Аң, құс ату маусымы ашылғанда ол
Үй түгілі сыймайтын ауылға адам.
Қайтса райдан бойына ас батпайды,
Барар жерге бармастай бастап қайғы,
Магниттей тартатын машығынан
Ашығы–жан барынша бас тартпайды.
Мүлт кетуі оғының сирек тегі,
Көлдің ұшып қаздары, үйректері,
Тарс шығады есінен арман-гүлі,
Қалғандығы жарының үйде өкпелі.
Тулап, соғып тамырда қан қызарда
Жер түбіне артынып барғызар ма?
Тау жырасын шарлаумен әрі-бері
Қанжығасын майлайды олжалғыз алда.
Иығына мылтығын асыпты алып,
Миығынан күлсе де қашық барып,
Бірер күнге жоғалар, оқ жаратып
Көкжал атып оралар.Асықпалық.
ЕСКІ ДОСҚАБаз баяғы қалпында, баяғыша
Бірімізге біріміз жая құшақ,
Ұмтылдық-ау, ұмытылмай былтырғы дау
Екеумізді жұрт осы аяғыш-ақ.
Баяғыдай алғаусыз күл, ендеше,
Зая қылмай у-зәрді дүр ерлерше,
Жібермесек еркіне аттың басын,
Жақтырмасын біздерді түгел көше.
Құстай ұшқан уақытқа елестейміз,
Түс шайысқан ешқашан еместей біз,
Алдыңдағы шишадан құйып жібер,
Ерке желдей аңқылдап неге еспейміз?
Шыны сынды шыдамның сынатыны,
Жетелердей біздерді мұрат ұлы,
Келіп жөнге, шаң қағып көңілден де,
Көрінер бір шөлмектің түбі ақыры.
Түбі ақыры шөлмектің көрінер бір,
Таусылмастай көл деп пе ең оны не бір?
Баз баяғы қалпында, баяғыша
Сені де өмір, сүйсінтер мені де өмір.
КӨРШІЛЕРСу жаңа көлік мінген көршім ерен,
Талайды ол желіктірген өршіл өрен.
Ұмытпай қалжыңды да, ән-жырды да,
Тойлау бір ғанибет ғой көршілермен.
Су жаңа көлік мінген еңбегі ерек,
Көршінің бірі ол, біз келген елеп.
Бөлістік қуанышын, жаңалығын,
Ауумен ынта, ықылас ең керемет.
Не жетсін арқа-жарқа отырысқа,
Мұндайда сайрар бұлбұл, тоты құс та,
Бердеш боп, Сәрсенбай боп, Бекберген боп,
Көсілер келді реті осы тұста.
Тұратын жүз шырыннан, жүз тұнықтан,
Әйелдер қайтсін қалып дүр қызықтан.
Бастары қосылғандай бүгін ғана,
Бастаса сыбырласа бізді ұмытқан.
Тамаша тым ұзаққа созылардай,
Төнеді Ай терезеден көзін алмай,
Билейтін тау халқының бір ұлындай,
Көршілес Жұмабектің өзі қандай?!
Тоғайып өз-өзінен жүрсе көңіл,
Ып-ыстық ұл-қыздары күлше жегір.
Несі жат, несі жаман көршілерім
Дәулетті, бай-қуатты сүрсе өмір.
Қаз-қатар бір көшеде орналасып,
Қанаттас үйлеріміз – бір қалашық,
Жарасқан көршілерміз ынтымағы,
Тырбынған тірлігіміз алға басып...
* * *
Он саусағың жетпейді тізіп сана, санама,
Мен сүймейтін ойындардың аттарын.
Не ғыл дейсің, өл деймісің ағаңа,
Олжа көрер үйде тыныш жатқанын.
Енжарлықты, бей-жайлықты құптауға
Кетәрімін мендік мінез-кескінмен.
Қатыспаған ойыным көп, сырт қалған
Шошып, шоршып шортанша атын естуден.
Кей ойынға араласпай атым да аман, мен де аман,
Қара суды сіміргенмін қанғанымша қайғысыз.
Кей ойынға түп-төркіні ең анайы, ең жаман
Қатыспадым қалсам дағы бәйгісіз.
Менен артық білесің ойнар жанға көп ойын,
Атын атау, түсін түстеу тәлайыңа жазылған.
Бармағымды тістегенде не қылайын, не дейін
Түскендерге торға керең, орға терең қазылған.
Ойнауға да керектейін тектіліктен гөрі ептілік,
Сөзің сөз бе қышқыл толы, мысқыл соңы кекесін.
Өлер жерін біледі ағам деп күліп,
Әжуалап не етесің?Көкейіңде көңірсір не, көкешім?
* * *
Қарағаштар мәні мен сәні үндескен,
Қаз-қатар боп үйімнің жанында өскен,
Қымбатсыңдар балаға, басқаға да
Көз үйреткен далаға сағым көшкен.
Қарағаштар жауында қамықпастай,
Қарағаштар дауылда қамықпастай.
Сағағынан жапырақ үзілмесе
Боянуға түстерге жалықпастай.
Сендерсіңдер боранға, рас, көнер,
Сендерсіңдер аязға шыдас берер,
Төпеп жауған жаңбырдың арты қарға
Ұласса егер, не істейін ұласса егер?
Қарағаштар мәні мен сәні үндескен,
Қаз-қатар боп үйімнің жанында өскен,
Сендердегі маған бір төзімділік
Ауысса екен жол бермей тануға естен.
* * *
Сынған арба кезігіп болғаны бар жөндемек,
Қара терге малшынды кәдімгідей сонда көп.
Қара жолда шаң жұтты, ұшты-күйді хабар жоқ
Берер деген баладан қысылғанда мол көмек.
Сынбай арба қоя ма ағаш болмыс-бітімі,
«Арба сындыр» – естінің естімеген үкімі,
Кесті керек ағашты, бақыр басын дың қылды,
Жөндемек боп тырбынды жоқ нәрсені күтімі.
Сынған арба сықпыты – айырылған сән-көріктен,
Жол шетінде теңкиіп жатқандығы неліктен?
Бала безді көліктен ескі дүние көзі деп,
Тастап жолда сөзі көп жан әкесін «еріккен».
Алақанын ысқылап – жанастырып бір-бірін,
Түкіріп бір алды да, жалғастырды әке тірлігін.
Арба иесіз зор үміт көрінбейді маңында
Өлген сүйреп зорығып өгіз дейтін құрғырың.
Көрінбейді құрғырың, көрінгенмен көктегі
Шақырайып күн мұны мазақ етті, етпеді.
Берер деген баладан қысылғанда мол көмек
Ұшты-күйлі хабар жоқ, бірақ әке сөкпеді.
Сөкпеді әке баласын бейімделген заманға,
Жалғыз ұлы – жаны асыл көшке ілессе жаман ба?
Орындалған арманы бой тасалап қалмады
Ескі ағаш арбаны отындыққа ол жарарда.
* * *
Мезгіл өзі жүйрік қып қойды есепке:
Кейде атқа мінумен кейде есекке,
Жаман тоным жалпылдап шаба берген
Екенмін-ау, сөк мейлі, мейлі сөкпе.
Болсын деумен осы елге, осы жұртқа
Ашылып та бағыппын шашылыпта.
Шаба берген екенмін құр далақтап,
Қалған астай атамнан ащыны ұрттап.
Жылан құйрығын басқандай ырғығанша,
Ащыны ұрттап, сімірдім мұңды қанша?
Қағылумен арқадан жөн-жосықсыз,
Табылумен қасынан кім қуанса.
Тірлігімнің қарай гөр жараспауын
Жыртығым бар жамайтын бар астауым,
Сілкінгенім жөн менің, бір күндері
Мүмкін бе еді тұманда адаспауым?!
* * *
Қожалықпыз итке ие Арлан атты,
Күшігінен үмітті алдамапты,
Қожайыны сияқты ол қонақжай
Аттан түскен жатсынбас әр қонақты.
Ит ұстау бір сияқты борышымыз,
Салдық үйшік сәтімен ол үшін біз.
Құтырына жел табар жыртық үйді,
Жұпыны ма сіздің де қонысыңыз?
Жауар қашан жаңбырмен аралас қар?
Ауламызда ойынды бала бастар.
Бір түп өрік ағашы бір түп шие
Ағашынан басқасы – қарағаштар.
Еркінсіген алдында жолығардай
Бағы қандай білмеймін соры қандай,
Қарағаштың қабығын қаузар ешкі
Білдірмейтін аштығын бөрі болмай.
Үркер едік итіміз үрсе абалап,
Итті қуып немерем түрсе балақ,
«Қой, қой»-лайды әжесі айқайлайды
Отырудың орнына жүн сабалап.
Қонақ күтіп қожасы қаққан елең,
Арсалаңдап Арлан мәз, шат немерем.
...Ей, Жапарқұл, қайдасың, ұмыттың ба,
Кезінде ғой итімді мақтаған ең?!
ТАМАРА АСАРТамара, құйқылжытып ән сала бер,
Бойыңда бұлқынады қаншама өнер.
Қия алмас туған жерін құс айналып,
Айқара құшақ жайып қарсы алар ел.
Әнші әннің, ән әншінің ашар бағын,
Ғажайып әннен шашу шаша алғаның,
Әр үйге еркін енген әуеніңе
Беріліп елтімеген қашан жаным?!
Атыңды әлі талай оздырады,
Шеберлік әр әншінің өз құралы.
Саларда ән сахнада сахараның
Қызына тән ибалық көзге ұрады.
Бұлбұлын дәріптеуден талмас ел де,
Жұлдыздай жарық берген жан да сөнбе.
Тыңдауға ән шаршамаймыз қаршадай қыз,
Тамара, тамылжытып сал, бас әнге!
ЖАЗДЫРХАН СЕЙДАЛЫҚазақтарға түркмендей туыс қызық
Қойған дәрия Әмуден су ішкізіп.
Қайран басы қатерде бір үзілген
Жалғанбасын білген соң жуықта үзік.
Қазақтарға түркмендей туыс мықты
Малдандырған түбі бір туыстықты,
Нәубат айдап бытырып бей-берекет
Ыққан жұртқа құты нақ қуыс та ық-ты.
Қазақтарға түркмендей тума сенер,
Ықпас ел-жұрт қызылдар қумаса егер.
Салды, ұрыссалмады әкелерің,
Қанды қылыш кім-кім де тураса өлер.
Жыртыларда жыртылар көңіл шыттай,
Жастайыңнан тартарың жеңіл шықпай,
Жарапсың бір пайдаға, жүннен жіпті
Айырғанда айналған сен ұршықтай.
Тұспа тұс кеп соғысқа бала шағың,
Бозғыл тұман жамылып болашағың,
Қос білекті сыбанып тыл кешіпсің
Майданында еңбектің мол ашарың.
Атар жаудың есіңе түсіп оғы
Бармас іске барыпсың кісі қолы.
Жасыңжетпей он беске медаль таққан
Кеудең сандық шежіре іші толы.
ҚОЖАХМЕТ УӘЗІРҚызығын, игілігін ел көруде,
Күймелер жол бойымен тербелуде.
Шақырып тұрар әр кез майдан-далаң,
Құшағын жайған ғалам жерде, міне.
Бар ғажап атында мән, затында мән,
Болат жол саған таныс жақын ғалам.
Жаңғыртып жатқан иен жапан дүзді
Дауысы составтардың сатырлаған.
Бірісің жауаптысы жыр-ғаламның,
Ірі ісің атқарылған тұлғаландың.
Ойлаумен елдің жайын, жолдың жайын,
Жаныңды оңашада мұңға малдың.
Тіл қатқалы шіліңгір шілде аптабы,
Жүзіңді тотықтырды, күн қақтады.
Болат жол бапталуда, күтілуде
Бұзылу көтермейтін ырғақтары.
Үлкен сын жан алқымын қысқан ұғар,
Көктем мен күзгі жаңбыр, қыстағы қар.
Өзіңе ергендер де, сенгендер де
Майталман, шебер істе ұста бұлар.
Жол дейсің, еңбегіңмен жолда өрлейсің,
Қызығын, шыжығын да көргендейсің,
Жағар ма ең, жақпас па едің онсыз жұртқа,
Қабарып жолсыздыққа жол бермейсің.
Шарттай бір шешілуі түйіндердің,
Тындырдың талай шаруа сүйінді ел, Күн.
Барады пойыз зулап доңғалағы
Тасындай шырқ айналып диірменнің...
ТҮЛКІЛІ САЙДала жым-жырт ауарда сәскеге күн,
Асқақ ердің ап-ашық аспаны елдің.
Басқа жердің барлығын шарлағандай
Табанымның астында басқан өңірім.
Тынысы тым құптарлық түлкілі сай,
Жүрісімнің түлкі аңдып күлкілісі-ай,
Түлкі тымақ басымнан сыпырылып
Қыз қолынан ішердей бір күні шай.
Алғандайсың деміңді сен ішіңнен
Секемденіп салт басты келісімнен.
Жырақта үйден малшындым қара терге
Тымақ кимей түлкінің терісінен.
Дала жым-жырт сәскеге ауардаКүн
Алыс әлі мезгілі жауар қардың.
Ыстық маған өзі өлі тыныштықтың,
Мылтық үні естілсе алаңдармын.
Ойымды мен жоқта үздім құрар қақпан,
Оқшантайы оқсызбын сыр аңғартқан.
Түлкілі сай, түрімнің күлкілісі-ай
Көзапара күмпілін қылар мақтан.
ТАМШАЛЫЖалғыз үйрек су бетін шалпып ұшты,
Сұлулықпен етене бар туыстық.
Қабатынан тастардың тауып саңылау
Тамған тамшыларыңда талпыныс нық.
Талпыныс нық тамшылар жыр жүктесін,
Тартып ыстық тұратын бір нүктесің.
Ілбіп көшің жеткендей осы араға
Дүрлікпесін бұйығы мүлгіп кешің.
Жалықпастай сүйсініп ай қарауға,
Асығады таңғы арай аймалауға,
Тас емшегін жібітіп жарғабақтың
Саңылау тапқан тамшылар сауламай ма?!
Құрағыңды демімен билетпек таң,
Үйірінен адасар үйректі атқан,
Жер жұмағы дегізген қалпыңмен бір
Олжадайсың теңізден сүйреп тартқан.
БАЯҒЫ АУЫЛ
Көбесін сөгіп сен күреп қардың,
Ауылға қашан соңғы рет бардың?
Ел қамын ойлап аяқ астынан,
Ет жүрегің езіле елжіреп қалдың.
Қыста жол түспей көктемде барып па ең,
Түсіп ақ тер-көк терге қалып па ең,
Сүреңсіздікке көздері сүрініп,
Келеңсіздікті жек көрген халық нең?
Жазда барып па ең, көктемде бармасаң,
Кім болғаның сабақ өткеннен алмасаң,
Жуытқың келмей өзің секілді,
Ауылдан безіп кеткендерге шаң.
Дегізіп жұртқа, қашқын адасып жүр ме?
Күзде бардың-ау шамасы бірде,
Қара нанға күні қарап қалғанда
Туысың бала-шағасымен бірге.
Ызасы кеудесін жаруға аз-ақ
Алдыңнан шықты ма ауылда қазақ,
Аңғарта алды ма қабағымен жүргенін
Арқасын қу тірлік жауыр ғып қажап.
Қыр асты ма тұрысы ауырдың баяны,
Ұласты ма жаңбырға дауылдың аяғы.
Шырт түкірдің бе жерге шүкір деу ұмыт
Тұрғанына орнында ауылдың баяғы.
Долдануы дүр дүлей дауыл басылуымен,
Аспаны әнге басатын жауын-шашынымен,
Ауылға асығуыңмен алдыңнан жарылқау көр,
Егер бір жаның ашыса ауылға шынымен.
* * *
Жатып іштің шарапты, тұрып іштің,
Кеше ішпедім демедің, бүгін іштің,
Айлап шарап ішкеннің бір пайдасы –
Айға қарап қасқырдай ұлығышсың.
Қумен іштің шарапты доссымақпен,
Ерік-жігер жағынан боссың, әттең.
Жөнін айтса бар терің жиырылып,
Жөнелесің тыңдамай қос құлақпен.
Тартар сені қандай жын, заманақыр,
Қадір құның – көк тиын, қара бақыр,
Күннен күнге ұсқының албастының
Ұсқынына ұқсап бір бара жатыр.
Құлау болса мұратың құлай төмен,
Құлдилатқыш сендейді Күн, Ай төрең,
Бүгін жұрттан қол жайып нан сұрайсың,
Бұрын жұрттан жай-жапсар сұайтын ең.
Келерге жоқ сенде зор әлі шешім,
Зәр ішесің түбінде дәрі ішесің.
Суға кетер адамдай тал қармаудың
Түсінбесең болғаны бәрі кешін.