Бүгін ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына 90 жыл толып отыр. Осы ретте ақын шығармашылығының бір бөлігін назарларыңызға ұсынып отырмыз.
Нені аңсаймын?..
Туған өлке, туған жұрт, сені аңсаймын,
Heгe аңсаймын, білмеймін, неге аңсаймын
Ұл де, мейлің, адасқан құл де, мейлің,
Сені аңсаймын, туған ел, онан сайын!
Қуат берген дәмің мен тұзың маған,
Қаймағыңды аңсаймын бұзылмаған.
Гүлін сүйем, шалғынның бүрін сүйем,
Үнін сүйем масаңның ызыңдаған.
Сені аңсаймын, қайнаған ақ бастаулар,
Ақ бас таулар - самайын ақ басқандар.
Сені аңсаймын, қазіргі ақ бас шалдар,
Бұрынғы өреден құрт ап қашқандар,
Су кешіп, жалаң аяқ от басқандар!
*****
Отан
Отан!!
Отан!
Сен болмасаң, не етер ем?
Мәңгілікке бақытсыз боп өтер ем,
Өмірден бұл өксуменен кетер ем.
Құс ұясыз,
Жыртқыш інсіз болмайды.
Отансыз жан өмірінде оңбайды.
Өзін-өзі қорлайды да, сорлайды.
Тірі адамға - сол қайғы!
Күн көреді,
Әкесіз де, анасыз,
Өмір сүрер.
Әйелсіз де, баласыз,
Ал Отансыз -
Нағыз сорлы панасыз?
Білесің бе,
Отанның сен не екенін?
(Екі өмір жоқ, әрине, жоқ екі өлім.)
Екі Отан жоқ.
Жалғыз Отан - мекенің!
*****
Ақынға
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Халқының өзі қорғасын құяр қалыппыз.
Екінің бірі бармайтын жерге барып біз,
Жанбайтын жерде жаныппыз.
Біз деген, досым,
Тағдыры қызық халықпыз.
Білгендер білсін,
Білместер, мейлі білмесін.
Қолдасын мейлі,қорласын мейлі,күндесін.
Қара тастан да мейірім күткен ақынды.
Қатыгез жандар ашынтып алып жүрмесін
Антейміз біздер,
Жеріміз біздің - халық-ты.
Хальіқсыз біздің Антейлігіміз қауіпті.
...Жұртына тастап кетпесе болды көшкенде,
Берендері үшін қорғасын құйған қалыпты.
*****
He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан
He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан,
Су тартылған теңізден, жылғалардан,
Нелер ұрпақ аттанған қуған арман,
He бар дейсің, өмірге тұлға болған
He келіп, не кетпеген бұл ғаламнан.
Уақытты тоқтатар шамаң бар ма?
Бәрі өтеді: дәуірлер, замандар да.
Менің жаным ашиды мына өмірді,
Өтпейтіндей көретін адамдарға!
Өтеді ғой...
Өтеді барлығы да,
Күн арқылы кетеді таңды мына
Менің жаным ашиды барлығына;
Таң нұрына, адамның тағдырына
Менің жаным ашиды өткендерге,
Жаңа ғана өмірге жеткендерге
Ұран жазып аспанға қойсам ба екен,
Енді сендер өмірден өтпендер деп.
Бәрі өтуде
Күн батып, кеш кіруде,
Жаңаруда дүние, ескіруде
Болашақтан - бейтаныс, ұрпағымыз,
Босат деп тұр орнымды,
Естідің бе?!