Елбасымыздың туған ел тарихын, ұлттық мәдениетімізді жаңғыртуға арналған бағдарламасы аясында ұлт мәдениеті мен ел санасы үшін тарихқа көз жүгіртсек, ата-бабалардың рулық шежіресін жасауға ат салысқандардың бірі - Маңғыстау ауданының құрметті азаматы, тарихшы Жетібай Жылқышыұлы еді.
Әулие-әмбиелер аралаған, Жататын бұтасынан балалап ән. Маңғыстау – шежірелі дана қария, Аңыздан жаратылған баба-далам. Әр тасың тарихтың қабатындай, Қараған көз кідіріп қалатындай. Өткенің жазылуда парақтарға Ақ тілек ақ кептердің қанатындайБүгінде құрылғанына 90 жыл толғалы отырған кәрі шаңырақ Маңғыстау ауданының тарихы келер ұрпаққа ақ парақтарға жазылған шежіре болып қалары хақ. Өткені мен болашағы толғандыратын әрбір оқырман сол парақтарға жазылған том-том кітаптарды ақтарып, туған өлке туралы ой қалыптастырады. «Аспан астындағы мұражай» саналатын бұл өлкенің тылсым тарихына қызықпайтын адам кем де кем. Өйткені әрбір азаматтың бойында өз туған жеріне деген ыстық ықылас сезімі болады.
Сонымен қатар өлкеміздің өткені мен бүгінгісіне қалай жеткенін сөйлететін бірден бір дерек, ол – шежірелер. Шежіре - елтану мектебі. «Шежіре» деген сөздің төркіні арабтың «шыжре» - бұтақ, тармақ деген мағына білдіретін атау сөзінен шыққан. Жалпы шежіре бұл бір ұлттың шығу тегі мен аталық нәсілінің тармақтап, ұрпаққа, руға таралуын баяндайтын тарих ғылымының бір тармағы ретінде қарастырылады.
Шаң басқан шежірелерді ақтара отырып, маң далада қалған тау-тасты аралап, ескі қорымдар мен ескерткіштерді зерттей, көне көрген қарияларды жағалап, өткенін жақындатқан өлке зерттеушілерінің, шежірешілеріміздің орны ерекше екенін осы орайда баса айтып өткеніміз жөн. Ел тағдырын өз тағдырынан биік қойған, ұлтының тұтастығын, жерінің бүтіндігін ойлаған, салт-дәстүрінің сақталуын мұрат еткен халық батырлары мен ақын-жыраулары, қиын-қыстау кезеңде халқына қорған бола білген билеріміз, жұмбақ күйінде жеткен тау-тас пен ескерткіштерді сөйлеткен өлке зерттеушілеріміз бен шежірешілеріміздің тарихта алар орыны ерекше. Олардың кейбірі халық арасында танымал болса, кейбірі белгісіз елес күйінде ұрпақ алдында ұмыт болу қауіпінде екендігі айдан анық. Осындай тереңге кету қауіпі бар кереметтерді, яғни халықтық мұраларды жинақтап, жарыққа шығаруда өлкенің шежіреші, абыз ақсақалы, төл перзенті Жетібай Жылқышыұлының еңбегі зор.
Өзінің қолымен терілген «Өмірде қалған із бар «өнер» деген» қолжазбасында: «Өзім туралы айтар болсам... Мен әке көргенім жоқ. Анам Қарабастың қамқорлығы мен тікелей тәрбиесінде болдым», - деп жазған Ж.Жылқышыұлы 1940 жылы 13 маусымда Маңғыстау ауданының Таушық ауылында дүниеге келген. 1958 жылы сондағы Шахта орта мектебін бітірген. Жоғары білімі аяқталмаған, мамандығы — тарихшы.
«Мақтанғаным емес, өте алғыр болып алға шығып кетпегеніммен, алдыңғы бестіктің ішінде озаттар қатарынан түсіп көргенім жоқ. Әрі қарай оқи беруге қол қысқа болды» деп келтірген атамыз өз өмір дерегінде.
Жоғарғы оқу орнын әрі қарай жалғастыруға өзі айтқандай мүмкіндігі болмағандықтан ерте еңбекке араласады. Еңбек жолын 1958 жылы қатардағы есепшіліктен бастайды. 1958-1967 жылдар аралығында Таушық поселкелік кеңес атқару комитетінің хатшысы, Маңғыстау аудандық кеңес атқару комитетінің жалпы бөлім меңгерушісі, Маңғыстау аудандық азаматтық қорғаныс штабының бастығы, 1967-74 жылдары Маңғыстау аудандық мәдениет үйінің директоры, «Жастар» вокалды-аспаптар ансамблінің жетекшісі қызметтерін атқарды.
1965 жылдың аяқ кезінде Атырау облысына шығармашылық сапармен келген белгілі сазгер Шәмші Қалдаяқов пен ақын Төлеген Айбергеновпен кездесуі оның кейінгі өмірінің мәдениет пен өнерге арналуына ықпал етеді. Сол кезді Ж.Жылқышыұлы: «Сол кездесуде екеуінің алдында Гурьев қаласына шығарған «Ақ ерке — Ақжайық» әнін орындап беремін деп әншілік қабілетімді жария қылып алдым. Енді аудандық мәдениет бөлімі, комсомол комитеті мені қандай шарадан да қалдырмайтын болды. Ақыры әкімшіліктегі қызметті біржола доғарып, өзім ұнатқан өнерді құлықтаған мәдениет қызметкері болып шықтым».
Сол кезеңдерден бастап мәдениет мекемелерінде ұзақ жылдар еңбек етіп, аудандық халық театрының бірқатар қойылымдарына қатысып, лауреат атанады. Маңғыстау ауданында «Жастар» вокалды-аспаптар ансамблін құрып, өзі басшылық ете жүріп, әншілік өнерімен аудан, облыс жұртшылығына кеңінен танылып, мәдениет үйінің жанындағы ұлт-аспаптар оркестрінің, аудандық халық театрының белсенді мүшесі және ұйымдастырушыларының бірі болады. 1966-1978 жылдар арасында аудандық халық театрының көптеген қойылымдарына тікелей қатысып, қойылымдарының сазды көркемделу жағын басқарған.
«Кітапты «Өмірде қалған із бар «өнер» деген деп атадым. Себебі өмірімнің біраз мағыналы уақытын алған өнердегі күндерім туралы мақалалар мен 1991 жылдан бергі өзім жазған мақалаларым да біраз дүние болыпты. Оларды өздерің бір қадеге жаратар, жаратпассыңдар, бірақ артық зат болып, аяққа оралғы болмас деп ойладым. Әйтеуір «Әкеден қалған тәбәрік қой» дерсіңдер», - деп жазып қалдырыпты өз кітабында автор.
1973 жылдан бастап автор Б.Тәжібаевтың «Дойыр мен домбыра» повесі бойынша «Ән құдіреті» драмалық шығармасының қойылымы 1978 жылы республикалық байқауда лауреат атанады. Осы қойылымда Ж.Жылқышыұлы Қалнияз қарттың бейнесін сомдаған. Осы пьеса туралы автор былай деп қалдырған: «1973 жылдары жазушы Б.Тәжібаевтың «Дойыр мен домбыра» повесін оқығаннан алған әсермен 19-ғасырда өмір сүрген Батақұлы Сары деген салсері, ақын әрі сазгердің шығармаларын іздеп тауып, ақынның тағдыры туралы деректермен танысып, ақыры сол повестің ізімен «Ән құдіреті» деген инсценировка жазып шыққанмын».
Ж.Жылқышыұлы М.Әуезовтың «Түнгі сарында» Қыдыштың, Ш.Құсайыновтың «Біздің Ғаниында» Тұрсын Ходжаевтың, З.Ақышовтың «Келіндерінде» Қарпықтың, «Жаяу Мұсасында» Мұса Байжанұлының, Т.Ахтановтың «Жоғалған досында» Маңғастың, М.Төлебаевтың «Біржан Сара» операсынан үзіндіде әнші Естайдың, Қ.Аманжоловтың «Досымның үйленуінде» Дүйсеннің, Б.Тәжібаевтың «Ана жүрегінде» Арманның, Ә.Әбішевтың «Тамұқтағы таңында» Елзардың, Е.Уахитовтың «Алтын көрсе, періште жолдан таярында» және О.Бодықовтың «Қарақұм трагедиясында» автордың бейнелерін сомдап көрермендер ықыласына бөленген. Ол «Тамұқтағы таң», «Түнгі сарын», «Келіндер», «Ана жүрегі» қойылымдарымен облыстық, республикалық байқауларға қатысып, лауреат, дипломант атанған.
Өз жұмысымен қоса Ж.Жылқышыұлы қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысады. Аудандық комсомол комитетінің мүшесі, насихатшы, 1963 жылдан 1992 жылға дейін халық заседателі, аудандық халықтың бақылау комитетінің штаттан тыс инспекторы, мекемедегі кәсіподақ ұйымының төрағасы жұмыстарын атқарады. Республикалық халықтық бақылау комитетінің Алғыс хатын иеленіп, Еңбек ардагері атағын алды.
1991 жылдан бастап Жетібай Жылқышыұлы ХҮІІІ ғасырдан бергі Маңғыстау топырағында өмір сүрген ақын-жыраулардың, шешен-билердің жоғалып кетуге айналған мұраларын жинақтаумен түбегейлі айналыса бастайды. Өз сөзінде Ж.Жылқышыұлы: «Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізген 1991 жыл мені ұзақ ойға қалдырған еді. Елуден асқан шағыма дейін тек көптің бірі болып, еңбек еткеніме мәз болып жүре бергенімді сездім. Ата-бабалар қалыптастырған әдет-ғұрып, салт-дәстүр, тәлім-тәрбие, атадан жеткен шежіре, ел тарихы дегендерге мән бермеппін. Ұлы Абай айтқандай, «Қолымды мезгілінен кеш сермегенімді» білдім де, басқалардың бәрін ысырып қойып, ел тарихын, жер тарихын түсініп, білу үшін сол тарихи деректерді өз жырларына қосып айтып кеткен ақын-жырауларымыздың сөздерін жинақтай бастадым», - дейді.
Ж.Жылқышыұлы 1991 жылдан бастап аудандық «Жаңа өмір» газетінің штаттан тыс тұрақты тілшісі ретінде халықтық мұраларды жұртшылыққа кеңінен насихаттау мақсатында жүз деген танымдық мақалаларды жария етті. 1997 жылдан бастап атамыз «Адай шежіресін» жинақтаумен түбегейлі шұғылданады. 2002 жылдың сәуір айында тиянағына жеткен 12 томдық қолжазбада ұлыс атын иеленген Адай бабамыздың дүниеге келуінен бастап, бүгінгі ұрпақтарына дейінгі ел тарихын баяндайтын шежірелер мен тарихи деректерді ұштастыра жүйелеуге күш-жігерін жұмсады. Бұл ұрпақтар үшін тәлімдік мәні зор еңбек, әлі де болса толыға түсуде. Бүгінде өлке зерттеушісінің баспадан басылып, халық назарына ұсынылған том-томдық еңбегі бар.
1995 жылы Ақтау қаласынан Ж.Жылқышыұлының жинақтап, құрастыруымен «Жырдария» жинағы, 1996 жылы Алматы қаласындағы «Ер Дәулет» баспасынан халық ақыны С.Жанғабылұлының «Аманат» жыр жинағы басылып шықты. Екі жинаққа да алғы сөз жазған - белгілі ғалым, филология ғылымдарының кандидаты Қ.Сыдиықұлы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Ақтау: құт қазаны қайнаған қала1997 жылы Жетібай Жылқышыұлы ұрпағымызды имандылыққа баулуда «Имандылық иірімдері», Маңғыстау өңірінен Ұлы Отан соғысына қатысқандар туралы «Күркіреп күндей өтті ғой соғыс», Маңғыстау халық театрының тарихына арнап «Таланттар тәрбиелеген шаңырақ», 1998 жылы халық ақыны А.Тілеуұлы, Маңғыстау өңіріне қазақ халқын бастап келген халық батыры Шотан Назарұлы, 1870 жылғы патша отаршыларына қарсы Маңғыстау халқының ұлт-азаттық көтерілісін басқарып, патшаның қараңғы, қапас түрмесінде қорлық пен өлтірілген Д.Тәжіұлы туралы деректерді баяндайтын «Үш арысы халқымның», Маңғыстау ауданының құрылуының жетпіс жылдығына орай «Ата көрген оқ жонар», Маңғыстау ақын-жырауларының мұраларын топтастырған «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» жинағының екі томын, жыр сүлейі Қашаған Күржіманұлының мұраларын топтастырған «Өзімнің атым Қашаған», 2000 жылы үш ананың ұлына даңқы жайылған, атақты шешен-би Мәтжан Тілеумағанбетұлының сөз мұралары, 2001 жылы «Мұханбет Пайғамбардың хадистері», 2002 жылы қазақ халқының мақал-мәтелдерін жинақтаған «Сөз мұрасы - халық қазынасы», «Дәрілік шөптер» атты жазылған кітаптары қолжазба күйінде сақтаулы. Басым көпшілігін Маңғыстау аудандық өлкетану мұражайына тапсырды.
Маңғыстау аудандық мәслихатының 2007 жылғы 12 желтоқсанындағы сессиясы шешімімен Жетібай Жылқышыұлына «Маңғыстау ауданының Құрметті азаматы» атағы беріліп, бірнеше медаль, төсбелгі, Құрмет грамотасы, алғыс хаттармен марапатталған.
Жетібай Жылқышыұлы 2015 жылдың ақпан айында дүниеден өтті. Дүниеден өтсе де артына өшпес мол мұра қалдырған ақсақалдың еңбектері қолжазба күйінде аудандық мұражайдың кітап қорында сақтаулы қалды.
Жетібай ақсақалдың соңынан ерген жанашыр інілерінің бірі Жәнібек Қожық өз мақаласында атамыздың еленуге тиісті еңбектерінің мол екендігін баса көрсетіп, баспадан басылып, көпшілік назарына ұсынылса, көрінгеннің қолында кетпей, ақсақалдың көзі тірісінде қалың көпшіліктің пайдалануына берілсе деген ұсынысы айтылған еді. Алдағы уақытта қолжазба күйінде қалған автордың еңбектері жарыққа баспадан шығып, келер ұрпаққа өткеннен жеткен ұлы құндылық болып қалар деген үміттеміз.
Автордың бірінші баспадан шыққан томдық кітабы «Тіл таңбалы Адайдың ақындары» еңбегі (1000 бет). Бұл жинаққа Абыл, Нұрым, Ақтан, Қашаған, Аралбай, Өскінбай, Сәттіғұл, Сүгір бастаған 45 ақын аталарымыздың сөз мұралары енген. Жинақ Маңғыстау ақындарының энциклопедиясы десек, артық айтқандық емес. Кітапта көптеген белгілі және беймәлім авторлардың шығармалары мен өмір деректері, бұған дейін жария болмаған мұрағат құжаттары, үнжазбалар мен қолжазбалардың негізінде толықтырылып берілді. Сонымен бірге кейбір ақын-жыраулардың бұрыннан сақталып қалған жеке суреттері жаңартылып, кейбірінің бейнелерін беруде маңғыстаулық суретшілер Алтынбек Тілегенов пен Келімберді Сарбасовтың ел аузындағы баяндау тәсілімен салған нұсқалары пайдаланылды. Бұған дейінгі 1995 жылы жарық көрген «Жыр-Дария» кітабында 25 ақынның шығармалары қамтылса, бұл жолы 52 ақын жыраудың еңбегі енді. Шығармаларда кездесетін діни сөздердің мағыналары анықталып, көне түркі, кейбір араб, парсы тіліндегі мәтін cөздерге түсінік берілген. Кітап кез-келген оқырман үшін түсінікті, жатық тілде жазылған. Рухани мұраға қызыққан адам бұл жинақтан ата-бабаларымыздың сөзінің нәрін, азаттықты аңсаған арман-тілегін, діні мен ділін бойына сіңіре алады.
Ж.Жылқышыұлының екінші кітабы - 12 томдық «Адай шежіресі» жинағы. Бұл тарихи шежіре кітапты ақ сақал 1994 жылы бастап, 2004 жылы жазып, аяқтаған болатын. Бұл жинақта атамыз Адайдан бастап тараған аталарымыздың есімдерін жариялаған. Кітап тек адам аттары жазылған шұбалаңқы шежіре емес, бес ғасырдың тарихын баян еткен құнды қазына. Онда Адай атадан тараған бахадүр батырлар, қайыртпай кеткен ақындар, ел бастаған көсемдер, сөз бастаған шешендер, әнші-жыршылар, күйшілер, көріпкел-емшілер, әулиелер, ит жүгіртіп, құс салған аңшылар, тастан түйін түйген тамшылар, зергерлер, шымырау қазған құдықшылар, мешіт ұстаған молдалар, қара қылды қақ жарған билер, жауырыны жер иіскемеген балуандар, ат баптаған сейістер, шежіреші ақсақалдар, тарихтан ұмытылып, өшіп бара жатқан оқиғалар – бәрі кең көлемде қамтылған.
Зерттеушілердің пайымдауынша, Адай тайпасы қазақ руының ішіндегі ел болып қалыптасқан ең жас ру болып есептеледі. Тайпамызға есімі берілген Адай бабамыздың дүниеге келгеніне енді бес ғасырдан астам уақыт өтті. Солай бола тұра, өз ұрпақтарының қазақ руларының арасында ерлігі мен өрлігі, ынтымағы мен бірлігі айтулы болып танылуы, өздерін таныта білуі - біз үшін үлкен мақтаныш. Тарих үшін аз ғана уақыт ішінде өзіндік әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін, мәдениетін қалыптастырып үлгерген іргелі елге айналуы бізге, бізден тараған ұрпақтарымызға үлгі болуы тиіс. Біз өз ұрпақтарымыздың сол ата-бабаларымыздан мирас болып қалған әдеби, мәдени, рухани мұраларымызды болашақ ұрпаққа аманат етуіміз қажет. Осыншама мол қазынаны жинау, оны қағаз бетіне түсіріп, кітап етіп шығару ақсақалға оңай болған жоқ. Бұл еңбекті жазу жолында Жетібай атамыз Қазақстанның түкпір-түкпірін тегіс аралады. Сонымен қатар Тәжікстан, Өзбекстан, Түрікменстан, Қарақалпақ елін, Ресейдің көрші облыстарындағы ағайындарға барып, осы кітапты жинап шықты.
Дегенмен автордың көзі тірі кезінде ел белсендісі Мұхтар Тайжанның қолдауымен «Адай шежіресі» жинағы 9 том болып 2014 жылы басылып шықса, 2016 жылы ақсақал өмірден өткен соң «Тіл таңбалы адайдың ақындары» шығармасы жарық көрді.
Жетібай Жылқышыұлы - халқы қиналғанда қасынан табылған, аталы сөзімен қамыққан жұртын жұбатқан, ел тағдыры сынға түскенде ханға да датын айта алған, елінің шежіресін келер ұрпаққа аманат еткен ел ақсақалы. «Ол - Адай елінің 500 жылдық тарихын жинақтаған шежіреші ғалым» деген баға берсек те артық айтқандық болмас. Сондай-ақ Жетібай Жылқышыұлы «Батаменен ел көгерер» облыстық байқауында бас жүлде алған Маңғыстаудың батагөй ақсақалы.
Жетібайдың ұлы Марат ол кісінің батагөйлігі жөнінде: «Әкем қонаққа барар болса, түні бойы бата шығарып, сол батасын сағат үш-төртке дейін жаттап отыратын. Әкемнің берген батасына ешбір бата тең келмейді ғой, шіркін!» деп еске алып отырады.
Жетібай Жылқышыұлы қолжазбасында бірнеше тақырыпқа арнап баталар жазып кеткен екен. Атап айтар болсақ, «Нәресте сәбиге бата», «Тұсау кесер бата», «Жас ұланға бата», «Туған күн иесіне бата», «Оң сапарға ақ бата», «Жас жұбайларға бата», «Ұзатылған қызға бата», «Құда күткенде айтылар тілек», «Тілек бата», «Ақ тілеулі бата», «Дастархан батасы», «Наурыз бата», «Ғибрат бата», «Шаңыраққа бата», «Ораза айтқа бата», «Құрбан айтқа бата», «Отау шыққан жастарға бата», «Жастарға ғибрат бата» сияқты тілек, баталар.
«Ауылыңда ақсақалың болса, жазулы тұрған хатпен тең» демекші, Жетібай Жылқышыұлы - адай елінің маңдайына біткен баға жетпес байлығы. Өзінің артына өлмейтін шежіре қалдырған оның еңбектерін өскелең ұрпаққа таныстырып, мұра етіп жеткізу - барлығымыздың міндетіміз, әрі бізге қалған үлкен еңбек, алтын қор деп бағалай білуіміз қажет. Жетібай Жылқышыұлының еңбектері мен қолжазбаларынан құралған көрме Маңғыстау аудандық мұражайында сақтаулы тұр.
Г.ЖҮНБАСОВА, Маңғыстау аудандық мұражайдың директоры