Балық аулау – түбектің ата кәсібі. Адай - адай болғалы, түбекке көшіп қонғалы теңіз бойын жағалап, бұл кәсіптің қыр-сырын меңгерген халық. Бүгінде ел экономикасы дамып, мұнайға ден қойғалы, басқа да өндіріс пен мал шаруашылығы дамығалы елдің әл-ауқаты да артып, бұл кәсіппен айналысатындар саны азайған. Дегенмен Қарақия ауданындағы «Толқын» өндірістік кооперативі бұл ата кәсіпті тастамай, жүйелі айналысқанына жиырма жылдан асыпты. Баяғы тоқсаныншы жылдары жүздеген балықшысы болған ұжымда қазір аудан халқын балықпен қамтамасыз етіп отырған жиырмадай балықшы ғана бар.
- Тоқсаныншы жылдарға қарағанда қазір елдің жағдайы әлдеқайда жақсы, жұмыс та бар. Сондықтан балықшы да азайды. Үкіметтен, ауданнан кәсіпкерлікті қолдауға арналған түрлі қолдаулар, субсидия, квота үздіксіз жасалып жатыр. Осының арқасында біз "Ерсай" ЖШС-інің Еуразиялық қорынан ұсынған грантын ұтып алған едік. Міне, бүгін "Алтын балық" деп аталатын дүкенімізді ашып жатырмыз. Бұрын аулаған балығымызды ел арасында дорбамызды арқалап сатып, халыққа жеткізуші едік. Енді арнайы дүкеніміз бар, жайлы, таза орында өнімімізді сақтап әрі сата алатын болдық. Біз балықты өзіміз аулап, күнбе-күн сататындықтан өнімнің сапасы да жақсы. Қазір дүкен кепаль, судак, сазан, майшабақ қатарлы адам ағзасына пайдалы, еті дәмді балықтардың түрін сатуда. Бағасы қолжетімді, келісі - 600 теңгеден. Осындай мүмкіндікке қол жеткізуімізге көмектескен «Ерсай» компаниясына алғысымыз шексіз, - дейді кооператив директоры Дүйсенбай Төлепбергенов.
Қарақия ауданының 45 жылдығы қарсаңында өз ісін бастаған балық дүкенінің ашылу салтанатына ауыл әкімі М.Аманжолұлы, аудан әкімдігінің кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімі басшысы Н.Жұбаназаров, ауыл шаруашылық бөлімі қызметкері Ж.Құтышев, «Атамекен» ұлттық палатасының Қарақия аудандық филиалы директоры А.Махмутов және «Ерсай» компаниясының өкілдері, мекеме басшылары мен аудан тұрғындары қатысты. Құттықтау сөз сөйленген соң ауыл әкімі болып жаңадан сайланған М.Төлегенов пен «Ерсай» ЖШС-і сапаны бақылау бөлімінің директоры Дана Қонысова рәсім лентасын қиды. Шашу шашылып, музыкалық сәлем жолданған соң көпшілік қауым дүкенді аралап, дастарханнан дәм татып, дүкендегі алғашқы балық саудасын жасады. Сондай-ақ дүкеннің ашылу салтанатына орай «Ерсай» компаниясынан бұрынғы жылдары кәсіпкерлік әлеуетті дамыту жобасы бойынша грант ұтып алған аудан кәсіпкерлерінің көрмесі ұйымдастырылыпты. Жиналған қауым көрмені аралап, өздеріне қажетті қолөнер бұйымдары мен кондитерлік өнімдер сатып алып, ризашылықтарын білдіріп, кәсіпкерлерге сәттілік тіледі. Иә, балықшылық баяғыдан келе жатқан ата кәсіп болғанымен, сол балықты қажет кезінде сапалы, таза, балғын күйінде үздіксіз сатып ала қоятын заманауи арнайы орынның болғаны дұрыс-ақ. Алдағы уақытта балық дүкенін одан әрі кеңейтіп, жартылай немесе толық өңделген балық өнімдерін сататын дүкен ашу да жоспарда бар көрінеді. Игі кәсіпті қолға алған Дүйсенбай мырзаға, «Істің басы ілгері болсын!» айтқан көпшілік қауым үйлеріне жаңа дүкеннен жас балық арқалап қайтты.
Шынар КЕНДІН