Маңғыстау облысының әкімі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен кезекті аппарат жиыны өтті. Жиынның күн тәртібінде өңірдегі қоғамдық тәртіп, әлеуметтік-экономикалық және ауыл шаруашылығы салаларында атқарылып жатқан жұмыстардың жай-жапсары мәлім болды.
Жиында облыс аумағындағы қоғамдық тәртіп, әкімшілік құқық бұзушылықтар мен қылмыстық іс-әрекеттер туралы Маңғыстау облысы ІІД жергілікті полиция қызметінің бастығы, полиция полковнигі Ұлықбек Мылтықов баяндама жасады. Оның айтуынша, биыл жергілікті полиция қызметі қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алуға, заңсыздықты болдырмауға және қоғамдық тәртіпті нығайтуға бағытталған бірқатар маңызды іс-шараларды орындаған.
«Жергілікті полиция «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыру мақсатында құрылып, күні бүгінге дейін қоғамдағы аса маңызды қажеттіліктер – халықтың қауіпсіздігі, тұрақтылық пен тұрақты дамуын қамтамасыз ету жолында жұмыс жүргізіп келеді. Ағымдағы жылдың 8 айында аталған шараларды атқару нәтижесінде облыс бойынша жалпы тіркелген қылмыстар саны өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда 10,8%-ға азайды. Оның ішінде онша ауыр емес қылмыстар 20,9%-ға, ауырлығы орташа қылмыстар 15,1%-ға, ауыр қылмыстар 23,1%-ға, аса ауыр қылмыстар 27,3%-ға, ұрлық-қарлық 24,2%-ға, пәтерде болған ұрлық 24,3%-ға, қарақшылық қылмыстары 31,8%-ға, бұзақылық қылмыстары 18,4%-ға төмендеді», – дейді Ұ.Мылтықов.
Сонымен қатар қабылданған жедел профилактикалық шаралардың нәтижесінде қоғамдық орындардағы қылмыстар саны 3,7%-ға, көшеде жасалған қылмыстар 8,3%-ға, топпен жасалған қылмыстар 8,3%-ға төмендеген. 2018 жылдың 8 айы ішінде қылмыстардың ізін суытпай ашу мақсатында ұйымдастырылған іс-шаралар бойынша өткен жылмен салыстырғанда жол-патрульдік полициясының күшімен қылмысты ашу 5,7%-ға, учаскелік инспекторлардың көмегімен ашу 17%-ға, ювеналдық полицияның атсалысуымен қылмыс ашу 16,9%-ға жақсарған.
Ал жастар арасындағы әртүрлі құқық бұзушылықтар мен қылмыстық әрекеттер көрсеткіші көңіл көншітпейді.
Мәселен, кәмелеттік жасқа толмағандардың арасындағы құқық бұзушылықтың жолын кесу және заңға сәйкес мінез-құлықтарын қалыптастыру мақсатында өткізілген іс-шаралар кезінде жасөспірімдер арасында 53 қылмыс болғаны анықталған.
«Жыл басынан бері ювеналды полиция қызметкерлерімен комиссия қарауына 250 материал жолданып, 17 ата-ана құқықтарынан айырылды. 17 жасөспірім арнайы оқу орындарына жолданды. Маңғыстау облысындағы кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығына 355 жасөспірім орналастырылды», – дейді полиция басшысы.
Осы ретте облыс басшысы Ералы Тоғжанов жастар арасында орын алатын жанжалдар мен қылмыстардың орын алу себептерін жан-жақты анықтап, нақты шаралар қабылдау керектігін айтып, ескерту жасады. «Қылмыстық әрекеттер негізінен әлеуметтік-экономикалық ахуалы төмен жерлерде жиірек болатыны белгілі. Алайда облыстың экономикалық жағдайы жылдан-жылға жақсарып келеді. Ал жастар арасында орын алған мұндай бұзақылық, қылмыстық іс-әрекеттердің себебі неде? Бұл мәселе жан- жақты зерттеліп, қаралуы қажет. Мәселені тек біржақты шешпей, әр қырынан қарастыру керек. Бұл жұмыстарды жіті қадағалауға алуды тапсырамын», – деді Ералы Лұқпанұлы.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Теңгедегі темір жол өткелі кезекшісіне қатысты сот үкімі шықтыЖергілікті полиция қызметінің басшысы Ұлықбек Мылтықовтың сөзінше, облыс көлемінде мас күйде жасаған қылмыстар саны 6,9%-ға немесе 24 дерекке өскен. Бұл бағытта жүргізілген талдауға сәйкес ҚР ҚК 346-бабы бойынша көлік құралын басқару құқығынан айырылған азаматтардың осы әрекет қайта жасауына байланысты 206 дерек анықталған. Сондай-ақ 36 құқық бұзушылық жергілікті полиция қызметкерлерінің көлік құралын тоқтату кезінде қызметке қарсылық көрсету бойынша тіркелген. Сонымен қатар мас күйде жасаған қылмыстардың алдын алу негізгі бағыттарының бірі – есірткі және спирттік ішімдікке құмар азаматтарды мәжбүрлі емдеу мекемесіне жолдау. Бұл бағыт бойынша бүгінгі күнге дейін 51 тұлға мәжбүрлі емдеу мекемесіне орналастырылған.
«Осы жылдың 8 айы ішінде табиғат қорғау заңнамасы бойынша облысымызда 47 дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Табиғатты қорғау заңнамасын бұзушылардан 4989 кг бекіре тұқымдас балығы, «Байда» қайығы, «Ямаха – 200» моторы мен тіркеуде жоқ 7 дана аңшылық қаруы, 19 оқ-дәрі тәркіленді. Облыс көлемінде әкімшілік құқық бұзушылықты анықтау бағытында да нақты шаралар атқарылды. Оның нәтижесінде 103 766 әкімшілік құқық бұзушылық анықталып, жалпы сомасы 430 646 тарту қажеттігіне тоқталып, осыған байланысты жұмыстарды қатаң бақылауға алуды жауапты өкілдерге жүктеді.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов заңсыз балық аулау фактісі бойынша тіркелген қылмыстарды егжей-тегжейлі қарап, кінәлі тұлғалар мен тараптарды заң аясында жауапқа тарту қажеттігіне тоқталып, осыған байланысты жұмыстарды қатаң бақылауға алуды жауапты өкілдерге жүктеді.
Аппарат жиынында «2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағдарламасы бойынша Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық ахуалы баяндалды. Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы басшысы Марина Альбекова бұл бағдарлама аясында өңірде өнімді жұмыстар жасалғанын жеткізді.
Бағдарлама аясында Маңғыстау облысында 3 мақсатты индикаторға, 12 нәтижелі көрсеткіш пен 30 шараны орындауға қол жеткізу жоспарланған. Осы жоспарларды жүзеге асыру үшін 2015–2017 жылдар аралығында 67,2 млрд. теңге бөлініп, оның 98,1 пайызы игерілген. Бірінші индикатор – халық санына шаққанда негізгі капиталдағы инвестиция көлемі есептік кезеңде орындалған. Екінші индикатор – 2017 жылы жаңғыртылған және жүргізілген желілер: жылумен қамту 2,7% (жоспар 0,4%), электр желілерімен қамту 6,4% (жоспар 4,7%) және газбен қамту 5,3% (жоспар 0,3%).
Үшінші индикатор – орталықтандырылған сумен қамту және су тарту желілері. Бұл бағытта 2017 жылы сумен жабдықтау жүйесі қалалар көлемінде 99,8%, ауылдық аймақтарда 64%-ға орындалған (Тұщыбек, Ақшұқыр, Жармыш, Жыңғылды, Батыр, Атамекен ауылдары сумен қамтылған).
«2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағдарламасы аясында 2015–2017 жылдар аралығында инженерлік инфрақұрылымдар мен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының сумен қамтамасыз ету және су тарту бағытында 24 жоба іске асырылған. Бұдан бөлек, «Нұрлы жол» бағдарламасы бойынша 2015-2016 жылдары құны 5,5 млрд. теңгені құрайтын жылу, газ-электр, сумен жабдықтау және су тарту жүйелері құрылысы және жөндеу жұмыстары бойынша 4 жоба іске қосылыпты. 2017 жылы Форт-Шевченко шағын қаласы мен Баутино ауылында су құбырын тарту және кәріз жүйелерін жүргізуге 1,4 млрд. теңге, күрделі жөндеу жұмыстары қажет ететін нысандарға 2015 жылы 204,5 млн. теңге бөлінген. Одан кейінгі жылдар мен 2018 жылы күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізу бойынша шаралар нысан иесінен қайтарымды қаражат есебі негізінде жалғасуда.
Облыс әкімі Ералы Тоғжанов «2020 жылға дейін аймақтарды дамыту» бағдарламасының маңыздылығы өңірлердің бәсекеге қабілеттілігі қалаларды басқару және халықтың өмір сүру сапасын арттыру арқылы көтерілетініне тоқталып, бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі жүргізілуін қатаң ескертті.
Маңғыстау облысының агроөнеркәсіп кешендерін цифрландыру саласында да жоспарлы жұмыстар қолға алынған. Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Серік Қалдығұл бұл саладағы жұмыстар екі бағытта қарастырылғанын мәлімдеді. «Агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру бірінші G2B, яғни мемлекет пен бизнестің арасындағы мемлекеттік қызметтерді автоматтандыру, екінші B2B, яғни IT-бизнестің және АӨК субъектілерінің өзара әрекеттесу жүйесін құру бойынша жүргізіледі. G2B бағыты бойынша бірінші егін шаруашылығы саласын цифрландыру негізі егіс алқабының «Электрондық картасын» қалыптастыру. Бұл – «нақты егіншілік» бағдарламасының бастапқы кезеңі. Қазіргі таңда егіс алқабының «Электрондық картасына» облыс бойынша 126 шаруа қожалықтың 1234,27 га (жоспар 1029 га немесе 120%) егіс алқаптары енгізілді. Осының нәтижесінде «Минералдық тыңайтқыштардың құнын субсидиялау» автоматтандырылған мемлекеттік қызметі Ауыл шаруашылығы министрлігінің Qoldau.kz веб.сайты арқылы көрсетіліп, мемлекеттік қызметке веб.сайт арқылы 67 өтінім түсіп 7,2 млн. теңге қаржы игерілді. Мал шаруашылығы бағытында 4 206 800 га жайылымды жерді 2018 жылдың соңына дейін цифрландыруға тиістіміз. Бүгінгі күні 10 581,33 га жайылымды жерлер цифрландырылды, осы бағыттағы жұмыстар әрі қарай жалғасуда», – деді басқарма басшысы.
Бүгінгі күнге дейін G2B бағыты бойынша ауыл шаруашылығындағы қызметкерлер мен тауар өндірушілер цифрлық сауаттылықты арттыруға 400 адам дайындықтан өткен, оның ішінде 160 егін және 240 мал шаруашылығы мамандары бар.
Ал В2B бағыты бойынша цифрлы фермаларды құру өзекті мәселеге айналған. Оның себебін басқарма басшысы Серік Сырымұлы былайша түсіндірді. «Бұл жағдайдағы деңгейлер малды тек қолда ұстап бағу барысында қолданылады. Аталған деңгейлердің критериялары біздің облысқа сай келмейді, себебі малды бағу, өсіру облысымызда жыл бойына жайылымда ұстап бағуға негізделген. Осы мәселе бойынша Ауыл шаруашылығы министрлігіне аталған критерияларды Маңғыстау облысына сәйкес келмейтіндерін алып тастау үшін ұсыныстар жолданды. Ұсыныс министрліктен қолдау тапқан уақытта аталған деңгейге жетуге мүмкіндігіміз бар», – дейді С.Қалдығұл.
Аппарат жиынының қорытындысында облыс әкімі Ералы Тоғжанов басқарма басшыларының баяндамаларына тиісті сын-ескертпелер жасады. Кемшіліктер мен олқылықтардың орнын толтырып, жұмысқа жауапкершілікпен қарауға шақырып, нақты тапсырмалар жүктеді.
Жайық НАҒЫМАШ