Түпқараған ауданының Баутин ауылындағы Жалау Мыңбаев атындағы мектеп-гимназияда ауылдық мектеп оқушыларына ағылшын тілін тегін оқытатын «Нұр Отан» партиясының «English for zhastar» жобасы жүзеге асырылмақ.
Жоба пилоттық режимде еліміздің 14 аймағының 64 мектебінде қолға алынады деп күтілуде. Соның бірі ретінде Маңғыстау облысы бойынша Бейнеу және Түпқараған аудандарындағы ауыл мектептері ғана таңдалған екен. «English for zhastar» жобасы аясында таңдалған ауыл мектебіне ағылшын ұстаз арнайы келеді деп күтіліп отыр. Мектептен 60 оқушы бұл жобаның мүмкіндігін көре алады. Қатысушылар тегін, ақы төлеместен ағылшын тілін меңгерген ерікті шетелдік арқылы және Маңғыстау гуманитарлық колледжінің соңғы курс студенті әрі аталмыш мектеп түлегі Гүлдәрия Әділханның көмегімен тегін факультативтік курстарды жүргізетін болады. Осы жобаны таныстыру және ауыл мектебі ішінен арнайы сыныпты ашу салтанатты рәсіміне «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов, аудандық «Дарын» қосымша білім беру орталығының директоры Гүлшат Қанжан, «Азаматтық бастама» және «Қазақ тілі» қоғамының төрайымы Гүлсім Рамашева және мектеп ұжымы қатысты.
- Аталған жоба – мемлекет басшысының тапсырмасы аясында іске асып отыр, үштілділікті енгізу бағдарламасы аясында жастарға беріліп отырған зор мүмкіндік. «English for zhastar» жобасы оқушылардың ағылшын тілі деңгейін арттыруға және қарым-қатынас орнатуға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, жақын арада келеді деп күтіліп отырған шет елден келетін тілді қолданушымен тілді тікелей жетік үйренулеріне септігін тигізеді, - деді сөз алған «Нұр Отан» партиясы Түпқараған аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Демеген Садықов.
ТАҒЫ ОҚЫҢЫЗ: Сахи Хибасов: “Ыстыққа күйіп, суыққа тоңып жұмыс істедік”Жоба таныстырылымы мен мектеп ішіндегі сынып ашылу салтанатында шетелдік азаматтың денсаулығына қатысты ауданның емханасынан дәрігер маман арнайы бекітіліп, оның жатын жері белгіленіп, жағдайы жасалып жатқандығы жөнінен ақпарат таныстырылып, оқушылардың тілдік білімін алдымен анықтап алу жұмыстары жүріп барып, әр оқушының деңгейі бойынша тіл маманы жұмыс жасайтын бағдарламаны мектептің ағылшын тілі маманы Әсел Алмаханова таныстырды.
– Бұл жобаның негізгі мақсаты – Қазақстан аймақтарында ағылшын тілін меңгеруді қолжетімді ету. Біле білсеңіз, бүгінде келетін шетелдікті үйіне сұраушылар да көп. Себебі қазір көбісі ағылшын тілінің қажеттігін жақсы біледі, - деді салтанатты шара барысында сөз алған мектеп директоры Батырхан Тәжіғұлова.
Милана ЕЛЕУСІНОВА