«Tartyl Fest» фестивалінде Ақтау тұрғыны белтемірге 44 рет тартылып рекорд жаңартты. Бұған дейінгі рекордты шымкенттік азамат жасаған еді, деп хабарлайды mangystaumedia.kz.
Республикалық турнир Ақтау жағалауында орналасқан амфитеатрда ұйымдастырылды. 3 тамызда сағат 9.00-ден 11.00-ге дейін қатысушыларға тіркеу, өлшеу және нөмірлер берілді. Жарыс Ақтау уақытымен 3 тамыз күні 19.00-де басталды.
Турнир барысында 32 жастағы қатысушы Дамир Нәбиев 44 рет тартылып «Tartyl Fest» қатысушыларының рекордын жаңартты.
Бұған дейінгі рекорд 23 шілдеде Шымкентте өткен фестиваль барысында 41 рет көтерілген азамат Сапаровқа тиесілі болды.
Фестивальге қатысушы барлық 20 Қала үшін ереже бірдей – дұрыс және ең көп тартылу. Қатысушылар салмағы мен жасына байланысты тоғыз санатта жарысты. Байқау ресми төрешілер алқасының қатысуымен өтті.
Бұқаралық спортты дамыту үшін белтемірге тартылу фестивалін бастадық. Бұдан әрі байқауды 11 қалада жалғастырамыз. Фестивальге аз адам қатысатын шығар деп ойлағанбыз. Бірақ әр қалада қатысушы өте көп. Біздің басты мақсатымыз – қала аралап, ең үздіктерді тауып, Нұр-Сұлтанда болатын гранд-финалда іріктеу жасап, Әлем чемпионатына алып бару, - дейді ұйымдастырушылардың бірі Нұрлан Қоянбаев.
«Tartyl Fest» Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы «Дара "
таланттарды қолдау қоры» ҚҚ қолдауымен республика көлемінде өткізіліп жатыр.
«Tartyl Fest» республикалық спорт фестивалі Қонаев қаласында басталып, Талдықорған, Алматы, Тараз, Шымкент, Түркістан, Қызылорда, Атырау қалаларында өтіп, Ақтауда жалғасқан еді.
Спорт фестивалі еліміздегі ірі 20 қалада өтікізіліп, 6 қыркүйекте аяқталады. Әр қаладан 27 жеңімпаз анықталып, Нұр-Сұлтан қаласында өтетін гранд-финалға қатысады. Гранд-финалдың жүлде қоры – 54 млн теңге. Ал гранд-финал чемпиондары Street Workout бойынша әлем чемпионатына қатысуға мүмкіндік алады.