Жаға бойлай жайлаған қалам Ақтау,
Қалайтындай қошемет дара мақтау.
Өр теңіздің төсінде көкке атылып
Тұрғызуда толқындар ғаламат тау.
Жамылмай-ақ түнімен жылы көрпе,
Арудайсың ұйқыдан тұрып ерте.
Жалаңаяқ су кешкен жағадағы
Жарасатын өзіне қылығы ерке.
Сенде, сенде Ай да өлең, жұлдыз да өлең,
Айдынында теңіздің кім жүзбеген,
Жағалауға артқандай бар үмітін
Күн астынан Күнікей қызды іздеген.
* * *
Ақтау қалам, ақ шаңқан қалам керім,
Теңіз жақтан оянып таң-көркемің,
Қыдырады ол жайдары, шұғылалы,
Сергек, ширақ өзіндей жанеркемнің.
Теңіз жақтан ататын таң арайлы
Емін-еркін армансыз аралайды,
Аң-таң қалып есіне түсіргендей
Ертегіде айтылар қала жайлы.
Аралайды таң атты еркелік бұл
Сұлу тастар жанарын төңкеріп бір,
Ұлу тастар жарапты қажетіңе
Өңіріңді гүлдердей көмкеріп тұр.
Ататұғын арайлы теңіз тұстан
Таңда ақын жыр жазар сезім құшқан,
Бірақ мәңгі өлместей тудыруда
Туындылар бейбіт күн негізгі ұстаң.
* * *
Қатыратын тыныштық бере қоймай,
Батыратын түбіне терең ойдай,
Түнгі қала тартады мені өзіне,
Борыш, міндет артады және қандай?
Айсылқымның аймалап сепкен нұры,
Алсаң тыным аясы неткен жылы.
Қала түнгі –жағылған шамшырақтар,
Тұтып келем жадыма көптен мұны.
Әуендерге елтідім, ерік кетті,
Көңілімді желпіді көрікті етті.
Перідей бір арбаған періштесі
Түн қойынына сол бойы еніп кеттім.
Терең ойдай тартатын тұңғиыққа
Түнгі қала айылын бір жиып па?
Өтеліп бір біткенше өз міндеті,
Көтеріп таң жеткенше Күнді иыққа.
* * *
Ару қала, талайға арман қала,
Баурап менің жанымды алған қала.
Жаңа түскен келіннің басындағы
Орамалдай аппақ қар қалған жауа.
Сидаң тартқан ағаштар бақтарыңда
Үйретуде көздерін ақ қарыңа.
Қар жаууда гидрометорталықтың
Болжамы дәл тиістей ақталуға.
Жауған сайын азайып қара дақтар,
Айналаны тастады жаңалап қар,
Қайсы бірі көліктің сүйретілер,
Сүйретілер шана да бала мақтар.
Жаууда қартынбастанүсті-үстіне,
Енді ғана шынымен қыс түсті ме,
Тұрпаттасың тастүйін төтеп берер
Боран, аяз, үскірік үш күштіге.
Сәуірбек ОТАРОВ
Суретті түсірген Талант ҚҰСАЙЫН