Адам мен табиғат әрқашан да егіз. Табиғат – бүкіл тіршілік атаулының алтын бесігі, қайнар көзі. Ата-бабамыз «Жер – қазына, су – алтын, мал – байлық», «Бақ өсіргеннің бағы жанады», «Атаңнан мал қалғанша, тал қалсын» деп өсиет айтып кетуі тегін емес. Адам қоршаған ортасына мейірімділікпен, сүйіспеншілікпен, жанашырлықпен қарағанда ғана табиғат үйлесімділігі сақталады.
Қазіргі таңда Елбасымыз өңірлердің дамуына, өркендеуіне, ауылдықтардың тұрмысының жақсаруына басты назар аударуда. Оған дәлел жыл сайынғы Жолдауларында, сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалық мақалаларында: «Әрбір ауыл мен қала тазалықтың, көркеюдің, тәртіптіліктің үлгісіне айналуы керек. Қолда барды сақтап, көбейте беру үшін әрбір қазақстандық еңбекқор әрі қуатты қожайын болуы жөн», - деген болатын.
Осы тұрғыда ауданымызда көптеген игі бастамалар қолға алынып, мектептерде жалғасын табуда. Атап айтсақ, биылғы мерейлі құтты мекен Қарақия ауданының 45 жылдығына орай Құрық орта мектеп-гимназиясының ұстаздары, ата-аналары мен оқушылары мектеп ауласындағы «Ата-аналар аллеясына» 45 түп ағаш отырғызды.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Елеулі есім ескерілдіМектеп ауласын гүлдендіру арқылы оқушыларды еңбекке баулу, жас өспірімдердің экологиялық қарым-қатынастарын, жауапкершілігін, табиғатты тиімді пайдалануды, табиғи жағдайларды сақтауды түсіндіру. Оқушылардың эко мәдениетін, салауаттылығын қалыптастыра отырып, дамыту мақсатындағы шара ауданның 45 жылдық мерейтойына арналды.
Аталған шараға мектеп директоры Келдімұрат Түгелбайұлы қатысып: «Қазіргі таңда ауасын жұтып, суын ішіп отырған табиғат-ананы қорғап, аялау – барша жұрт үшін тіршілік тірегі, өмір қажеттілігі. Экологиялық тәрбиенің мақсат-міндеті де жас ұрпақты өзі мекен еткен табиғи ортаның әсемдігін сезінуге, тазалығын сақтауға, қоршаған ортаға мейірімділікпен, жанашырылықпен қамқор болуға, мектеп ауласын және сынып бөлмелерін көгалдандыру арқылы өсімдік әлеміне жауапкершілігін, қызығушылығын арттырып, айналамызды гүлдендіру, таза ұстау болып табылады», - деп акцияға қатысқан ұстаздарға, ата-аналар мен оқушыларға өз ризашылығын білдірді.
Ақжол АБИБУЛЛАЕВ